Басты жаңалықтар

Үш жылдық бюджет бекітілді

Сессия

Кеше облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясында алдағы үш жылға арналған облыстық бюджетбекітілді.Сессияға облыс әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Отырыста алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов баяндама жасап, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы кеңінен айтып берді.

— Алдағы үш жылға арналған облыстық бюджет жобасы 1,5 триллион теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде 2025 жылға — 439,3 миллиард теңге, 2026 жылға — 515,3 миллиард теңге, 2027 жылға 538,7 миллиард теңге бөлінеді.

Келер жылғы облыстық бюджеттің кіріс бөлігіне тоқталсақ, меншікті кірістерден — 47,8 миллиард теңге, республикалық бюджеттен берілетін субвенциялардан — 318,0 миллиард теңге, Ақтөбе қаласы және аудан бюджеттерінен түсетін трансферттерден — 59,1 миллиард теңге, сондай-ақ бюджеттік кредиттерді өтеуден 14,4 миллиард теңге түседі деп жоспарлануда. Ал бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, жобаның  68 пайызы немесе 297 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға бағытталады. Сондай-ақэкономиканың нақты секторына, яғни құрылыс, энергетика, жолдар мен ауыл шаруашылығы, сондай-ақ бизнесті дамытуға 91 миллиард теңге немесе шығыстардың 21 пайызы жоспарлануда, — деді Н.Мақсатов.

Облыстық бюджеттің негізгі бағыттарына тоқталсақ, облыстық құрылыс басқармасына — 18 млрдтеңге,автомобиль жолдары басқармасына — 34 млрдтеңге, энергетика басқармасына — 11,4 млрд теңге, білім басқармасына — 231,8 млрд теңге,

денсаулық сақтау басқармасына — 13,4 млрд теңге, жұмыспен қамту басқармасына — 19,6 млрд теңге, спорт басқармасына — 21,7 млрд теңге, мәдениет басқармасына — 7,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығы басқармасына — 12,3 млрд теңге, ветеринария басқармасына — 3,9 млрд теңге, табиғи ресурстар басқармасына — 2,6 млрд теңге,кәсіпкерлік басқармасына — 2,6 млрдтеңге, полиция департаментіне — 17,1 млрд теңге,

төтенше жағдайлар департаментіне — 2 млрд теңге, цифрлық технологиялар басқармасына — 5,5 млрд теңге, ішкі саясат басқармасына — 1,6 млрд теңге, жастар мәселелері басқармасына  633 млнтеңге қаржы бөлу жоспарлануда.

Жиын барысында облыстық мәслихат депутаттары жауапты басқарма басшыларына өз сауалдарын қойып, бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Айгүл Дүйсенова облыстағы білім беру мекемелерінде кадр тапшылығы мен жұмысшы мамандықтарды оқытатын арнайы оқу орындарындағы олқылықтарға тоқталса, Айгүл Нұркеева соңғы кезде мектептер мен балабақшаларда жемқорлық деректері көбейгенін, сондай-ақ кейбір мектеп директорларының кәсіби тұрғыда өз жұмысын ұйымдастыра алмай отырғанын алға тартты. Марат Қойлыбаев депутаттар жүргізген мониторинг нәтижесінде бірқатар спорт үйірмелерінің тұрғын үйлердің жертөлелерінде жұмыс істеп жатқандығы анықталғанын, ал жас спортшыларға дәріс беретін бапкерлердің тәжірибесі аз екенін жеткізді. Депутат Қайрат Сабыр өңірдегі медициналық ұйымдардың тозу пайызы бүгінде 40 пайызға жеткенін, ал олардағы құрал-жабдықтарды қайта жаңартуға қыруар қаржы керек екенін айтып, алдағы жылдары бұл мәселені шешуде жол картасы іске асырылуы керектігін жеткізді.

Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер аясында облыстық табиғи ресурстар және  табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Асқар ЖүсібалиевАқтөбе облысы бойынша экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын бекіту туралы хабарлама жасады.

Жалпы сессия отырысында 19 мәселе қаралып, аталған мәселелер бойынша депутаттар

баяндамашыларға өз сауалдарын қойды.

Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары — Құдайберген Бекенов, Естай Сисенбаев,Кәмшат Төлеуовалар облыс әкіміне депутаттық сауалдарын жолдап, Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Байғанин аудандарындағы әлеуметтік нысандардың жағдайы мен халықты газбен, сапалы жолмен және тұрғын үймен қамту мәселелерін көтерді.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров жыл бойы нәтижелі жұмыс істеген депутаттар қауымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауда бірлесе еңбек етуге шақырды.

— Биыл өңірімізде су тасқыны болғанына қарамастан, біраз мәселе шешілді. Алдағы уақытта алдымызда көп міндет тұр. Біз үшін басты міндет — қазынаның қаржысын тиімді жұмсап қана қоймай, оны игеруде жауапкершілікпен нәтижелі жұмыс істеу. Бұл бағытта басқарма басшылары жан-жақты жұмыс атқаруы керек.

Өздеріңізге белгілі, осыған дейін комиссия отырыстарында біраз мәселе қамтылды. Бүгінде өңірімізде тұрғындарды газбен, ауызсумен, жалпы инфрақұрылыммен қамту  мәселесі өте өзекті. Бұл тұрғыда біз бақылауды күшейтіп, қаржыны тиімді игеруге ерекше назар аударуымыз керек. Кешегі жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Хромтау ауданындағы білім ошақтарын қарап шықты. Президент шағын жинақты мектептер мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін, ауыл балаларына сапалы білім беруде барлық жағдай жасалуға тиіс екенін тапсырды. Бұдан бөлек енді жұмысшы мамандықтары санының артуына да ден қоюымыз керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ветеринария салаларын дамытуға жағдай жасауға тиіспіз. Бұл бағытта биыл басталған жұмыстар келер жылы жалғасатын болады. Біз үшін бастысы — өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, Президент тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындау, — деді өңір басшысы.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button