«Соңғы сөз» қойылымы көрсетілді

Балалар театры
Ақтөбе қаласындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Уақыт» балалар театры жұмыс істейді. Жақында аталған театрдың тарихи драма жанрындағы «Соңғы сөз» қойылымын тамашаладық.
«Соңғы сөз» — ұлттық тарих пен руханиятты терең зерделейтін ерекше қойылым. Бұл туындыда Алашорда қайраткерлерінің қазақ халқын ояту, білімге жетелеу және ұлттың азаттығын қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегі мен бастан кешкен қиындықтары көрініс табады. Қойылымның басты мақсаты — Алаш ардақтыларының ұлы мұраты мен қайсарлығын жас ұрпақтың санасына жеткізу.
Қойылымда Алашорда қайраткерлерінің ел үшін жанын қиған әрекеттері көркемдік шеберлікпен суреттелген. Қарапайым өмірлік сәттер мен күрделі саяси оқиғалар қатар өріліп, көрерменге терең әсер қалдырады. Декорация мен жарықтың үйлесімді қолданылуы оқиғаның драматизмін тереңдете түседі. Әсіресе басты кейіпкерлердің монологтары көрерменді бей-жай қалдырмайды. Музыкалық сүйемелдеу де қойылымның атмосферасын күшейтеді.
— Театр — үлкен өнер, руханияттың қайнар көзі. «Соңғы сөз» спектаклі — тарих кемеліне сүйеніп, тәуелсіздіктің нышаны іспеттес болған Алаш арыстарының айқын бейнесінің көрінісі. Бұл қойылымда тәуелсіздіктің осындай қиян-кескі трагедиямен, қасіретпен келгенін көрсеткіміз келді. Қойылымды тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш арыстарының рухына тағзым ету үшін әрі сол кездегі қайғы-қасіретті қазіргі ұрпақ ойына тоқысын деген ниетпен сомдадық, — дейді «Уақыт» балалар театрының көркемдік жетекшісі Фархад Шынтеміров.
Нұрдана ХАЙРУЛЛА,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің 8 «Ә» сынып оқушысы.