Әдебиет

Өр өлеңнің иесі

Әдеби кеш

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Бауыржан Құрманқұловтың  «Өр өлеңнің иесі» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған іс-шараға поэзияны жаны сүйетін оқырман көп келді. Кешті жүргізуші Толғанай Алпысбаева ақынның жан дүниесін ашуға тырысты. Қойылған түрлі сұраққа байыппен жауап берген ақын өмірі мен шығармашылығы жайында айтты. Кеш барысында көпшіліктің көңілін өлеңге құштар жастар аша түсті.  «Айсын» радио-журналистика мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін мәнеріне келтіре оқып, мерейін тасытты. Әрдайым ақынмен шығармашылық байланыста жүретін композитор Жандарбек Назаров бірнеше айшықты әнін орындады. Ақынның өлеңіне құмартқандар, енді оның сазгерлік қырына да қанық болды.

— Биыл жетпіс жасымды өңір басшысының қолдауымен Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында атап өтуіміз керек болған-ды. Өкінішке қарай, көктемгі су тасқыны кезінде көптеген елді мекенді су шайып кетті. Елде осындай жағдай болып жатқанда менің сахнада өлең оқып тұрғаным жарамас деп, тоқтатып тастадым. Кешімнің өтпегеніне өкінбеймін, маған елімнің амандығы керек, — деді ол.

Айта кетейік, Бауыржан Мырзахметұлының алғашқы өлеңдері жас ақындардың «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» ұжымдық жинақтарына енді. Кейін орталық баспалардан «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт», «Кешір мені», «Беу, дүние-ай!» өлең жинақтарымен қатар, «Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер жинағы, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен бір томдық өлеңдер жинағы жарық көрді. Таңдамалы шығармалары «Жәдігер» антологиясына енді.

Кеш соңында кітапхана директоры Гүлнар Сейталина оқырманына рухани демалыс сыйлаған ақынға риясыз алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

                                                                                  Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button