Мереке күнгі марапат
Кітапханашы күні
24 қазанда М.Ломоносов атындағы Ақтөбе қалалық орталық кітапханасында Кітапханашылар күніне арналған «Парасат көкжиегін кеңейткен» атты салтанатты жиын өтті.
Ақтөбе қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 14 кітапхана қарайды. Жиынға осы кітапханалардың қызметкерлері, кітапхана ісінің ардагерлері және оларды мерейлі мерекемен құттықтауға келген қонақтар қатысты.
Алдымен жиналғандарды қала басшысының атынан қала әкімі аппаратының жетекшісі Манас Ершеге құттықтады:
— Бүгінгі заман — білімдінің заманы. Кітапханашы — халықты білімге үндейтін, білімге жетелейтін, сонысымен де өте қадірлі мамандық. Елімізде 24 қазан Кітапханашылар күні ретінде атап өтіледі. Сондай-ақ бүгін өздеріңізбен ең қадірлі мерекеміздің бірі — Республика күнінің қарсаңында жүздесіп тұрмыз. Осы мерекелерге орай баршаңызды құттықтап, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін! Кітапханаларымыз әрдайым оқырманға толы болсын, — деді ол.
Мерекелік лебіздер легін Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының жетекшісі Нәзира Табылдинова жалғастырды:
— Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамзатты адамзат еткен — кітапхана» деген сөзі біздің өмірімізде кітаптың, кітапхананың орны қаншалықты маңызды екенін айқындайды. Бүгін арамызда отырған ардагерлерге қарап, сонау 90-жылдардағы қиын кезеңде кітапханашылардың жанкештілікпен еңбек еткені есіме түсті. Жылуы, жарығы жоқ кітапханаларды қаңыратып тастап кетпей, келген оқырманның көңілін тауып, өз ісіне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен осы жандар еді, — деп атап өтті Нәзира Сәрсенбайқызы.
Жиында сондай-ақ қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Салиева, т.б. құттықтау сөз сөйледі. Залдағы кітапханашылардың барлығына қала әкімінің атынан мерекелік сый-сияпат пен гүл шоқтары таратылды.
Ардагерлер мен үздік кітапханашылардың бір тобы мерекеге орай марапаттарға ие болды. Кітапхана ісінің ардагерлері Дариға Жиенғалиева мен Гүлзада Төлеуова «Ақтөбе қаласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ республикалық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының алғыс хаттары табысталды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының құттықтау хаты оқылды.
Оқырмандар кітапханашыларға арнап ән-күй орындап, көңілді көріністермен мерекелік шуақты сәттер сыйлады.
А.САРЫБАЙ.