Тәуелсіздік бәрінен қымбат
«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті — қуатты елдің иесі жәнекемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет».
Қазақстан Республикасының ПрезидентіҚасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан.
Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ. Тәу етер жалғыз киеміз де, сыйымыз да осы қастерлі ұғыммен астасып жатыр. Бүгінгі бейбіт, бірқалыпты өміріміз соның арқасында екені айдан анық. Алаш елі азаттық алған 33 жылда жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белесіміз, сүйіншілейтін жаңалықтарымыз аз болған жоқ.
Әлқисса…
Әлем және біз
Демократиялық һәм зайырлы мемлекет — Қазақстан Республикасы — Президенттік басқару нысанында. 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін алған еліміз әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша қазіргі таңда 17 облыстан және республикалық маңызы бар 3 қаладан тұрады.
Республика халқының саны 20 миллион адамнан асты. 2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша қазақ ұлтының азаматтары 70 пайыздан асады.
2 миллион 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан еліміз әлем елдері арасында жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен — 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен — 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен — 1 242 шақырым, Өзбекстанмен — 2 351 шақырым және Түрікменстанмен — 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы — 13 200 шақырым.
Қазақстан — әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Ел аумағының ауқымды бөлігін 44 пайызын шөлдер және 14 пайызын шөлейтті жерлер алып жатыр. Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26 пайызын, орман-тоғайлар 5,5 пайызын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда үлкен және шағын 48 мың көл бар. Оның ең ірілері — Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл. Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континенталды болып келеді.
Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5 мыңнан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша — бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша — екінші, мыс және флюорит бойынша — үшінші, молибденнен — төртінші, алтын қоры жөнінен алтыншы орын алады.
Сонымен қатар Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол (анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр) қорына ие. Сонымен қатар, республикамыз көмір қоры бойынша 8-орында және уран қоры бойынша 2-орында.
Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған — егістіктің 70 пайызы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады.
Тәуелсіздік тартулары
Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 20 есеге — 700 АҚШ долларынан 14 мың долларға дейін өсті. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады. Бүкіләлемдік банктің жіктемесіне сәйкес республикамыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 200 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды, бұл — Орталық Азияға салынған инвестицияның 70 пайыз мөлшері. Елдің алтын-валюта резерві 2015 жылғы маусым айының басында 98 миллиард АҚШ долларын құрады, соның 69 миллиард доллардан астамы Ұлттық қорға тиесілі.
Бизнес жүргізу шарттары бойынша Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 50-орынды иеленді. Ал Менеджментті дамытудың халықаралық институтының (ІМD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде республикамыз 2015 жылы Испания, Түркия, Италия және өзге де көптеген елдердің алдына шығып, 34-орынға табан тіреді.
Экспортталатын басты тауарлар — кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері — Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.
Экономиканы әртараптандыру үшін елде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес бүкіл ел бойынша бұрынғы кәсіпорындар мен өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңалары ашылуда.
Қазақстан елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына — Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысы 2014 жылы «Нұрлы жол» ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс бағдарламасын жариялады. Ол Қазақстанның өңірлерін күре жолдармен байланыстырып, логистикалық, әлеуметтік және индустриялық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға бағытталған.
Қазақстан «Ұлт жоспары — 100 нақты қадамды» жүзеге асыруға кірісті. Бұл жұмыстар Бес халықтық реформаны — кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігін, индустрияландыру мен экономикалық өсімді, біртектілік пен бірлікті, есеп беруші мемлекет құруды қамтамасыз ету ісін жүзеге асыру мақсатында түбегейлі өзгерістерді қарастырады.
Елді ауқымды әлеуметтік жаңғырту жүзеге асырылып, жаңа мектептер, кәсіптік колледждер мен университеттер салынуда. Заманауи медициналық емхналар мен ауруханалар ашылып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдірілуде.
Үлкен істерді үйлестіруші
Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган — Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасап келеді. Астанада тұрақты негізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтеді.
Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Республика әлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен 2010 жылғы желтоқсан айында Астанада осы беделді халықаралық ұйымның саммитін өткізуі дәлелдейді. ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы — АӨСШК жобасын іске қосу елдің маңызды бастамасына айналды. Қазақстанның ислам әлеміндегі жетекші ұйым — ИЫҰ төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң баға алды. Сонымен қатар, еліміз жаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады.
Қазақстан — Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі.Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылы туралы ой толғаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында:
— Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.
«Қазақстан — 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік.
Екінші онжылдық — Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан — 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.
Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар, рухани жаңғыруға баса мән бердік, — деп жазды.
Иә, бұл игіліктердің барлығы, сөзсіз, тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асып отыр. Басты құндылығымыз ешқашан күшін жоймасын!
Дайындаған Айбек ТАСҚАЛИЕВ.