Сағидың сазы, Тобықтың тойы
Әдетте Жарқамысты «кіші Жазушылар одағы» деген қашаннан айтылып келе жатқан ұғымның негізсіз еместігіне осы сапарда тағы бір рет көзіміз жеткендей болды.
Сәрсенбі күні талай талантты тәрбиелеп өсірген аядай ауылдың аспанында Сағидың сыршыл жырлары қалықтап, топырағында Тобық іздері қайта түлегендей әсер қалдырды.
Жыл бойы облыста жалғасып келе жатқан қазақтың біртуар қаламгерлері Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтің 90 жылдық торқалы тойлары туған мекенде қанат жайды.
Бұл — әдебиеттің мерекесі
Қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Айбек Көпенов қазақтың руханият әлемінде жұлдыздай жарқырап тұрған қос тұлғаның әдебиетке сіңірген еңбектеріне тоқталып, олардың туындыларының жас ұрпаққа берер тағылым-тәрбиесі молдығын айтты.
— Біз Байғанин топырағынан шыққан ақын-жазушыларымызды қашанда мақтан тұтамыз. Олардың есімдері бүгінде қалың қазақ жұртына танымал. Биыл тоқсан жылдығы аталып өтіп жатқан лирик ақын Сағи Жиенбаев, талантты жазушы Тобық Жармағамбетов мерейтойлары жалпы аудан бойынша, Ақтөбе қаласында ұйымдастырылуда, — деді ол.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин: «Біз облыстық «Ақтөбе» газетінің ғасырлық мерейтойын атап өтуді жаз айында осы Жарқамыс жерінен бастадық. Кезінде газетімізде қызмет атқарған қазақтың көрнекті жазушысы Тобық Жармағамбетовтің 90 жылдығының аталған мерекемен сәйкес келуінің өзінің бір заңдылығы бар сияқты.
Тобық ағамыз Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін Жарқамыс орта мектебінде мұғалім, Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Ақтөбе телевизия студиясында аға редактор, бас редактор, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болды. Қызметтен қол үзбей көптеген әдеби туындыларды өмірге әкелді. Отыз тоғыз жыл ғұмырында өнімді еңбек етті.
Ал Сағи ағамыздың сыршыл жырлары біздің жанымызды тербетіп, жылылық пен мөлдірлікке бойымызды сусындатып келеді» деп атап өтті.
Раукен Отыншин осы жиында облыстық «Ақтөбе» газетінің ұзақ жылдар бойғы белсенді оқырманы, шынайы жанашыры болып келе жатқан еңбек ардагерлері Досым Нәби мен Жұмабек Шектібайұлына Алғыс хат тапсырып, сыйлықтар ұсынды.
…Жарқамысқа жиналғандар жарқын жүзді жүздесудің ең алдымен әдебиеттің мерекесі екенін бірауыздан атап өтті.
Тобықтың екінші ғұмыры
Өмір деген өксігін бір баса алмай,
Өтті жыршың, кетті қыршын жасында.
Жарқамыста жатыр ұйықтап оянбай,
Гүл өсіп тұр қабірінің басында…
Бұл — арқалы ақын Өтежан Нұрғалиевтың ұстазы Тобықтың өмірден өткеннен кейінгі кезеңінде іздеген өлеңі.
Содан бері қаншама жыл өтті, туған халқы сүйікті қаламгерін еш ұмытқан емес. Күні кеше де Ақтөбеден келген қонақтар ең алдымен ауыл шетіндегі қорымға бет алды. Осында мәңгілік тыныштық тапқан Тобық аға рухына Құран бағышталып, тағзым жасалды. Мұнда «Қазақстан Жазушылар одағынан» деген жазуы бар ескерткіш белгі қойылған.
Жарқамыста Тобықтың тұрған үйінің орны сақталған. Осы бір киелі мекен қазір қоршауға алынып, күтім жасалды. Болашақта бұл арада айнала жасыл желектер бой көтеріп, әсем саябақ орнап, жастардың рухани түлеп, жақсы кездесулер өткізетін орнына айналмақшы.
Бұл жерде орнатылған ескерткіш тақтада былай деп жазылған:
«Бұл мекенжайда қазақтың талантты жазушысы Тобық Мырзағұлұлы Жармағамбетовтің балалық балдәурен шағы мен жастық кемелдену дәуірі өткен.
Сол кездің қиын-қыстау оқиғалары оның «Қара жаңбыр» шығармасында тартымды бейнеленген.
Қазіргі арнайы атауы: Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы, Орталық көшесі, Тобықтың үйі».
Осылайша туған мекенде Тобық-қаламгердің екінші ғұмыры басталды. Оның балалық шағы өткен шырайлы шаңырағы осылайша еңсесін тіктеді.
Сағи-жырдың әуені
Осы күнгі кездесулерде Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» сан мәрте айтылды. Айтулы ақынның осы жырын жас кезінде тыңдап өскен жігіттер бүгінде ақ сақалды қарттар қатарына қосылды. Сол жыр оқылғанда олардың жүзінен балалық шаққа сағыныш ізі айқын байқалып тұрды.
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет —
Қарттарым, аман-саумысың?
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң,
Даламда
Әулие қарттар жүргесін…
Осы әдемі жырдың жалғасы іспетті бір шара — қос қаламгердің мерейтойы құрметіне «Күміс қалам» атты жазба ақындардың облыстық мүшәйрасының өтуі еді. Бұл жыр бәйгесіне Ақтөбе қаласынан, облыстың Алға, Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Мәртөк, Темір, Шалқар, Хромтау, Ырғыз аудандарынан жас ақындар қатысты. Олар Сағи, Тобық аталарын жырға қосты, олардың шығармаларындағы көріністерді өлең жолдарымен қайта жаңғыртты.
Әдебиет білгірлерді теңегендей, «жаңбырдан соңғы жұпар иiсi бұрқырап шыққан далаға ұқсайтын жеп-жеңiл, тап-таза бiр әлем» Сағи жырларынан жас буынның жүректеріне көшкендей еді бұл күні. Сондықтан да болар, олар Жарқамыс Мәдениет үйінің сахнасында көкіректерін ашып тастап, алыс қиырларға көз тігіп тұрып, серпіле түсіп, сиқырлы сөз ағындарын түйдектетті.
Жас талаптың бірқатары балаң жырларымен Сағи ақын сазын еске түсірсе, екіншілері Тобық жазушының «Қара жаңбыр», «Нәзік бұлттар», «Отамалы», тағы басқа туындыларындағы оқиғаларды өлеңмен өрістетті.
Осы кешке жиналған Жарқамыс жұртыбірнеше сағат бойы тапжылмай отырып, жыр нәрімен сусындады.
Он бес талапкер де тыңнан жол тауып, бірінен-бірі қалыспай, тыңдармандарының жүрегін толқытып жатты. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының жетекшісі, ақын Бауыржан Құрманқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, Жарқамыс орта мектебінің директоры Самалгүл Жиенбаева құрамында бар қазылар алқасы өз шешімін көпшілік алдында жария етті.
Бас жүлде Қарғалы ауданынан келген Жомарт Баймұханға бұйырды. Жүлделі алғашқы үш орынды Ақтөбе қаласының өкілі Нұрсерік Тәуекел, мәртөктік Александр Мәруаұлы, Байғанин ауданынан Данияр Дәулеткерейұлы және Жанерке Жанкеева бөлісті.
Жыр сайысында бақ сынаған Айсұлтан Көпбергенов, Зүлфия Сүндетбаева, Рахметулла Жұбаналин, Гауһар Ахметова, Мерген Нұрмағанбетов, Айбат Бекжанов, Айбол Сағынжанұлы, Аманжол Исламғали, Саламат Хамитов, Өмірзақ Байзақ еңбектері де лайықты сыйлармен атап өтілді.
Жыр жүлдесі мұнымен де тоқталған жоқ. Қазақстанның құрметті заңгері Назарбек Нұрмағанбетов сайыста ерекшеленіп көрінген төрт жүйрікке Тобық Жармағамбетов ұрпақтары атынан 50 мың теңгеден сыйлықты және ұсынды.
— Бір байқағаным — мүшәйраға қатысушылар Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетов сынды ерекше талант иелерінің шығармашылықтарымен жақсы таныс екен. Мұны олардың жырларынан да, дүниетанымдарынан да анық аңғарып отырдым, — деді ол.
* * *
Бұл күні іс-шараға қатысушылар арнайы жасақталған кітап көрмесін тамашалады, қаламгерлер туындылары мен олар туралы жазылған пікірлермен танысты.
Шынында да, Жарқамыстағы әдебиет тойы осында жиналғандардың жанын рухани байытып, жақсы әлемге жетелегендей болды.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Байғанин ауданы.
ТОБЫҚ РУХЫМЕН ТІЛДЕСУ
Тобық аға,
Кеп тұрмын жағдайыңды білейін деп,
Көшемен өзің жүрген жүрейін деп.
Жалғыз неге жатырсың шеткі ауылда,
Жалғыздықтың байқаймын үрейін көп.
Білем —
Сағындыңыз Жарқамыс қамысын да,
Бесік болған өзеннің ағысын да.
Нәзік бұлттар іздейді үміт үзбей,
Тірлігің жүр өмірдің қағысында.
Келдім —
Тоқсаныңда бір сәлем берейін деп,
Құшағыңа елжіреп енейін деп.
Кеңсайдан аунап түсіп жатыр ма екен,
Өзің ең Өтежанның сенері бек.
Келіп ең бұл фәниге қарашада-ай,
Сол күзде кеттің өтіп аласармай.
Аспанда қанша айналып ұшты құстар,
Өзіңмен тілдесе алмай-жараса алмай.
Не айтам үкіленген құрағыңа,
Арада айлар өтті, жыл ағыла…
Түсіңе енді ме екен шілделерде
Сен сүйген Кәдірқұлдың бұлағы да.
Кейінге көшіңізді бұрасыз ба,
Ел-халқың теңеуші еді шын асылға.
Үйіңіздің жанында тағзым еттім,
Қайтесіз, орныңыздан тұрасыз ба…
Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ.