Алға ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі шешілуде

Amanat партиясының Алға аудандық филиалында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі тыңдалды. Қоғамдық қабылдауда тұрғын үй, инватакси, тегін дәрілерге рецепт алу мәселесі көтерілді.
Алға ауылының тұрғыны Алмат Жанбақовтың айтуынша, ауылда инватакси қызметіне сұраныс көп.
-Бір үйде екі мүмкіндігі шектеулі азамат тұрамыз. Өзіме де, ағама да инватакси қызметі қажет. Әсіресе ағамның жүріп-тұруы қиын. Сондықтан бұл қызметтің қолданыс аясын кеңейтіп, автокөліктерді көбейтуді сұраймыз, – деді ол.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнәр Ахметова инватакси қызметін келесі аптадан бастап барлық топтағы мүгедектер қолдана алатынын мәлімдеді. Енді аудан бойынша арнайы көтергішпен жабдықталған екі автокөлік қызмет көрсетеді. Оның бірі ауылдағы ерекше жандарға арналған.
Қабылдауда бірнеше адам тегін дәрі алудағы қиындықтарды айтты. Мәселен созылмалыа уруы бар мүмкіндігі шектеулі жандар дәрі-дәрмекке рецепт алу үшін ай сайын терапевтке жазылып, одан кейін ауруына қарай арнайы дәрігерлердің алдынан өтуге мәжбүр. Бұл әсересе егде жастағы тұрғындарға қолайсыз болып отыр.
Партияның Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова созылмалы ауруы бар науқастардың тегін дәрілерге рецепт алу мәселесін жеңілдету жолдарын қарастыру бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне депутаттық сауал жолданғанын айтты. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері мүмкіндігі шектеулі жандардың дәрігерге кезексіз өтуін қамтамасыз етуге уәде берді.
Іс-шара нәтижесінде дәрігерлер Лариса Романенконы котаракта және глоукома диагнозы бойынша порталға салды. Сондай-ақ зейнеткердің ауласындағы ағаштарды кесуге көмек көрсетілетін болды.
Айта кету керек, Алға ауданында 1400 мүмкіндігі шектеулі азамат бар.
Меңтай Бектұрсынова