455 мың текше метр қар шығарылды

Қала
Ақтөбеде су тасқынына қарсы іс-шаралар қызу жүріп жатыр. Жалпы, соңғы он күнде үш айда жауатындай қар жауған. Сондықтан қалалық әкімдік қар шығару жұмыстарын тәулік бойы екі ауысыммен қарқынды түрде жүргізіп жатыр.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда 455 мың текше метр қар шығарылған. Қар өнеркәсіптік аймақта құрылған полигонға тасылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға 420 самосвал және жүктиегіш тартылды.
Негізгі күш қаланың су басу қаупі бар Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты, Шанхай аудандарына бағытталып отыр. Одан бөлек қаланың ішіндегі арық жүйелерін қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Қалада ұзындығы 55 шақырым болатын суағар, каналдар жүйесі бар. Бұларды тазартуға екі аудан бойынша 7 мердігер ұйым жұмылдырылған. Яғни 230 жұмысшы, әскери бөлімдердің 400 сарбазы мен әскери институттың 140 курсанты тартылған.
— Ақтөбеде су тасқыны кезеңіне қарсы шараларды күшейтіп жатырмыз. Бұл мәселені Асхат Берлешұлының төрағалығымен өткен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында тағы да талқыладық. Әрине, табиғаттың құбылысынан әрқилы қиындықтар күтуге болады. Дегенмен барлық мүмкіндікті пайдаланып, дайындық жұмыстарын тоқтаусыз жүргізудеміз.
Дайындық аясында қорғаныс бөгеттері салынып, арықтар мен каналдарды, су өткізу құбырларын тазарту жалғасуда. Құм толтырылған қаптар дайындалып, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек су басу қаупін азайту үшін көшелерді еріген қар суынан, қардан тазартуды жеделдетуге тырысып жатырмыз. Бизнес нысандарының иелері мен көп қабатты үйлердің басқарушылары аумақтарынан қар шығару жұмысын тезірек атқаруға тиіс. Оларға мобильді топ мүшелері мән-жайды түсіндіріп, заң аясында ескертіп жатыр. Қазір қала аумағында осы су тасқыны кезеңі аяқталғанға дейін барлық коммуналдық қызметтер және құтқару қызметтері 24/7 режиміне көшірілді, — деді қала әкімі Азамат Бекет.
Алматы ауданы бойынша суға кету қаупі бар аймақтар, яғни Ақшат, Қызылжар, Қурайлы, Есет батыр тұрғын үй алаптары мен «Зеленстрой», «Песчанка», «Гидрогеолог» бау-бақша ұжымдарында алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Бірінші кезекте арнайы техникалармен еріген қар суының бағытын бұру, су арналарын тазалау, өзен жағасында орналасқан үйлердің аумағына бөгет жасау, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Астана ауданындағы шаруаларға Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары мен №3020038 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылуда. Бұл ауданда ұзындығы 33 мың метр ашық және жабық суағар бар. Негізгі тазарту жұмыстары Алтын Орда ауданынан басталады. Сондай-ақ «АЗФ-1,4,5», «АЗХС-4,5» және «ТЭЦ-2» бау-бақша ұжымдарында қар шығару жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Кәмшат ҚОПАЕВА.