Жаңалықтар

Бизнес саласы қай тілде «сөйлейді»?

Мемлекеттік тіл

Көшелердегі көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілдің заңнама талаптарына сай ма? Жарнама қай тілде «сөйлейді»? Жалпы, көрнекі ақпараттардағытілдік қателіктер мен заңбұзушылықтар үшін қандай жауапкершілік қаралған?  Жарнама материалдарының тілдік және мазмұндық сапасын арттыру үшін не істеу керек?

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыстың тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырған жиынға келген жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының мамандары, сәулет және қала құрылысы саласының қызметкерлері, бизнес-қауымдастық өкілдері, жарнама агенттіктері, тіл жанашырлары осы сұраққа жауап іздеуге тырысты.

«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ басшысы Амангелді

Қонақбаев бүгінде облыста мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оны кәсіпкерлік саласында қолдану деңгейін жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Тілге деген құрмет «маңдайшадан» басталады

«Театр киім ілгіштен басталады». Ал кәсіпкердің мемлекеттік тілге, тұтынушыға деген құрметі кәсіп нысанының маңдайшасындағы атауын сауатты жазудан басталады.

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Әбиеваның айтуынша, бүгінде көрнекі ақпарат пен жарнамадағы тілдік қателіктер мен заңбұзушылықтар халықтың наразылығын тудырып, қоғамда теріс пікір қалыптастыруда.

— Жарнама индустриясында қолданылатын тілдің сапасын арттыру және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды мәселе болып отыр. Заңға сәйкес барлық көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндері ең алдымен мемлекеттік тілде ұсынылуға тиіс. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексінің 75-бабына енгізілген өзгерістер — жарнама индустриясында сапаны арттыруға және ұлттық мәдениетті сақтауға бағытталған маңызды қадам.  Бұл өзгерістер заңнама талаптарын күшейте отырып, жарнама материалдарының тілдік және мазмұндық сапасын арттыруды көздейді, — деді ол.

Аталған заңның 75-бабына 2023 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік тілдегі жарнама мәтіндерінің сапасына қойылатын талаптар қатаңдатылды. Атап айтқанда, жарнамада мемлекеттік тілдің нормалары сақталмаса немесе мазмұны ұлттық құндылықтарға қайшы келсе, құқықбұзушылық ретінде қарастырылады.

Бұл өзгерістер мынадай мақсаттарды көздейді: мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту — жарнама мәтіндерінде қазақ тілінің қолданылуын кеңейту және оның сапасын арттыру; ұлттық мәдениетті сақтау — жарнамалық контенттің мазмұны арқылы ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды қорғау; тұтынушыларды қорғау — жалған және шынайы емес ақпараттан сақтандыру.

Осы өзгерістерге сай жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сәйкестігін тексеру және қажет болған жағдайда шара қолдану мүмкіндігі кеңейді, яғни мемлекеттік органдардың рөлі артты. Сонымен бірге қоғамдық бақылау механизмдері күшейтілді, яғни азаматтар мен қоғамдық ұйымдар жарнамадағы заңбұзушылықтарды анықтап, тиісті органдарға хабарлай алады. Тұтастай алғанда жарнама мазмұнын бақылау күшейтілді, — дейді Б.Әбиева.

Тіл жанашырларының айтуынша, бұл өзгерістердің барлығы жарнама мәтіндеріндегі қазақ тілінің қолдану сапасы жақсартып, мазмұны ұлттық мәдениет пен этикалық нормаларға сай болуына ықпал етеді және кәсіпкерлер мен жарнама берушілердің жауапкершілігін арттырады.

Б.Әбиеваның айтуынша, бүгінде жарнама материалдарында жиі кездесетін мәселелердің бірі — тіл нормаларының сақталмауы, яғни орынсыз аудармалар, грамматикалық қателіктер, мағынасыз мәтіндер мен тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы.

Облыста былтыр жүргізілген мониторинг нәтижесінде 3098 жарнама мәтіні сарапталып, оның 989-да заңбұзушылықтар анықталған. Заң талаптарын түсіндіру және әдістемелік көмек көрсету нәтижесінде 765 жарнама мәтіні түзетілді. Сонымен қатарбилбордтар мен LED экрандардағы жарнама мәтіндері басқарманың ресми мақұлдауынан кейін ғана орналастырылып жатыр.

— Барлық кәсіпкерлік нысан иелері кәсіп ашып, өз кәсібін жарнамалау кезінде маңдайшадан бастап, барлық көрнекі ақпарат мәтіндерінің мемлекеттік тілде дұрыс және сауатты жазылуына тілдерді дамыту басқармасымен тікелей байланыс жасай алады. Басқарма тарапынан әдістемелік көмек көрсетіледі, — деді Б.Әбиева.

Жарнаманың сауатты болуы қаржыңды үнемдейді

Мамандар Ақтөбе қаласының жарнама инфрақұрылымы үнемі жаңарып, көркемдік және заңнамалық талаптарға сәйкестендіріліп келе жатқанын, алайда заңсыз орналастырылған жарнамалар қала келбетіне кері әсерін тигізіп қана қоймай, қауіпсіздік ережелерін де бұзатынын айтады. Ақтөбе қаласы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі жарнамаларды реттеу және заңсыз құрылымдарды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған мекеменің «Урбанистика орталығы» КММ басшысының орынбасары Әділбек Шәкіровтің айтуынша, былтыр 171 заңсыз орнатылған жарнамалық құрылым жойылған. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірге заңнаманы бұзған 55 тұлғаға айыппұл салыныпты.

— Қаланың сыртқы келбетін жақсарту мақсатында ірі жарнама агенттіктеріне ескі билбордтарды заманауи үлгілерге ауыстыру ұсынылды. Бұл Ақтөбенің сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, жарнама құрылымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жарнаманың тек заңды түрде орналасуын ғана емес, оның қала келбетіне үйлесімді болуы да басты назарда. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді, — деді ол.

Әділбек Шәкіровтіңайтуынша, жарнама орналастыру ережелерін бұзу, әсіресе көшелердегі заңсыз жарнамалар мен көлік құралдарындағы жарнама талаптарын сақтамау жиі кездеседі. Көптеген кәсіпкерлер«Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары» және Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасы негізінде көрнекі ақпарат пен жарнама орналастыру тәртібін сақтай бермейтіні айтылды.

Жарнама заңнамасына сәйкес көліктерге орналастырылатын жарнама қазақ және орыс тілдерінде болуға тиіс, тіркелген және ресми рұқсат етілген жарнамалар ғана көліктерге орнатылуы керек, жол қозғалысына кедергі келтіретін немесе жүргізушілердің назарын аударатын жарнамалар заңсыз болып есептеледі.Дегенмен Ақтөбе қаласында көптеген көлік құралдарында (газельдер, автобустар, жүк көліктері) жарнамалық баннерлер мен жазулар талаптарға сай емес. Бұл мәселе жол қозғалысының қауіпсіздігіне де әсер етеді.

Қала көшелерінде жол жиегінде немесе қоғамдық орындарда тұрған жарнамалық тіркемелер (прицептер) жиі кездеседі. Бұл абаттандыру қағидалары мен жарнама заңнамасына қайшы келеді. Басқа қалаларда жергіліктімәслихат шешімімен мұндай жарнама түріне шектеу қойылған, сондықтан Ақтөбе облысында да осындай шараларды енгізу қажет. Нақты айтсақ, жергілікті әкімдік тіркемелерге жарнама орналастыруға тыйым салу туралы қаулы қабылдауы керек. Мұндай жарнамаларды пайдалану үшін арнайы рұқсат беру тәртібі енгізілуге тиіс, сонымен бірге заңсыз қойылған жарнамалық тіркемелерді алып тастау бойынша бақылауды күшейту қажет, — деді ол.

Тұтынушы талап етуге құқылы

Жиын барысында қазақ тіліндегі жарнамаларда халықаралық терминдердің пайдаланылуы мен тілдік сәйкестік, жарнама және тұтынушы құқығы мәселелері де айтылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық филиалының төрағасыНұрдәулетАлдашев қазақ тіліндегі жарнамалардағы калька аудармалар мен халықаралық терминдердің қолданылуына қатысты пікірін білдірді.

— Жарнама мәтіндерінде халықаралық терминдер жиі қолданылады. Әсіресебұл ірі брендтер мен танымал компаниялардың жарнамаларына тән. Әрине, көптеген халықаралық брендтердің атауы аудармасыз қолданылады, бірақ жалпылама

терминдер мен ұғымдардықазақ тіліне аудару немесе баламасын табу тіл тазалығын сақтау үшін маңызды. Мәселен, бүгінде жиі қолданылатын«барбер» сөзін — шаштараз, «саммитті» — жиын, кездесу, «лизингті» жалға беру деп жазуға болар еді. Бұл сөздерді қазақша қолданужарнама тілінің байлығын арттырып, оны көпшілікке түсінікті етеді. Сондықтанжарнама берушілер мемлекеттік тілдің нормаларын сақтап, тұтынушыға ақпаратты қолжетімді әрі сауатты жеткізуге мән беруі керек,— дедіН.Алдашев.

Қалай болғанда да тұтынушылар мемлекеттік тілде сапалы ақпарат алуыкерек.

Жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі — қоғамдық тамақтану орындарында, сауда нүктелерінде қазақ тіліндегі ақпараттың толық ұсынылмауы.

Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бас маманы ГүлзадаАлматбаеваның айтуынша, былтыр тұтынушылар тарапынан мемлекеттік тілдегі ақпараттың жетіспеушілігіне қатысты көп өтініш түскен.

—  Өтініштер, негізінен, қоғамдық тамақтану орындарында тұтынушыларға қажетті ақпараттардың мемлекеттік тілде болмауы, сауда орталықтарындағы тауарларға қазақ тіліндегі жапсырма белгілердің болмауы, жарнамалар мен маңдайша жазулардың тек бір тілде берілуісияқты мәселелерге қатысты болды.

«Техникалық реттеу туралы» Заңының талаптарына сәйкесбарлықтауарлардың таңбалануы мемлекеттік және орыс тілдерінде болуға тиіс. Алайда бұл талапкөп жағдайда сақталмайды. Мысалы, жақында Қобда ауданында балалар жаппай уланып, ауруханаға түсті. Балалар сатып алған  өнімнің ақпараттық жапсырмасы тек қытай тілінде болғаны анықталып отыр .Бұл өнімді қалай қолдану керектігін де ешкім түсінбейді. Яғни сайып келгенде мұндай заңбұзушылықтар адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіреді, — дейді Г.Алматбаева.

Қазақ тіліндегі ақпарат болмаған жағдайда тұтынушылар сауда нүктесінде мемлекеттік тілде ақпараттың жоқтығын айтып, әкімшілікке өтініш бере алады. Сондай-ақ тілдерді дамыту басқармасына немесе тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына шағым жолдай алады. Егер шағым қарастырылмаса, сот арқылы талап арыз беруге болады.

— Ел заңнамасына сәйкес, кәсіпкерлермемлекеттік тілдегі ақпараттың толық берілуін қамтамасыз етуі керек. Бұл ретте «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңға сәйкес, егер мемлекеттік тілде ақпарат ұсынылмаса, тұтынушы арыз жазуға құқылы, егер заңбұзушылық түзетілмесе, айыппұл салу немесе басқа шаралар қабылданады.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестіктері белсенді жұмыс атқарып жатыр. Былтыр облыстағы бірқатар дүкендер мен сауда нүктелері тексеріліп, бірнеше заңбұзушылық анықталды.Мәселен, кейбір дүкендерде өнімнің қазақ тіліндегі таңбалануы жоқ,жарнамалар мен маңдайшалар тек орыс тілінде немесе басқа тілдерде жазылған, кәсіпкерлер тұтынушыларға заңды ақпарат бермеген.Нәтижесіндеқұқық қорғау органдары бірнеше кәсіпорынға айыппұл салып, тауарлардың сәйкестігін жоюға қатысты шаралар қабылдады, — дейді Г.Алматбаева.

Сөзбе-сөз аударма — мәдениетсіздік пен жауапсыздықтың көрінісі

Жарнама, көрнекі ақпарат құралдары — негізінен қандай да бір тауар, қызмет туралы тұтынушыға берілген ақпарат. Оның дені заңды тұлғаларға тиесілі. Осы ретте «кәсіпкерлер мен бизнес иелерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы қандай?» деген сұрақ туындайды.

Көптеген кәсіпкерлер қазақша жарнама жасаудың маңызды екендігін түсінеді. Алайда кейбір жағдайларда қазақша сапалы аудармаға көңіл бөлінбей жатады. Кейбір жарнама берушілер қазақ тіліндегі мәтінге немқұрайды қарайды, сөзбе-сөз, яғни калька аударма жасайды. Бұл — мәдениетсіздік пен жауапсыздықтың көрінісі. Жарнамада қате аударылған немесе шалағай жазылған мәтіндер мемлекеттік тілдің беделін төмендетеді. Мұндай жағдайлар халықтың наразылығын тудырып, қоғамда «қазақ тілі дұрыс қолданылмайды» деген пікір қалыптастырады. Қазақша дұрыс жарнамажасауға ниеттенген бизнес өкілдеріне жеңілдіктер немесе ынталандыру механизмдері қарастырылуы қажет. Сонымен бірге айыппұлдар мен әкімшілік жауапкершілікті қатаңдат укерек, —  дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы Сауда және қызметтер көрсету салалық кеңесінің төрағасы, «Айбар-А» ЖШС басшысы Арман Жылгелді.

А.Жылгелдінің айтуынша, облыста мемлекеттік тілді дамыту мен оны кәсіпкерлік саласында кеңінен қолдану бағытында біраз жұмыс істеліп жатыр. Соның бірі — «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен тілдерді дамыту басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы.

—  Меморандум мақсаты — мемлекеттік тілдің бизнестегі қолданылу аясын кеңейту, кәсіпкерлерді қазақ тіліндегі жарнама мен көрнекі ақпаратты дұрыс қолдануға ынталандыру, заң талаптарын түсіндіру және бизнес өкілдеріне әдістемелік көмек көрсету. Бұл ретте тілдерді дамыту басқармасы өз тарапынан кәсіпкерлерге әдістемелік құралдар, көрнекі ақпарат дайындау бойынша көмек көрсетеді. Ал «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бизнес өкілдерінің мемлекеттік тілге қатысты мәселелерін талдап, оларды шешу жолдарын қарастырады.Бүгінде меморандум тиімділігін көрсетіп отыр. Яғни бизнес ортасында қазақ тілін қолдану деңгейі артып келеді,кәсіпкерлер заң талаптарын сақтауға және қазақ тілінде жарнама жасауға көбірек мән бере бастады, — деді ол.

 P.S. Тіл мәселесі елімізде тәуелсіздік алғалы бері айтылып келеді. Арман Жылгелдінің айтуынша, мемлекеттік тілдің бизнес саласында кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажеттілікті арттыру керек. Ал заң аясында  қажеттілікті арттыру тұтынушының қолында екенін ескерсек, сіз бен біз жауаптымыз…  

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button