«Бірлікті ел бұзылмас»
Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА,
М.Оспанов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:
— «Елдігімізді танытқан ерен жыл» атты мақалада атап көрсетілгендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 95 заңға қол қойды. Оның ішінде Әйелдердің құқықтары мен бала¬лардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойылуы — қоғамда ізгілікті орнықтыру, отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы қылмыстың көбеюі — халықты көптен толғандырып жүрген мәселе. Енді тұрмыстық зор¬лық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалардың енгізілуі бірте-бірте өз нәтижесін береді деп сенеміз. Сонымен қатар қыркүйекте ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері бойынша түзетулер күшіне енді. Бұл заңға халықтың ойынға тәуелділігін азайтуға бағытталған нормалар енгізілген. Құмар ойындарға және бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейтілді.
Елімізде бірте-бірте заң, тәртіп үстемдігін орнықтыруға бағытталған жұмыстардың қарқын алып келе жатқанына қуанамыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» — деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, біз әр азаматтың заңға бағынуы арқылы ғана әділетті қоғам орната аламыз.
Биылғы жылдың қиындықтарының бірі — көктемгі су тасқыны болды. Су тасқыны көптеген отбасыларға, сонымен қатар мемлекеттің мүлкіне де зардабын тигізді. Еліміздің 10 өңірінде жергі¬лікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Оның ішінде біздің облыс та болды. Мемлекет басшысы ең көп зардап шеккен үш облысқа барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады, бүкіл еліміз бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Расында, осы сын сағатта халқымыз өзінің ауызбіршілігін тағы бір паш етті. Мемлекет те міндеттемесін толық орында¬ды. Бизнес өкілдері мен қарапайым адамдар да зардап шеккендерге тез арада көмек қолын созды.
Үйсіз қалған отбасыларды баспанамен қамту үшін, қысқа мерзім ішінде 2 680 жеке тұрғын үй салынып, 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9,1 мыңнан астам үйге жөндеу жұ¬мыстары жүргізілді. Одан бөлек те әлеуметтік көмектер көрсетілді. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъек¬тілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Осылайша ауызбіршілік, ынтымақ бар жерде, ырыс, береке болатынына тағы бір көз жеткіздік. Біз үшін қашанда басты құндылық — халқымыздың бірлігі. «Бірлікті ел бұзылмас» деген бабалар сөзі әрдайым басты ұстаным болып қала бермек.