Жаңалықтар

ХІХ ғасырдағы қазақ ауылы

Ғылыми кеңес

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдыққа таяу тұрған Досжан ишан діни-тұрғын кешені мен оның тарихынан біздің оқырмандарымыз хабардар. Соңғы жылдары мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, соның ішінде Досжан хазіреттің мазары бой көтергені белгілі.

Мамандар алдағы уақытта бұл нысанды ХІХ ғасырдағы қазақ ауылы ретінде жаңғырту керек деп отыр.Дәлірек айтқанда,Шығыста орналасқан Жидебайдағы Абай қыстауы тәріздес ауылды Батыс өлкеде де қалпына келтіріп, ата-бабаның сол кездегі тұрмыс-тіршілігін көрсетуге мүмкіндік бар.

Бұл жөнінде жақында Ақтөбеде өткен «Досжан ишан мемориалды кешенінде 2025 жылы жүргізілетін реставрация жұмыстарын талқылау, талдау және сараптау туралы» ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында айтылды.

Жиын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Досжан ишан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Ғылыми-әдістемелік кеңес жұмысын тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров басқарып отырды. Кеңеске Досжан ишан кешенінде жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстары мен зерттеулердің басы-қасында жүрген мамандар, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, соның ішінде темірлік ақсақалдар, мәдениет саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде:

Біздің өңір — жер көлемі жағынан республикадағы ең үлкен облыс. Соған сай, көне ескерткіштеріміз де көп. Бүгіндемемлекеттік қорғаудағы ескерткіштер тізімінде 870-тен астам нысан бар. Соңғы жылдары облыста тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жақсы жүргізілді. Реставрация жасалған ескерткіштердің қатарында Абат-Байтақ қорымындағы құлпытастар, Шәкен ишан мешіті, Алмат тамы, Оңалбек ата кесенесі, Көк мешіт, Жұмағали ишан мешіті және басқа да ескерткіштер бар, — деп атап өтті.

Сонымен бірге ол Досжан ишан кешеніндегі жұмыстардың маңыздылығына, бұл істі одан әрі жалғастыру үшін әлі де зерттеулер керектігіне тоқталды.

«Архрест» ЖШС-ның бас архитекторы Сәдуақас Ағытаев Досжан ишан мемориалды кешенінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары, олардың алдағы бағыты, қазіргі күні кездесіп отырған проблемалар жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, біріншіден, 1904 жылы геоботаник Владимир Дубянский түсірген сурет (Санкт-Петербург архивінен тауып әкелген — Мұхамбетқали Кипиев); екіншіден, жақын жылдары жоғарыдан түсірілген фотосуреттер, сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша қазір бұл жерде мешіт пен медреседен бөлек, тұрғын үйлер, шаруашылық жайлары, мұнара болғаны анықталып отыр. Сондай-ақ қорым да бар.

Мешіт құрылысы үш бөлек жүргізілгені анықталды. Шикі, бірақ өте берік кірпіштен салынып, саз балшықпен сыланған. Қабырғалары қалың, бір қабатты болғанымен өте биік мешіт ғимараты кеңестік заманда түрлі мақсаттарға пайдаланылып, кейін қараусыз қалып, үйіндіге айналған.

Діни орталық сырт жағынан қоршалған, солтүстік пен батыс жағында есіктері болған. Сәдуақас Ағытаевтың айтуынша, Дубянскийдің суреті бойынша қазір мұнара мен Досжан ишанның өзі тұрған үйдің қай жерде орналасқаны жайлы болжамдар жасалып отыр. Медресебөлмелерінің бір тізбегі көтерілген, екіншісіне консервация жасалған және үшінші қатарының да орны сақталған.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі көтерілгенде, Әмір Темір бақ егу үшін оның айналасынан жер де бөлген екен. Өйткені сол бақтан түскен табыс кесенені ұстап тұру үшін қажет шығындарға жұмсалған. Сол секілді Досжан ишан кешенінің айналасында да бақ болған, — деді С.Ағытаев.

Кешенді қалпына келтіру барысында оның да ескерілуі керектігі алға тартылды. Сонымен қатар археологтардың айтуынша, кешен жанындағы көне қорымнан құлпытас, қоршау, сағанатам сынды ескерткіштер кездескен.

Мамандар архивтен табылған көне сурет бойынша Досжан хазіреттің өз үйі темір шатырлы, әдемі болған деген пікірге тоқтаған.

Сәдуақас Ағытаев мешітті қазіргі аршылған қалпында реставрациялаудың қиын екенін айтып отыр. Өйткені үш бөлек құйылған іргетас жаңа құрылысты көтермеуі мүмкін. Оның үстіне мешіттің аршылған бөлігі қазір төменірек орналасқандықтан ол жерге жаңбыр-қар суын жібермеу де үлкен шаруа.

Ал мұнараның орны тротуармен жабылып қалған. Осының бәрі алдағы жұмыстарды қалай жалғастыру керек деген сауалға жан-жақты жауап іздеуді талап етеді.

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстандағы филиалының директоры Аслан Мәмедов осы мешіттегі қазба жұмыстарына жетекшілік етті.

Бұл — мешіт пен мавзолейден ғана тұратын кешен емес, ХІХ ғасырдағы қазақ ауылы, яғни елді мекен. Мұнда Досжан хазірет жетекшілік еткен діни орталық болған. Ауылдың пайда болуы, өркендеуі және кейін қаңырап қалуы да өз кезеңіндегі тарихи оқиғалармен байланысты екені белгілі. Бұл жерден тұрғын үйлер мен шаруашылыққа арналған құрылыстардың ізі де анықталып отыр. Осы көне ауылды қайта қалпына келтіру арқылы ХІХ ғасырдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі қандай болды деген сұраққа жауапты нақты көріністермен, соның ішінде үйдің ішкі безендірілуімен, қолданыста болған бұйымдармен де көрсетуге мүмкіндік туады, — деді Аслан Мәмедов.

Биылғы қазба жұмыстары барысында Досжан ишан мешітінің ішкі қабырғаларының түрлі ою-өрнектермен безендірілгені, араб қаріптерімен көркем етіп жазбалар жазылғаны, ал, ең бастысы, кей тұста олардың, тіпті бояу түстері де сақтала отырып, бүгінге дейін жеткені анықталған еді. Қазір осы бояулардың құрамын нақтылау, музейге қою үшін қабырғадағы жұқа қабатта сақталған қалпында консервациялау мәселелерімен Алматыдағы «Қырым аралы» ғылыми-қайта қалпына келтіру орталығының мамандары айналысып жатыр. Айта кетейік, ғылыми-әдістемелік кеңеске осы орталықтың директоры Қырым Алтынбеков пен қызметкері Любовь Чарлина да қатысты.

Өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Бекарыстан Мырзабай бұл кешеннің бұрынғы жобасы сақталды ма деген бағытта ізденістер керектігін айтты:

Досжан ишан өз заманының көрнекті тұлғасы болған. Сондықтан ол басқарған діни-рухани орталыққа қатысты мәліметтер архив құжаттарында сақталуы мүмкін. Мысалы, Ресейден кешеннің өткен ғасыр басындағы суреті табылып отыр. Бәлкім, сызылған жобасы да бар шығар? Сондықтан әлі де тыңғылықты зерттеу жүргізген дұрыс, — деді ол.

Досжан хазірет мешітінің сәулетшісі жергілікті шебер — Бірман ұста болғаны белгілі. Оның ұрпақтары қазір де Ақтөбе өңірінде тұрады.

Жиында Аслан Мәмедов Тасқабақ кешеніндегі Жұмағали ишан мешітіндегі жұмыстар туралы баяндады. Жұмағали ишан — Досжан хазірет ашқан медреседе қызмет еткен діни қайраткерлердің бірі. Кейін ол Доңызтау өңірінде мешіт ашқан.

— ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Доңызтау өңірін табын, адай рулары қыстаған. Бұл өңір сол кездің сәулетшілері мен тас қашау өнері шеберлерінің қолынан шыққан ескерткіштерге тұнып тұр. Оның ішінде діни-тұрғын кешендері де жетерлік. Жұмағали ишан кешені өткен ғасырдың соңғы кезеңіндегі этнографиялық экспедициялар барысында анықталған. Кешен туралы осы өңір ескерткіштерін зерттеген белгілі ғалым Серік Әжіғалидың еңбегінде айтылады, — деді Аслан Мәмедов.

Мешіт квадрат пішінді, қабырғаларының ұзындығы бір жағынан — 10,8 метр, екінші жағынан 10,9 метр болады. Мамандардың болжауынша, үстінде 4 күмбезі болған және құрылысқа ағаш (қайың) бағандар да пайдаланылған. Үйіндіні аршу барысында араб қарпімен жазылған кітап парақтарының үгілген бөліктері, басқа да ұсақ заттар шыққан. Кеңес заманында мешітті қойма қылса керек, бұрыштарынан жүгері дәні табылған.

Бүгінде мешіт консервацияланды. Жұмағали ишанның өзі де осы жерде жерленген.

Кеңесте Доңызтау өңіріндегі өзге де ескерткіштерді зерттеу, Досжан ишанмен үзеңгілес болған, онымен бірге қажылық сапарға шыққан басқа да қайреткерлер туралы мәліметтер жинау, т.б. мәселелер де талқыланды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button