Өтініш беру тәсілдері жеңілдетілді
Міндетті әлеуметтік сақтандыру
Жұмыс жасайтын халықтың мүдделерін қорғау мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандырумен, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайларда еңбекке қабілеттілігінен; асыраушысынан; жұмысынан айырылу; жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу; бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты кірісінен айырылуы жағдайында әлеуметтік төлемдер көзделген.
Цифрлық технологиялардың дамуымен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге өтініш беру жолдары жеңілдетілді. Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін дәстүрлі түрде халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы да немесе үйден шықпай-ақ электронды түрде де өтініш беруге болады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету маңызды. Отбасының цифрлық картасы арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде тиісті мәліметтер болған кезде жүйеге қатысушыға төлем алу құқығын іске асыру туралы 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы смс-хабарлама жіберіледі. Смс-хабарламаға келісім алған жағдайда төлем проактивті түрде тағайындалады.
Әлеуметтік төлемдердің әдістері төмендегідей:
— Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша: жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін (ЖЕА) бастапқы белгілеу кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі арқылы, ал ЖЕА мәліметтері болған кезде электронды үкімет порталы арқылы egov.kz немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
— асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша: электронды үкімет порталы арқылы egov.kz немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
— жұмысынан айырылу жағдайы бойынша: жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде – enbek.kz электронды еңбек биржасының, egov.kz электронды үкімет порталдары арқылы немесе Мансап орталығы, ал жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы мәліметтері болған жағдайда — egov.kz электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
— жүктілікке және босануға байланысты: egov.kz электронды үкімет порталы немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;
— бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша: egov.kz электронды үкімет порталы арқылы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы алуға болады.
Егер өтініш беруші электронды түрде өтініш берген болса, онда әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 4 жұмыс күні, ал ХҚКО арқылы жүгінген жағдайда 8 жұмыс күні аралығында жүзеге асырылады.
Төлемдерді тағайындау кезінде Қордың филиалдары құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын тексеретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты әлеуетті алушылардың мүдделерін қорғау мақсатында, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленбеген, сондай-ақ төленген әлеуметтік аударымдар сомаларының міндетті зейнетақы жарналары аударылған қызметкердің кірісіне сәйкес келмеген жағдайда Қор электронды іс макетін жете рәсімдеуге жібереді.
Осындай жағдайларда төлемдерді тағайындау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін ұзартылып, мемлекеттік кірістер органдарынан қосымша мәліметтер және (немесе) жұмыс орнынан түскен кірістер туралы анықтама және т.б. құжаттар талап етіледі.
Нұрлан КҮЗЕУОВ,
Ақтөбе облысы бойынша
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры»
АҚ филиалының директоры.