Тексеріс және тәртіптік жаза
Аудит
Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен облыстық прокуратура заңнамаға сәйкес Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жоспардан тыс аудиторлық тексеріс жүргізді.
Тексеріс қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Нақты айтсақ, Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен жеке тұлға Ақсезім Әбдікәрім арасында 2023 жылдың 7 қарашасындағы №47 (101240017004/230057/00) өткізілген сатып алудың қорытындысына сәйкес Қандыағаш қаласында халықтың әлеуметтік осал тобындағы отбасылар үшін тұрғын үй (пәтер) сатып алу бойынша келісімшарт жасалған. Келісімшарттың жалпы сомасы — 672 000,0 мың теңге. Оған мекеме арқылы жалпы сомасы 672 000,0 мың теңге 24.11.2023 жылы №4660762/23-366 санды төлем тапсырмасына сәйкес 451200,0 мың теңге және 24.11.2023 жылы №4660762/23-365 санды төлем тапсырмасына сәйкес 220800,0 мың теңге келісімшартты және тауарды алу-беру актісін ұсынбай аударылған. Тексеріс кезінде аталған тұрғын үйдің техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтіндігі анықталды. Яғни пәтерлер қоныстануға дайын емес: үйдің жөндеу, әрлеу жұмыстары төмен сапада, әрлеу жұмыстары толық орындалмаған, бөлмеаралық есіктері қондырылмаған, жуынатын бөлме ваннамен (металл, эмальданған болат) немесе душ кабинасымен жабдықталмаған, душ орны жасақталғанымен, қабырғалары кафельденбеген, еден төсеніші (линолеум) өте жұқа, оның астынғы бөлігіне төсеніш салынбаған, плинтус орнатылмаған және 5-қабаттағы пәтерлердің төбесінен су аққан. Алайда тұрғын үй толық құжаттарымен дайын күйінде сатылуы қажет еді.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының 43-бабы 26-тармағы, келісімшарттың 1.1 талаптары және ҚР Бюджет кодексінің 97-бабының 6-тармағының талаптары бұзылып, мекеме арқылы жеке тұлға Ақсезім Әбдікәрімге 672 000,0 мың теңге негізсіз аударылған.
Қазіргі таңда бюджет кірісіне 359 290,5 мың теңге өтелді.
Тексеру қорытындысы бойынша аудан әкіміне және бөлім басшысына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза тағайындалды.
Н.ӘЛИЕВ,
Ақтөбе облысы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің
сәйкестік аудиті бөлімінің басшысы.