Қыста қайда демалуға болады?
Кейде бет қаратпас боранымен, үскірік аязымен «сынайтын» «кәрі құда» — қыстың да жапалақтап жауған қарына балаша мәз болып, далада серуендеп жүретіндей күндері болады. Ақтөбенің биылғы қысы жылы болып тұр. Демек, демалыс күндері күнделікті күйбең тірліктен босап, табиғат аясында демалуға мүмкіндік бар. Мұндай кездері кейбірі қысқы спортқа ден қойып, коньки, шаңғы тепсе, бірі қала сыртындағы демалыс орталықтарына барып, демалады. Қала әкімдігінің мәліметінше, Ақтөбенің екі ауданында коньки, шаңғы тебуге арналған 30-ға жуық алаң бар. Олардың дені қала сыртындағы танымал демалыс орталықтарының аумағында, мектептерде және орталық алаңдарда орналасқан. Осы орайда облыс аумағындағы және қала сыртындағы демалыс орталықтары туралы ақпаратпен бөліссек.
Қысқы демалыс базалары
Бүгінде қала сыртында «Green Land», «Тау», «Солнечный», «Энергетик», «Campit» және тағы да басқа демалыс орталықтары бар. Солардың ішіндегі қонағы көп орын — Ясный тұрғын үй алабы маңында орналасқан «BarBQ» демалыс орталығы. «BarBQ» орталығының басшысы Аслан Жадраның айтуынша, қыс басталғалы бұл жерге келіп демалушылар легі үзілмепті. Демалыс орны 2000-нан астам адамға шақталған.
— Бұл жерде демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тынығатын орындар, тамақ даярлауға арналған мангалдар да қарастырылған. Мұз айдынындағы конькилерді жалға алу құны — үш сағатқа 1000 теңге. Таудан сырғанауға арналған тюбингтер екі сағатқа 1500 теңгеге жалға беріледі. Үйшіктерді жалдау құны — 25 мың теңге және кепілақы төленеді. Сондай-ақ мұнда багги, банан, квадроциклмен сырғанауға сұраныс жоғары. Бағалары да қолжетімді. Баггимен үш айналым жасау — 2000 теңге, квадроциклмен үш айналым жасау — 1500 теңге, бананмен сырғанау — адам басына 500 теңге.
«BarBQ» демалыс аймағында азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін барлық жағдай жасалған: құтқаруға арналған құралдары, алғашқы медициналық көмек көрсете алатын 10-нан астам білікті құтқарушы жұмыс істейді. Бүгінде демалыс орталығында «A-Frame» шағын үйлері салынып жатыр. Демалушылар, негізінен, сенбі, жексенбі күндері көп болады. Демалыс орталығына кіру, мангалдарды пайдалану тегін. Мұнда күндізгі 10.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін демалыс уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік көп, — дейді демалыс орталығының басшысы.
«Ақтөбенің» анықтамасы:
Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде облыста 10015 адам бұқаралық спорт түрлерімен (биатлон – 27, мәнерлеп сырғанау – 720, шайбалы хоккей – 1220, шаңғы жарысы – 7257, конькимен жүгіру – 372, шорт-трек — 419) шұғылданады. Ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларымыз да баршылық. Биыл Қытайдың Харбин қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына ақтөбелік екі спортшы барады. Ең алдымен, шаңғышы Бексұлтан Ернұр Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік Универсиада да бақ сынауда. Ол биыл Қазақстан аумағында өтетін іріктеу жарыстарына қатыса алмайды. Дегенмен Универсиадада көрсеткен нәтижесіне сәйкес (алғашқы ондыққа кіру) Азия ойындарына қатысу мүмкіндігі бар. Биатлоншы Владимир Конивец наурыз айында Австрия мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатына жолдама иеленді. Алдағы уақытта болатын іріктеу жарыстарында көрсеткен нәтижесіне сәйкес Азия ойындарына қатысу мүмкіндігі бар. Спортшылардың дайындығына, оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға шығуы тағы басқа қажеттіліктеріне қаражат бөлінген.
Қала сыртындағы жайлы демалыс орталықтарының бірі — «Campit» демалыс базасы. Мұнда демалушыларға арналған үйшіктер, монша мен кафе бар.
— Тәулік бойы күзетілетін аймақта таза ауада тынығуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Демалушылар таудан сырғанап, мұз айдынында коньки тебе алады. Сондай-ақ атпен серуендеп, қармен жүретін көліктерге мініп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Үйшіктерді жалдау 15 мың теңгеден басталады. Коньки мен шаңғы сағатына 1500 теңгеге жалға беріледі. Тюбингпен сырғанау бір сағатқа ересектерге — 2500, балаларға — 1500 теңге. Мұнда жұмыс күндері 6000 теңгелік жиынтық (комбо) қарастырылған. Оның ішіне екі сағаттық тюбингпен сырғанау, бір сағат коньки, шаңғы тебу мен кешенді түскі ас кіреді. Спортшылар үшін волейбол алаңы да ашылды. Әр маусымның ерекшелігін пайдаланып, демалыс базасында бос уақытыңды өткізу бойыңды сергітеді, —дейді «Campit» демалыс орталығының басшысы Айболат Ғалымұлы.
Қала аумағында Орталық стадион, Орталық саябақ, Триатлон, Keruen city және басқа да алаңдарда алаңсыз сырғанап, демалып жүрген қала тұрғындарын көрдік. Ақтөбелік Нұртас Қосбатыров өңірдегі мұз айдындарында 5 жылдан бері жұмыс істейді екен.
— Қаламыздағы орта арнаулы оқу орнының бірінде оқып жатырмын. Коньки тепкенді жақсы көретіндіктен, бос уақытымды мұз айдындарында өткізетінмін. Сөйтіп жүріп, кәсіп көзін де таптым. Бүгінде Орталық стадион маңында ашылған мұз айдынында кассир болып қызмет етемін. Мұз айдыны орталықта орналасқандықтан, келушілер саны көп. Демалушыларға демалыссыз қызмет көрсетеміз. Орталықтағы конькилерді жалға алу сағатына 1500 теңге. Мұнда 300-400-ге жуық коньки бар. Коньки тебе алмайтын балаларға арнайы нұсқаушы қарастырылған. Жалға беру орнында конькиді таңдамас бұрын маңызды аспектілерге назар аудару керек. Таңдаған конькиіңіз тым кішкентай немесе тым үлкен болмауы керек. Дұрыс таңдалған коньки жарақат алудың алдын алады. Мұнда 26-45 дейінгі өлшемдегі конькилер бар. Тұрғындарға айтарым, коньки тебуге келгенде жылы киініп, сақтық шараларын сақтасаңыздар. Ал жабық алаңда сырғанасаңыздар, күрте киюдің қажеті жоқ, жүннен жасалған свитер жеткілікті, — дейді Нұртас Қосбатыров.
Тұрғындар не дейді?
Кәусар САҒЫНДЫҚОВА, қала тұрғыны:
— Жақында Есет батыр тұрғын алабындағы 2-ші шағын ауданында коньки тебетін алаң ашылды. Сырғанақ мектепке жақын болғандықтан, сабақтан шыға сала коньки тебуге келемін. Биыл Ақтөбеде қар мол жаумағанымен, қыстың ызғары бар. Қар атысып ойнамасақ та коньки теуіп, жүгіріп ойнау денсаулыққа пайдалы. Анам бос уақытымды тиімді пайдалануымды қадағалап, түрлі үйірмелерге апарады. Енді жаңадан ашылатын спорт кешеніндегі волейбол үйірмесіне қатысуды жоспарлап отырмын.
Динара ТЕКТІҒҰЛОВА, қала тұрғыны:
— Жыл сайын Жаңа жыл алдында демалыс базасында демалуды үрдіске айналдырдық. Биыл да сол үрдістен айнымай, Ақтөбе волейбол клубы Ұлттық лигасының 21 жасқа дейінгі қосалқы қыздар командасымен бірге қала сыртындағы «Campit» демалыс базасына демалуға келдік. Волейбол командасының жаттықтырушысы Нұрнияз Жауынбаев үнемі ата-аналардың басын қосып, тимбилдинг ұйымдастырып тұрады. Осы демалыс базасына жыл сайын келеміз. Себебі мұнда бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға бар жағдай жасалған. Волейбол ойнайтын алаң да жасақталған. Мұндағы коньки мен шаңғыларды, тюбингтерді жалға алу құны қолжетімді. Таудан сырғанау жас спортшыларға пайдалы. Сондықтан таза ауада көбірек демалған дұрыс. Қызым Медина Адайбай — осы команданың белді мүшесі. Ол коньки тепкенді жақсы көреді. Командасымен өткен әр демалысының қызықты өтуіне мен де қолдау көрсетіп, спорттағы жетістіктеріне қуанып отырамын. Қаланың қарбаласынан уақыт тауып, бір сәт отбасыңмен осындай жерлерге баруға ерекше көңіл бөлу керек.
Наргиз КАНИБЕТОВА, қала тұрғыны:
— Қаламыздағы бірқатар демалыс орталығында болып жүрмін. Бірақ маған Орталық стадиондағы коньки алаңы ұнайды. Жақында құрбыммен коньки теуіп, сергіп қайттық. Қаламызда демалушыларға арналған демалыс базасы көп. Бос уақытымда шаңғы теуіп, достарыммен бас қосып тұрамын.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.