Жаңалықтар

Кәсіпкерлік проблемасын шешу — палатаның басты бағыты

Әр өңірде кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелер бар. Әйтеке би ауданының кәсіпкерлері кадр тапшылығына тап болып отырса, хромтаулық кейбір бизнес өкілдерін өнімді өткізу, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жерге қолжетімділік мәселелері толғандырады. Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері аталған аудандарда көшпелі кездесулер өткізді.

Шетелдік жұмыс күшіне квота ұлғайды

Әйтеке би ауданындағы кәсіпкерлерді жұмыс күшінің жетіспеушілігі алаңдатып отыр. Олар бұл мәселені аудан орталығында өткен кездесу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Дидар Боранқұловқа айтты. Іс-шараға аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы мекемелерінің өкілдері де қатысты.

Фермерлер мен агроөнеркәсіп кешенінің иелері жұмысшылардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдіріп отыр, ал шетелдік жұмысшыларды тартуға квота шектеулі. Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану орындары, жол бойындағы кемпингтердегі бос жұмыс орындарына барғысы келмейді. Сондықтан шаруашылық басшылары шетелдік жұмыс күшіне арналған квотаны ұлғайту қажет екендігін айтып отыр.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов келесі жылға квота ұлғайтылатынын атап өтті.

Кәсіпкерлер палатасының алдында ауыл шаруашылығындағы шетелдік жұмысшыларға арналған квота тапшылығын қоса алғанда, бірнеше өзекті мәселені шешу қажеттілігі тұр. Квотаны жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітеді. Биыл облысқа маусымдық жұмысшылар үшін 250 квота бөлінді. Ал нақты қажеттілік — 500. Қазіргі таңда келер жылға шетелдік жұмыс күшінің 425 адамға арналған квотасын бекітуге қол жеткіздік, — деді ол.

Бұдан басқа палата облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінен өтінімдер жинауға бақылау жасауды, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп өңірдің қажеттіліктеріне сәйкес 5 санаттағы шетелдік жұмыс күшіне квотаны ұлғайту мәселесін талқылауды ұсынды.

Өңірлік палатаның агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Данабек Ержанов шаруашылық басшыларына шетелдік жұмыс күшін тартуға өтінім беру процедурасы бойынша кеңес берді.

Аудандағы 1572 бизнес құрылымның 90 пайызы ауыл шаруашылығы саласында шоғырланған. Сондай-ақ  ауыл тұрғындары малды асыл тұқымды шаруашылықтар тізіліміне енгізу, кредиттік серіктестіктің жарналарын реттеу туралы сұрақтар қойды, электр энергиясының жоғары тарифтеріне және сұйытылған газдың жетіспеушілігіне шағымданды, кәсіпкерлік нысандарына электр желілерін жүргізуді қолдау қажеттігін алға тартып, өнімді сертификаттауға қызығушылық танытты.

Іс-шара аясында кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша қаржы институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен тікелей кеңесу мүмкіндігіне ие болды.

Авторлық кофе ұсынылады

«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар мен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант алған кәсіп иелері өз өнімдерін көрме-сатылымда көрсетті. Мысалы, үйде жартылай фабрикаттар шығарумен айналысатын төрт баланың анасы Гүлшат Досаева өз цехын ашу жөнінде кеңес алды. Биыл ол грант қаражатына қажетті жабдықтар сатып алған. Енді цех салып, өз өнімін сертификаттап, оны сауда нүктелері арқылы сатуды жоспарлап отыр. Жергілікті әкімдік палата филиалымен бірге кәсіпкер әйелді қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Бұл орайда аудан басшысының тұрғындардың бастамаларын ілгерілетуге және қолдауға жоғары қызығушылығын атап өткен жөн.Дәулетияр Тоғызбаев «Атамекен» палатасы өкілдеріне бизнес бастаушылардың бірнеше жобасын көрсетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы оларға айтарлықтай көмек болды. Бизнес бастаушылардың бірі Айнұр Бодықоваға көше павильоны үшін жер берілген. Ол әдемі безендірілген әрі тартымды павильоны бар шағын кондитерлік дүкенін іске қосыпты.

Бұрынғы банк қызметкері Гүлназ Әбдіқалиева бүгінде торт пісіріпсатады. Ол жекенің иелігіндегі ғимаратты жалға алып, кәсібін жүргізіп отыр. Алдағы уақытта ол клиенттерге авторлық кофе ұсынып, өз кофеханасын ашпақ ниетте.

Әйтеке би ауданына барған сапар соңында палата директоры кәсіпкерлердің аудандық кеңесімен кездесу өткізді. Палата басшысы кәсіпкерлерді проблемалық мәселелерді шешу және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге белсенді қатысуға, жергілікті атқарушы билік органдарымен тығыз байланыста болуға шақырды.

Меморандум және маңызды мәселе

Хромтаулық бизнес өкілдеріменкездесуге экономикалық тергеу департаментінің басшысы Қуат Әбдіханов, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов, сондай-ақ мемлекеттік және қаржы институттарының өкілдері қатысты. Қатысушылар көтерген мәселелер бойынша палата мен жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесе жұмыс істейтіндіктерін айтып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов хромтаулық бизнес өкілдері үшінқаржыландыру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау проблемасы өзекті екенін айтты.

Алайда  меморандум аясында кәсіпкерлер палатасы мен облыстық мәслихат бұл мәселені талқылап, нәтижесінде өңір қазынасынан қосымша 856 миллион теңге қарастырған.

Бизнес үшін жер телімдерінің қолжетімділігі — жиі қойылатын мәселелердің бірі. Тиісті мемлекеттік орган өкілінің айтуынша, жақын арада Хромтау қаласында бұрын жарияланған үш жер учаскесіне бизнес жүргізу үшін тағы 10 жаңа жер учаскесі аукционға шығарылады. Жалпы ауданның әлеуеті жоғары, көліктік-логистикалық орналасуы кәсіпкерліктің жаңа тауашаларын дамыту туралы айтуға мүмкіндік береді. Болашақта Хромтауда шағын индустриялық аймақ ұйымдастырылатыны белгілі. Жер учаскесі бөлініп, қаржылық жағдайлар пысықталып жатыр. Қазір біз аудан әкімдігімен, аудандық кәсіпкерлер кеңесімен бірлесіп бизнес-ахуалды жақсарту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, — деді Дидар Боранқұлов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button