Басты жаңалықтар

Қыс — қыр астында…

Төрт түліктің азығы әзір ме?

Ауа райын болжаушылар биыл қыстың қатты болатынын айтады. Тіпті ұялы телефонға дамылсыз келіп жатқан хабарламаларда жақын күндері ауа температурасы 0-ден төмен болатыны, тайғақ болып, жолда жүрудің қауіпті екені де ескертіліп жатыр. Қардың ерте түсетіні де көрсетілген. Қар қалың болса, мал қолға тұрады. Сондықтан биылғы қысқа мал азығы жылдағыдан мол жиналуға тиіс.Ауылшаруашылығы мамандары:«Қыстық мал азығын дайындау — маңызды міндеттің бірі», —  дейді.

«Қысың қарлы болса — жер семіз.
Көктемің жаңбырлы болса —дән егіз» дейді халқымыз. Аймақтағы әр шаруа қожалығы мен жеке тұрғындардың ауласына шөп үйіліп, қысқа дайын отыр.Облыстың ауыл шаруашылығыбасқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ермек Әділбектің айтуынша,биылғы қысқа 918,3 мың бас кіреді. Осы жылға дайындалатын азық мөлшері — 2,7 миллион тонна.

—  Мал азығын дайындау барысы уақтылы және тиімді жүзеге асты. Көктемгі-күзгі маусымдық мал азығын дайындау науқанына аудандар бойынша  300-ге жуық жеке тұлға мен 100-ден аса шаруа қожалығына жер уақытша пайдалануға берілді.Жемшөп дайындау жұмыстарына қажеттілікті толықтай қамтамасыз ететін 6 400 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Облыс аумағында мал азығы үшін 94 мың гектар жер бөлінген болатын. Биыл облыста мал қыстату маусымына 918,3 мың бас кіреді. Оның 593 мың басы— ірі қара. Осынша түлікке 1,8 миллион тонна шөп қажет. Өкінішке қарай, биыл облыстағы бірнеше ауданда су тасқыны болып, 4664 бас мал шығын болды. Әйтпесе қысқы маусымға жылдан-жылға мал басы артып келетін. Мәселен, былтыр 1 миллион 7 мың  мал түскен еді. Осыған сәйкес облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында өңірді мал азығымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланып, бір жарым жылдық шөп қорын қамтамасыз ету міндетін қойған еді. Бұл шамамен 2 769,1 мың тонна. Жоспар толық орындалды. Биыл табиғи шөптің түсім көрсеткіші жақсы болды. Былтырғымен салыстырғанда 2-3 есе көп, — деді бас маман.

Биыл өңірде топырақтың ылғалды болуы егіннің шығымдылығын арттырды дейді сала мамандары. Шаруалардың басым көпші­лігі егістік алқаптарына жоғары сұрыпты тұқым егіп, барынша баптады.Дала шөбінен басқа жерге арпа-бидай егіп, тәуекел ететіндердің де көңілі бірленіп тұр. Қысқа қарай жемнің бағасы шалғай ауылдарға қымбатқа сатылады. Бірақ биыл шөптің де, жемнің де шығымына қарай баға аса көтерілмейді. Себебі малға беретін арпа мен шөптің тапшылығы байқалмайды. Сондай-ақ жиын-терін науқанын сәтті аяқтаған шаруалар егіс алқаптарын жинай сала, соқа салып, күздік дақылдарды егіп, тұқым жинауды бастап кеткен. Өңір басшысы 2025 жылы егін науқанына 174,5 мың гектар сүрі жер және 115,3 мың гектарға сүдігер әзірлеуді тапсырған.

Жемшөптің  бағасы әр ауданда бекітілді. Қазір ораманың да, буманың да  көлеміне қарай түр-түрі бар. Орташа есеппен үлкен 1 орама шөптің бағасы — 4-5 мың теңге аралығында. Биыл барлық ауданда шөптің шығымы жақсы. Ешбір ауыл сырттан мал азығын сатып алмайды. Жалпы, мал азығының бағасын тұрақтандыру бойынша жергілікті әкімдік өз ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылармен  кездесіп, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып шөп бағасын бекітеді. Мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу, оның ішінде алынған төлді аман сақтап, мал өнімдерін өндіру көлемін арттыру — ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алдындағы басты міндет. Қазіргі таңда өзімізде жеткілікті мөлшерде мал азығы жиналып тұр. Жалпы, мал қыстату науқанын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тұрақты бақылап тұрады,— деді ауыл шаруашылығыбасқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ермек Әділбек.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталып, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру, бөлінген қаражатты тиімді жұмсау мәселелерін көтерген еді. Осы орайда өңірде биылдан бастап «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына несие берілген.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын назардан тыс қалдырған емес. Биыл да бұл салаға қатысты бірқатар шаруа тапсырды. Оның ішінде қайта өңдеу саласын дамыту мәселесін баса айтты.  Ақтөбе облысына бұл бағытта 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін ақтөбелік шаруалар соның 1,4 миллиард теңгесін ғана алды. Қалған қаржы әлі игерілмеді. Бұл несиенің пайыздың мөлшері — 5 пайыз. Келесі жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 5-6 пайызбен несие беруді қарастырып жатыр. Қазір бұл бастаманы Ауыл шаруашылығы министрлігі бақылауда. Енді осы саладағы статистика мәселесіне тоқталсақ, 2025 жылы Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы санағы өтпек. Осындай іс-шаралар барлық аудандарда өтетін болады. Санақ өткеннен кейін малдың саны, егістік және жайылымдық жерлер — барлығы нақтыланады. Жалпы статистиканың ережесі бойынша ауылдық жерлердегі малдың санын ауылдық әкімдік жүргізеді. Яғни жылына екі мәрте ауылдық жерлерде мал саны мен жер аумағына инвентаризация жасалады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында статистика жүргізу мәселесі келер жылы өңірде толығымен шешіледі. Бүгінде біздің облыста 9 мыңнан аса шаруашылық болса, олардың әрқайсысы мал санын, егістік және жайылымдық жер көлемін шынайы әрі ашық түрде көрсетуге тиіс.Сонымен қатар биылдан бастап өңірімізде жемшөпке субсидия берілмейтін болды. Бұл орайда министрлік арнайы қаулы шығарды. Ережеге сәйкес, жемшөпке субсидия облыста қуаңшылық болып, төтенше жағдай режимі жарияланған кезде ғана беріледі. Ал малға берілетін субсидия бірнеше санатқа бөлінеді. Мәселен, біріншіден, асылтұқымды ірі қара мен жылқыға, екіншіден, ірі қара мен қойды асылдандырып, селекциялық жұмыстар жүргізгенде беріледі. Үшіншіден, шаруашылықтар сүт өндіргенде субсидия ала алады, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құ­сайын Сәрсембай.

Өңірдің астықты және ірі шаруа қожалықтары да көп өңірі — Әйтекеби ауданы. Мұнда 500-ден аса шаруа қожалығы, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын 230-дан аса шаруа қожалығы бар. Аймаққа биыл қыста 89 844 мал басы кіреді деп жоспарланған. Бұған 227,7 мың тонна шөп дайындалып, жоспар артығымен орындалған. Аудан бойынша  мал ұстайтын аулаларға түгелдей шөп түсіп болған. Әйтеке би аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Орынкүл Алдашеваның айтуынша, мал азығын дайындауда аудандағы шаруа қожалықтарының үлесі көп.

Солардың бірі — «Жаназар» шаруа қожалығы малдың күйін түсірмеу үшін қосымша жоңышқа шөбі және күздік қара бидай дақылдарын да еккен. Ол әр гектардан 80 пайыз өнім алып, қысқа қажетті құнарлы азықты жинап алды.Бір орама шөптің (рулон) салмағы — 250-300 келі аралығында болады.  Шаруа қожалығының басшысы Бекберген Жаназаров биыл мал азығын дайындауға ерте кіріскенін айтады.

Шөп қабылдауды маусым айында бастап кеттік. Ертешабылған көктің нәрі де,өңі де бойында тұрады. 24 жыл бойы осы салада қызмет атқарып келемін. Қарамағымда 3 жұмысшы бар. Қысқа дайындық тек мал азығымен шектелмейді. Бірге жұмыс істейтін қарапайым жұмысшыларының жылы орында демалып, ыстық ас-суын ішуіне жағдай жасалғаны да жөн. Оларға барлық жағдай жасалған. Техникам да жеткілікті. Үкіметтің беретін субсидиясы шаруаны жүргізуге көп көмегін тигізіп тұр. Осы малдарды қысқа дайындап, жемшөптен қыспай, күйлі шығаруым керек, — дейді шаруашылықтың басшысы. Тәжірибелі шаруаның айтуынша, малды бағып, одан мол өнім алғың келсе, беретін азығын аямау керек.

Сайып келгенде, қысқы азығын қамдаған шаруаларға биыл қиындық болмайды деген сенімдеміз. Дегенмен мал қыстату науқанында тек жемшөп дайындау ғана емес, әр малдың қыстан қысылмай шығуы өзекті. Әрине, сапалы жұмыстан көзделген нәтиже көп. Мал— күйлі, шаруаның ісі оң болсын.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button