Референдум

Туған күнінде референдумға дауыс берді

Байғанин ауданы бойынша 9 ауылдық округте 23 референдум учаскесі орналасқан. Оның 6-уы — аудан орталығында.
Референдумға дейін облыстық, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары халыққа Президент Жолдауы мен халық үніне құлақ асатын референдум туралы айтып, жүйелі жұмыс жүргізді. Ел болашағына алаңдайтын тұрғындар бүгін өз таңдауын жасауға белсенді қатысып жатыр.
Бүгін — Елужан Шонаевтың туған күні. Ол өз туған күнімен қатар келген еліміз үшін маңызды референдумда дауыс беріп, таңдауын жасады.
— Ел болашағы үшін қам жейтіндердің қатарындамыз ғой. Таңдауымды жасадым. Келешегіміз жарқын болсын, еліміз тыныш болсын, — дейді Е.Шонаев. Туған күн иесіне учаске төрағасы сыйлық табыстады.
Ауылдың үлкендері де қалыс қалмады. Қарауылкелді ауылында тұратын ардақты ана, қажы Тұрсын Мәтекбаева дауыс беріп шығып:
— Біздің болашағымыз — балаларымыз. Өскелең ұрпақ елімізді өрге сүйреуі үшін жасалатын қадам нық болуы керек. Біздің тілегіміз — еліміз дами берсін, гүлдене берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді.
Үйден дауыс беруге өтініш білдіргендердің арасында Жаңажол ауылдық округіне қарасты Оймауыт ауылында тұратын 104 жастағы Тұраш Құдайқұлова да бар.
Референдум учаскелері кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істейді.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button