Мәдениет

Әуезов театрының шашуы

Театр

Сәрсенбі күні М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Ақтөбедегі гастрольдік сапарын Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен бастады.
Бірер жылда ғасырлық тойын атап өткелі отырған байырғы өнер ұжымының ғимараты қазіргі таңда жөндеу жұмыстары үшін уақытша жабылған. Соған байланысты әрі жоспарға сәйкес труппа өңірлерді гастрольмен аралап жүр.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында әкемтеатр таңдаулы қойылымдарын көрермен назарына ұсынып жатыр. Айталық, 2 қазан күні Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасын сахналаса, кеше И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі қойылды. Ақтөбеліктер бүгін, яғни 4 қазанда М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын, 5 қазанда Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясын және 6 қазанда Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасын тамашалай алады. Спектакльдердің басталу уақыты — сағат 19.00-де.
— Ақтөбелік көрермен қауымды жақсы көреміз. Өйткені театр өнерін бағалайтындар мұнда көп. Спектакльді ерекше ықыласпен көреді, уақтылы келеді. Бірер жылда Президенттің бастамасымен Ақтөбе қаласында жаңа театр ғимаратының салынатынын естіп, қуанып қалдық. Өйткені бұл біздің мұнда жиі келуімізге, тіпті айлап гастрольде жүруімізге мүмкіндік беретін еді. Жасыратыны жоқ, қазіргі ғимарат шағын, сахнасы да тар.
Облыс әкімінің театр өнеріне көзқарасы жақсы екенін байқадық. Бізді өзі қабылдап, сәтті сапар тіледі.
Ақтөбеліктер үшін Бақтияр Қожа, Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыров, Данагүл Темірсұлтанова сынды елге белгілі актерлер өнер көрсетеді. Сондай-ақ арасында Мейрамбек Тағанов, Әлсейіт Есбатыров, Ажарлым Мағзұм, басқа да жерлестеріңіз бар, — дейді театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек.
Айта кетейік, көрерменнің сұранысы бойынша кейбір спектакльдер қосымша сахналанғалы отыр. Мәселен, «Мәңгілік бала бейне» қойылымын ақтөбеліктер 6 қазан күні сағат 15.00-де көре алады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button