Ақтауға медициналық жүк жіберілді
Ұшақ апаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзірбайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. «Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзірбайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзірбайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді», — делінген жеделхатта.
Еске сала кетсек, 25 желтоқсанда Баку-Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды. Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзірбайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Оның алтауы — Қазақстан азаматы. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, апаттан 29 адам аман қалды. Оның екеуі — бала. Олар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылды.
Оқиға салдарын жоюға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінен, Ұлттық ұланнан, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінен, Апаттар медицинасы орталығынан, жедел медициналық көмек бригадасынан және жергілікті атқарушы органдардан 492 адам, 102 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 10 кинологиялық есептоп, оның ішінде Астана қаласынан барған санитарлық борт жұмылдырылды.
Ұшақ апатынан зардап шеккендерге Ақтауға көмек ретінде Ақтөбеден медициналық жүк жіберілді. Альбумин, адреналин және ауырсынуды басатын дәрілер апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағынан зардап шеккендерді емдеу үшін қолданылады.
Көрші аймақтағы әріптестердің сұрауы бойынша Ақтөбеден 3 медициналық дәрі-дәрмектен 150 флакон автокөлікпен жіберілді. Бұл дәрілер Ақтаудың медициналық мекемелеріне жеткізіледі. Медициналық препараттарды тасымалдау және сақтау ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Дәрілік заттардың термолабильділігіне байланысты авиатасымалдау арқылы жеткізу мүмкін емес.
Өз тілшіміз.