Денсаулық

Ауыл медицинасы өркендейді

Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 21 нысанның құрылысы басталған болатын. Былтыр оның 10-ы пайдалануға берілсе, биыл 11 ғимараттың құрылысы аяқталады. Бұл мақсатқа 4,2 миллиард теңге бөлінген. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды және алдағы жоспарлар туралы айтып берді
Қазіргі таңда облыс халқының саны 900 мыңнан асты. Оның 230 мыңнан астамы ауылдық жерде тұрады. Өңір тұрғындарына 479 денсаулық ұйымы медициналық көмек көрсетсе, оның 333-і мемлекеттік, 134-і — жекеменшікті, 12-сі — ведомстволық. Облыста 40 аурухана, 439 амбулаториялық емхана халыққа қызмет көрсетеді.
— Былтыр құрылысы басталған 21 нысанның 10-ы пайдалануға берілді. Оның ішінде Шалқар ауданында Қаратоғай, Алға ауданында Тоқмансай ауылы бар. Байғанин ауданының Ноғайты, Ырғыз ауданының Жарма,Нұра, Мұғалжар ауданының — Қайыңды, Жарық және Шалқар ауданының Шоқысу, Тоғыз, Сарысай ауылдарында медициналық бекеттердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын іске асыру мақсатында, үш ауданаралық орталық аурухананың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Бұл емдеу мекемелері Қандыағаш, Хромтау, Шалқар қаласында орналасатын болады. Медициналық мекемелер облыс тұрғындары үшін жоғары медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, — деді басқарма өкілі.
Былтыр Шалқар аудандық ауруханасының екі корпусы жаңартылып, балалар оңалту орталығы ашылған. Жалпы былтыр 1,2 миллиард теңге көлеміндегі қаражатқа 14 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіліпті.
Сондай-ақ Темір, Қарғалы, Әйтеке би ауруханаларына қазандық жабдықтарын сатып алу үшін 56,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал Мәртөк аудандық ауруханасына мәйіттерге арналған тоңазытқыш жабдықтарын сатып алуға 16,9 миллион теңге бөлініпті. Былтыр аудандарға барған 40 маманға материалдық, әлеуметтік көмек көрсетілген.
Мұратжан Қажығалиев ауыл медицинасын дамытуға қатысты жобалар биыл да жалғасын табатынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button