Дала баласы
Мұғалжар өңіріндегі Ақсу өзені бойында орналасқан «Ақжар» шаруа қожалығының жетекшісі Тағыберген Қалыбаев ұзақ жылдар теміржол саласында құрылыс жұмыстарын жүргізді. Облыс аумағындағы көптеген маңызды нысандар кезінде оның араласуымен, істің басында жүруімен жүзеге асты.
Ал сондай жоғары білімді байырғы инженер-теміржолшының ауыл шаруашылығына қандай қатысы бар дейсіз ғой?!
Әңгімелесе келе байқағанымыз, оның да терең негізі болып шықты.
Еңбек ерінің перзенті
Тағыбергеннің әкесі Өтеген Қалыбаев — бүгінде тарих қойнауында қалған Қазан революциясының құрдасы.
Отызыншы жылдардың соңына таман әуелі ауылдағы құрылған шаруашылықта қой бағып, сосын жылқышылыққа ауысады. 1938 жылы армия қатарына алынып, ақ финдермен соғысқа кіреді. Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік немістермен айқасқа қатысады. Сегіз жылдай жауынгерлік сапта болған ол майдандағы ерліктері үшін кеудесіне жауынгерлік «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерін, бірнеше медальдар тағып оралады.
Елге 1946 жылы келгесін бастапқыда «Ақтөбе» совхозының Ақсу деп аталатын фермасында егістік бригадасын басқарады. Сосын сол кездегі уақыт талабына сай жылқы бағуға шығады. Бағымындағы әр биенің соңынан құлын ертіп, мал басын аман сақтайды. Осындай тұрақты жетістіктері үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Осылайша Ақсу бойында оның ізі қалады.
— Әкем жылқышы бола жүріп, өзіне лайықты талай ізбасарларды тәрбиеледі. Совхоз кезіндегі атақты малшылар — Социалистік Еңбек Ері Науан Досмағамбетов, Ленин орденді Қарлығаш Нұрмағамбетова, Еңбек Қызыл Ту орденді Ахат Нұржанов пен Базарбек Кетеғұлов өздеріне әкемді ұстаз, ақылшы санайтын, — дейді Тағыберген өткен шаққа ой жүгірте отырып.
Бақытын еңбектен тапқан Өтеген Қалыбаев бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаты, үлкен партия форумдарына делегат болып сайланды. Мәскеудегі «Халық Шаруашылығы Жетістіктері» көрмесіне қатысып, жүлде алып қайтады.
Еңбек Ері Өтеген мен зайыбы Рахима екеуінің үлкені Айсұлтан — академик, ғылым докторы, қызы Дариға — мұғалім, Тағыбергені — теміржол инженері, Жәмиласы — экономист, Роза тігін шебері болып еңбек етіп, бүгінде бәрі де зейнет жасына жетті.
«Жылқыны жылқы тұяғындай қатты адам ғана баға алады» деген сөз бар. Өтеген жылқышы да сондай болғанға ұқсайды. Өйткені ол сегіз өрім қамшысымен тартып жібергенде, қандай құрық тимеген асау да есінен танып тұра қалады екен. Содан соң үстіне ерді салып жіберіп, бір тартпамен тартып, жазықты айналып шауып келеді де, жасөспірім Тағыбергенге тізгінді ұстата салып, «Ал, балам, мін де жүре бер, енді ырқыңнан шықпайды» дейді.
Осы ізбен Тағыбергеннің өзі де кейін талай асауға бас білдіріпті. Қаладағы жұмысынан қол үзіп, ауылға келген сайын атқа мініп, даланың таза ауасын жұтып, мал соңында жүруді дағдыға айналдырған.
Оның ауылға оралуының басты себебінің өзі осында екен.
Тағыберген бүгінде әкесі талай жүрген қырларды кезіп, оның құрығын қарына қайта ілгенін көңіліне тоқ санайды.
Тотан байдың ізімен
Бір кезде Шалқар өңірінде өмір сүрген Тотанның байлығы — жапан даланы жайлаған табын-табын жылқысы туралы көп әңгіме күні бүгінге дейін айтылады.
Ескі көздерден жеткен деректерге қарағанда, Тотан байдың жылқысының ерекшелігі — түсінің бірыңғай ақ шұбар, теңге шұбар, теңбіл шұбар болып келетіндігі. Сондай-ақ боз жылқылары қара шұбар түс береді екен. Осы жылқылардың астаудан су ішіп жатқанда құдық басында бір-бірімен тебіспейтіндігі, бір-біріне адамша түсіністікпен қарайтыны туралы да ұғым бар.
Тотан жылына Темір мен Ойылдағы Қарақамыс, Көкжар жәрмеңкелеріне бес-алты жүз, Орынбордағы Мұнанай базары деп аталатын жәрмеңкеге де сондай жылқы айдатып, саттыратын болған. Оның жылқыларын орыс әскерлерінің көтере сатып алатын себебі — көнбістігі әрі төзімділігіне байланысты болса керек.
1928 жылдың күзінде Тотан бай тәркілеу науқанына ілігіп, бүкіл мал-мүлкінен айырылады. Бұған дейін даңқы жер жарған шұбар жылқылар да ұстағанның қолында кеткендей күй кешеді.
1932 жылы Мұғалжар өңірінде асылтұқымды жылқы зауыты құрылғанда, жан-жақтан жиналған сәйгүліктер арасынан бір тектес алашұбарларды байқаған бірсыпыра көнекөздер «Жарықтық Тотан байдың шұбарлары әйтеуір сақталып қалған екен-ау» деп бір тебіреніпті.
Бала кезінен жылқы бағудың қыр-сырын жетік білетін Тағыберген есейе келе өзі сан мәрте естіген Тотан байдың шұбарларының ізін індете бастайды. Көпке дейін таба алмайды. Бір күні Қандыағаш қаласында тұратын ағасы Кенжебай Сүйеумағанбетов Ақтөбедегі мал базарынан сатуға шығарылған шұбар аттарды көзі шалып, кейін Шалқар өңіріндегі Жаңақоныс, Мөңке би ауылдарында сол тұқымның ізі сақталғанын анықтайды.
Іздеген адам табады ғой қалай болғанда да. Ақырында, Мөңке би ауылындағы Базарбай деген кісінің қолында шұбардың тұқымы — қара көк жорға биесі барын естіп, іздеп барып, бір құлынын сатып алады.
«Содан өсіріп, өндіріп, шұбардың екі айғырын шығардым. Менің білуімде бес жылда, он жылда жылқының өзіне ұқсайтын біреуі туады. Осылайша қазір бір үйір шұбардың үйірін дайындадым.
Менің қызығып жүргенім — кезінде атты казактар осында келгенде «ең жақсы тұқым» деп, осы шұбар жылқыларды іріктеп алған екен. Тіпті оларға «Шектілік» деп ат та қойыпты»— дейді Тағыберген.
Шынында да, зерттеулерге қарағанда осы шұбарлар мінуге де, жегуге де, жүк тартуға да мықты болған екен. Тағыберген өзінің шұбарларының шоқтығына дейінгі биіктік өлшемі 1,38-1,35 см шамасы екенін айтады.
Тағыбергеннің айтуынша, әкесі жылқы бағып жүрген кезінде өзі қарап жүріп, малды сұрыптауға, көзбен қарап, көңілмен танып, іріктеуге ұдайы көңіл бөледі екен. «Құла жылқының өзінің он шақты түрі болады» деп айтатыны есінде қалыпты.
Сол кезде қазақы торы ат тұқымын шығарған. Оның ерекшелігі — қыста аязға төзімді, желге қарсы тебінге шығады екен.
Тағыбергенді жылқы маңынан ұзатпай жүрген бір себеп — жастайынан берген әке тәлімі екен.Мал ұстаудың бейнеті қай кезде де аз болмаған. Соның қиындықтарын Тәкең қазір де бастан кешіп келеді. Бірақ жапан далада әр жерде өсіп-өніп келе жатқан үйір-үйір жылқылары анау айтқандай көп болмаса да, оның табиғатына жақын болғандықтан өзіне бір қуат сыйлайды.
Бір кездері жылқысымен аты шыққан Тотан байдың үлгісін ұстанып, шұбар тұқымын дамытуға үлес қосып келе жатқанына қуанады.
«Малдың жайын баққан біледі»
Ақжар деп аталатын мекенде Тағыберген Қалыбаев жетекшілік ететін шаруа қожалығы біраз жылдан бері өз тіршілігін жүргізіп келеді. Мұнда бірнеше үйір жылқы, сондай-ақ сиыр бағылады. Шағын қой отары бар.
— Мен үшін мал жинап, байлық жасау маңызды емес. Осы Ақсу бойында әкем өмір бойы мал бақты, жылқы жүгендеп, ат үстінде жүрді. Ол үшін осы өңірдің әр қыр-белесі, сай-саласы қымбат еді. Мені бала кезімнен жанынан тастамайтын. Осылайша дала мектебінің тәрбиесін алдым. Сондықтан да маған қала тірлігінен гөрі осында болған ұнайды, — дейді Тәкең.
Қазақта «Малдың жайын баққан білер, оттың жайын жаққан білер» дейді. Сол рас негізінде. Шаруаның басында жүргесін де, Тағыберген малдың өрісі мен қонысын жақсы біледі, сырттай бағамдап отырады.
Ол бүгінде жетпістің үстіне көтерілсе де, бойы сергек, ойы алымды. Әсіресе жылқыға байланысты көп жайларды біледі.
Биылғы қараша айында Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырғанын біліп, қатты қуанып қалды. Оның үстіне бұл институт басқа жерде емес, Ақтөбеде ашылатын болып белгіленіпті.
Тағы бір білгені — елімізде түрлі бағыттағы 13 жылқы тұқымы өсіріледі екен. Солардың арасында етті-сүтті бағытындағы Қостанай, көшім, мұғалжар тұқымдары жоғары бағаланады. Тәкең осындай дәрежеге өзі бағып жүрген шұбар жылқы тұқымы да жетсе деп армандайды. Бірақ оған дәл қазіргі сәтте мүмкіндіктің аз екенін де жақсы біледі. Өйткені біріншіден, мұндай жылқылардың тұқымы қазіргі сәтте онша көп емес. Екіншіден, бұл тұқымның ерекшелігін анықтайтын ғылыми жұмыстар жүргізілуге тиіс шығар деп ойлайды. Сондықтан да алдағы уақытта енді жұмыс істей бастайтын жылқы шаруашылығы институтымен байланыс орнатқысы келеді.
Ақжар бойындағы қоныста шаруа жайына ыңғайлап салған үйде Тағыберген мен зайыбы Дина, баласы Айбек тұрады. Үшеуі де бозала таңнан оянып, күні бойы малдың қамымен тыным таппайды. Шаңырақтың шуақты болуына жағдай жасап, қарапайым қазақ әйеліне тән қасиетті бойына жинаған Дина апа — азаматының тірегі, баласының ақылшысы.
Тәкеңнің өзі жол таңдамайтын көлігіне мініп, бір мезгіл жылқы үйірлерін көздеп қайтады. Қыр басына шығып, дауыс бергенде бітімі бөлек жануарлар елеңдесіп, иесін танып, кісінеп жауап қайтарады.
Қой бағуға жұмысқа алынған ерлі-зайыптылардың өз алдына бөлек тірліктері бар. Олардың кесімді айлығы беріледі, басқа да жағдайлары жасалған. Ас-судан кемдік көрмейді.
Мал қыстатуға әзірленген былтырдан қалған біраз шөп бар. Оған қосымша биыл да біраз мал азығы дайындалды. Ең бастысы, сыртқа қол жайып, ешкімнен көмек сұрамайды. Тәуекел деп осы тірлікті қолға алған соң, бар қиындығын өздері көтеруге ұмтылады.
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев жақында Ақсу бойын қоныстанып отырған «Ақжар» шаруа қожалығының жұмысымен, еңбек адамдарымен арнайы танысып, олардың хал-жағдайларын білді.
Мал шаруашылығын дамытуға қосып жүрген үлесі үшін шаруа қожалығының жетекшісі Тағыберген Қалыбаевтың кеудесіне салалық кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» медалін тақты.
«Бүгінгі ісіңмен мақтанба, алда не атқарасың, соны ойла!» деп отыратын Еңбек Ерінің баласына берілген бұл марапат әке дәстүріне адалдық танытып келе жатқан перзенттің адал еңбегінің бағасы іспетті болды.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Мұғалжар ауданы.