Баянды бастамалар жалғасын табады
Тұрақбай СҰЛТАНҒАЛИЕВ,
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы.
ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің «Елдігімізді танытқан ерен жыл» атты мақаласын мұқият оқып шықтым. Өйткені, егемен еліміздің даму бағыты, осы жолда атқарылып жатқан ұланғайыр істер бізді бей-жай қалдыра алмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарған қызметі Қазақстан атты мәртебелі мемлекетіміздің әлемдік ауқымда өз орнын айқындап, беделін биіктетіп, жоғары өрлеп келе жатқанын көрсетеді.
Аталған мақалада Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға айрықша мән беретінін айтылады.
Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, елімізде 26,7 миллион тонна астық жиналыпты. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш екен. Бұл — мемлекеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі.
Президентіміз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуды маңызды міндет ретінде белгілегені мәлім. Осы бағытта да бірқатар жоба іске асырылды. Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Диқандар отандық тұқыммен қамтамасыз етілуге тиіс.
2024 жылы алғаш рет Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өткізілді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттері нақтыланды. Белгіленген көптеген іс-шаралармен қатар, қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғаны айтылып, енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам ретінде Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құру жөнінде тапсырма берілді.
Соның бір нәтижесі — Ақтөбеде жылқы тұқымын асылдандыру, мал басын көбейту бағытын ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға жылқы институын құру ісі қолға алынды. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, біздің өңірде жылқы шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері мол.