Қазанғап күйі күмбірі
Өнер
Күй өнерінің құдіретін қазақ әуелден жоғары бағалаған. Домбыраны қолына ұстап, саусағымен оны шебер шерте білген адамегіз өрілген қос ішек арқылы қуанышын да, қайғысын да жеткізе білген.
Сондай талассыз талантқа ие болған сирек жандардың бірі Қазанғап Тілепбергенұлы еді.
Ол 1854-1921 жылдар аралығында Шалқар ауданы аумағында, кейініректе «Айшуақ» кеңшарына қарасты елді мекенде өмір сүрген. Ақбауыр атты биікте бүгінде мәңгі тыныс тапқан. Бірақ оның күйлері Қазанғап рухын әрдайым асқақтатып келеді. Сондай әсерлі сәттің бір орайы ұлы күйшінің 170 жылдық мерекесіне орай Шалқар ауданында өткен республикалық күйшілер байқауымен сабақтасты.
Өнерге құштарлық өрісі
— Бүгін біз қазақ халқының музыкалық мұрасы мен ұлт руханиятының асыл қазынасы — күй өнеріне қайта үңіліп, ғасырлардан жеткен ұлы мұраға тағзым етудеміз. Күйдің қасиетті пірі Қазанғап Тілепбергенұлының есімі әр қазақтың жүрегінде жатталған. Оның сырлы саздары мен терең философиясы — ұрпақтан-ұрпаққа рухани тәрбие беретін құнды мұра.
Бұл байқау тек күйшілік өнерді ұлықтап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда да ерекше маңызға ие. Қазанғап атамыздан қалған мол мұра — оның күйлері арқылы халқымыздың асқақ рухы, ерлік пен елдікке деген адалдығы бейнеленген. Бүгінгі күйшілер де осы рухты жалғастыруда.
Қазанғап атамыздың туғанына 170 жыл толуы аясында ұйымдастырылған республикалық күйшілер байқауы — қазақ өнерінің жаңа биіктерге көтерілуіне септігін тигізетін маңызды іс-шара. Бұл байқау ұлт өнерін ұлықтап, жас күйшілерге бағыт-бағдар беріп, рухани кемелденуге жол ашады, — деді мәдени іс-шараны ашқан аудан әкімі Жанболат Жидеханов.
Қазылар алқасының төрағасы ретінде Алматыдан әдейі шақырылған ҚР мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының доценті Мұрат Әбуғазы Шалқар жеріне келгендегі көңіл тоқынысын жасыра алмады.
— Музыка зерттеушілері қазақ халқында жеті мыңнан астам күй сақталғандығы туралы дерек беріп жүр. Әлемдегі ЮНЕСКО ұйымының шешімімен адамзаттың рухани мұрасы қатарында күй өнері қабылданған. Осы күй өнерінің ішіндегі қазақтың маңдайына біткенсанаулы дарындардың бірі осы Қазанғап. Оны «саз зергері» деп атайды. Атақты күйші Сәдуақас Балмағанбетов «Қазанғаптың күйлері Шалқардың құмы сияқты иірім-иірім болып келеді» деп суреттеген екен. Шындығында Қазанғап — күй орындауда ерекше бір мектеп қалыптастырған күйші. Ілме қағысты ұтымды пайдаланып, сыршыл, толғаулы, лирикалық күйлерді дүниеге әкелген.
Қазанғап Тілепбергенұлының мұрасын алғаш зерттеген, ғылыми дәйектеген —академик Ахмет Жұбанов. Қазанғаптың күйлерін ұстап қалған, кейінгі буынға жеткізген шәкірттері — Жәлекеш Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Шүрен Сартов, Құрманғали Өмірзақов. Оның бер жағында Қазанғап мұрасын кеңінен насихаттауда, шәкірттер дайындауда үлкен еңбек сіңірген адам Сәдуақас Балмағанбетов ағамыз. Мен, осы залда отырған Жайлау Асылханов, Аягөз Нұрсұлтан — Сәдуақас ағаның тікелей шәкірттеріміз. Сәкең Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда бізге сабақ берді, күй тартудың қыр-сырын үйретті. Қазанғаптың алғашқы күйтабағын шығарды. Оның күйлерін радио, телеарна арқылы насихаттады. Жалпы, Қазанғаптың күйлерін жоғарғы орындаушылық деңгейге көтерді.
Сәдуақас Балмағанбетовтің 2001 жылы «Саз зергері — Қазанғап», 2016 жылы «Күй дастан» деген жинақтары шықты. Оның бәрін қолға алып, демеушілік жасап шығарған Сәкеңнің туған інісі Нұрболат Жанаманов, — деп көп әңгімесін ортаға салды алматылық танымал күйші-ұстаз.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесіОрынбасар Тереков, мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының аға оқытушысы Асылбек Кенегесов және басқалары күй өнерінің өнегесі туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Алғашқы күні, яғни күй байқауы басталар қарсаңда сырттан келген қонақтар Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде болып, ұлы күйшінің 170 жылдығына орай «Халықтың тарихын күймен қашаған — Қазанғап» атты мәдени іс-шараны тамашалады. Онда киіз үй ішінде күйші, композитор Қазанғап бейнесін сомдаған жергілікті саз мектебі домбыра класының оқушысы Әли Ақтанұлы күйшінің «Шыныаяқ тастар» атты күйін нақышына келтіре орындады. Сонымен бірге, аудандық мәдениет үйінің фоесінде «Қазанғап мұрасы — халық қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мәдениет үйінде өткен күй сайыстың шымылдығы Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Тор жорға аттың бөгелек қағуы» күйімен ашылды. Және оркестр Сәдуақас Балмағанбетовтың «Айналайын, Ақтөбем» күйін орындады.
Ақын Бәкір Тәжібаевтың Сәдуақас күйшіге арнаған:
Шалқытып кеткен талайды,
Сен тартқан күйлер кезі көп.
Қызығып саған қараймын,
Қазанғап атам көзі деп, — деген өлең жолдары сахнада айтылды.
Сабақтастық сыры
Қазанғап күйлерін бүгінгі күнге дейін насихаттап келе жатқан көнекөз қария Жұмабай Жансүгіровтың жасы тоқсанның үстіне шықты. Ол қазір Жылтыр селосында тұрады, әлі күнге тың, көңілі сергек.
Қазанғаптың төл шәкірті Кәдірәлі Ержановтың қасында бала күнінен еріп жүріп, ол теңдесі жоқ тума таланттың елуден астам күйін еркін тартатын дәрежеге жеткен. Өнер зерттеушісі Әбділхамит Райымбергенов бірнеше рет арнайы келіп, ақсақалдан Қазанғаптың бірқатар күйін таспаға жазып алған екен.
Жұмабай ата сексен бес жасында Астананың Конгресс-холында Қазанғаптың «Қосбасар» күйін шебер орындап, көпшілік ризашылығына бөленген. Қазанғаптың он күйі оның орындауында телерадионың «Алтын қорына» жазылып алыныпты.
Сол Жұмабай ата кешегі күні аудан орталығында күй күмбірі естілгенде үйінде шыдап жата алмапты, Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйіне келіп, жас өрендеріне батасын берді.
Негізінде Қазанғап күйлерінің кеңінен таралуына үлес қосқан, оның ізін жалғастырған күйшілер сапында Кәдірәліден бері қарай таратсақ, Жәлекеш Айпақов, Келбет Тілеулин, Құрманғазы Боқаев, Балмағанбет Сайымұлы, Шүрен Сартов, Нұрқат Қосуақұлы, Райымберген Жолекенов, Айса Шәріпов, Рүстембек Омаров, Медеубай Бақтыбергенұлы, Күнжан Сайымкеліні, Момын Байғанин, Нәжімеддин Мәмбетәлин, Қожагелді Аманов, Задаш Байдәулетов, Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Әбділхамит Райымбергенов, Ақаш Мұратов, Биман Кенжетаев, Жұмалы Ембергенов, Боранбай Бердалыұлы, Мәжит Бейсембаев, Ізбасар Ілиясов, Мырзалы Төлеуұлы, Жайлау Асылханов, Талап Хамзин деп әлі де жалғастыра беруге болады.
Солардың қатарында Қазанғап күйінің насихаттаушысы да, жанашыры да, жалғастырушысы да болып жүрген Нұрболат Жанамановтың орны ерекше. Осы 170 жылдық мерекенің де шапқыншысы өзі болды. Бір жағынан «бұл іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген аудан әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз», — деп көпшілік атынан ризашылығын білдіріп қояды.
Тағы бір айта кететін жайт, шалқарлық журналист — Мұқанбетәли Есмағанбетов Қазанғап өмірі мен шығармашылығын терең зерттеген, ол туралы ел аузындағы әңгімелерді жинастырып, соның нәтижесінде күйшінің келбетін жасаған қаламгер. Ол кезінде аудандық «Коммунизм таңы», облыстық «Коммунизм жолы» газеттерінде күйші өмірінің кезеңдері туралы көптеген зерттеу, деректі әңгімелерін жариялады.
Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, күйші, музыка зерттеушісі Аягөз Нұрсұлтан өзінің Қазанғап күйші туралы көп мәліметті кезінде осы журналистің жазбаларынан алғанын айтып, Мұқанбетәли ағаның мұраларын ұқыптап ұстап отырған жары Күнзира апаға алғыс сезімін білдірді.
Осыдан нақ отыз жыл бұрын Ақтөбе қаласында Қазанғаптың 140 жылдығы аталып өткенде Ілия Жақанов, Қаршыға Ахмедияров, Ақселеу Сейдімбек, Сәдуақас Балмағанбетов, басқа да қазақтың көш бастаған өнер қайраткерлері бас қосқан екен, сол күндердің естелігі де бүгінгі әңгіме өзегіне арқау болды.
Жүйріктен жүйрік озар…
Үздіксіз күмбір қаққан күй дабылы бір сәт толастаған жоқ. Зал толы тыңдарман дала төсінде ағындап келе жатқан жүйріктердің бәйгесін көріп отырғандай сезімде болғаны анық еді.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер Қазанғаптың «Жұртта қалған» күйін орындау керек және «Саз зергері — Қазанғап», «Күй дастан» кітаптарынан таңдауы бойынша қалаған Қазанғаптың бір күйін, Сәдуақас Балмағанбетов шығармаларынан бір күй орындауы тиіс.
Екінші кезеңде үміткерлерге Қазанғаптың «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйімен бірге таңдауы белгіленген шығармалардан бір-бір туындыдан орындау ұсынылды.
Күй додасына қатысушылардың қайсысы болмасын, әбден дайындалып, өздерінің шеберліктерін барынша шыңдап келгендіктері байқалып тұрды. Сондықтан төрешілер үшін оларға баға беру де оңайға түскен жоқ.
Дегенмен, әбден саралау нәтижесінде бас жүлде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Аян Хайрулла мен магистрі Ләззат Ақиқатқа берілді.
Бірінші орынға Астанадағы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің төртінші курс студенті Аяна Сатаева лайық деп табылды. Екінші орынды Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті Мұхаммедин Көшербай мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Тимур Үмбетжан иеленді.
Күй байқауында үшінші орынға Ақтөбе музыка колледжінің студенті Әлқадір Шайқақов, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті Ерсаят Сапарғалиев, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғарғы музыкалық коллеждінің төртінші курс студенті Дана Үсен лайық деп табылды.
Бұдан басқа, Жәлекеш Айпақов атындағы арнайы жүлде Қонаев қаласы мәдениет үйінің әртісі Дәулет Жаншинге, Сәдуақас Балмағанбетов атындағы арнайы жүлде Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Шалқар саз мектебінің оқытушысы Думан Бекмырзаға, Матай Қуантайұлы атындағы арнайы жүлде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай қазақ ұлттық университетінің екінші курс студенті Диас Орынбасарға, Кәдіралы Ержанов атындағы арнайы жүлде К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті Нартай Нұрмұханбетке берілді.
Жетісу облыстық Д.Рақышев атындағы филармонияның әртісі Мейрамбек Әбдіқадіров пен маңғыстаулық күйші Қанат Іңірбаев Шалқар ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал күй сайысына қатысып, жүлдеге ілікпеген талапкерлерге Алматы қаласында тұратын белгілі күйші, кәсіпкер Алтынбек Үмбетовтің демеушілігімен 50 мың теңгеден ақшалай ынталандыру сыйлығы берілді.
Сәдуақас Балмағанбетов небәрі он бес жасында Қазанғаптың бірнеше күйін меңгеріп, «Күй басы», «Үлкен қаратөс», «Кіші қаратөс», «Қаратөстің бұлдыратпасы», «Домалатпайдың жеті түрі», «Ақжелең – 62 түрлі», «Жима Ақжелең», «Шырылдатпа», «Бұраңдама, келіншек», «Балжан қыз» атты қиын да күрделі күйлерді шеберлікпен тартқан екен. Додаға қатысқан жастар да үлкен ұстаздай болуға талпыныстарын білдіріп жатты.
* * *
…Осы күндерде сахнада бірыңғай күй тартылып қана қойған жоқ, Қазанғап өмірі мен шығармашылығы, ол өмір сүрген кезеңнің оқиға-құбылыстары туралы кең әңгіме қозғалып, ескіден жеткен естеліктер жаңғыртылды.
Оны көп жадына жеткізушілер — ҚР мәдениет қайраткері, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы,Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы, күйші Аягөз Нұрсұлтан, мәдениет саласының үздігі, күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқытушысы Жайлау Асылханов және басқалары.
Шалқар өңірін екі күн дүбірлеткен Қазанғап күйлерінің күмбірін республикамыздың түкпір-түкпірінен келген кілең талантты домбырашы жастар өз өңірлеріне ілестіріп ала кеткендей болды…
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Шалқар ауданы.