Шуақты мереке

Өнер орталығында өткен мерекелік шарада өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектер марапатталды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров мереке иелерін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, әр салада еңбек етіп жүрген әйел-аналарға өз ризашылығын білдірді.
— Әйел-Ана —тіршіліктің күретамыры, сұлулықтың символы, отбасының ұйытқысы. Сіздер бүгінде қоғамның барлық саласында адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп, ұлттық дәстүрлерімізді жалғастырып, жаңғыртып келесіздер. «Әділетті Қазақстанды» құруда нәзік жандылар көш бастайтындығына сенімдіміз. Дендеріңізге саулық, бақ-береке және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! — деген өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайтуға айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті.
Мерекелік кеште облыс әкімі Жұмысшы мамандықтары жылына орай өңірдің өндіріс саласында абыройлы еңбек сіңіріп жүрген бес адамға мемлекеттік награда табыс етті. Атап айтсақ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне «Qala Trans» ЖШС автобус жүргізушісі МұңсызТілегенова, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ цехының операторы Альфия Халиуллина, «Қазхром» ТҰК» АҚ басқару пультінің операторы Бибігүл Райымбекова, «Aqtobesu-energygroup» АҚ операторы Гүлнар Айманова және «Ақтөбе хром зауыты» АҚ цехының маркер шебері Ұлмекен Нұрышева ие болды.
Сондай-ақ шарада өндіріс, денсаулық сақтау, спорт, құқық қорғау және БАҚ саласында жұмыс істеп жүрген 72 қыз-келіншек облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Олардың қатарында әріптестеріміз —облыстық «Ақтөбе» газетінің терушісі Гүлмара Айназарова мен облыстық«Актюбинский вестник» газетінің беттеушісі Таңсұлу Шангереева бар.
Мерекеде мемлекеттік наградамен марапатталғандардың бірі — «QalaTrans» ЖШС автобус жүргізушісі МұңсызТілегенова.Ол 40 жылдан астам уақыт қоғамдық көлік қызметі саласында еңбек етіп келеді.
— Маған жұмысым өте ұнайды. 42 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізіп келемін. Алдымен троллейбус жүргіздім, кейін автобусқа ауыстым.Бүгін,міне, мерекеде марапатталып отырмын. Өте қуаныштымын және барлық әйелдерге шын жүректен денсаулық, бақыт және отбасыларына амандық тілеймін. Өмірлеріңіз қуаныш пен шаттықа толы болсын, —деді марапат иесі.
Айта кету керек, марапаттау шарасынан кейін Өнер орталығында «Дана әйел—әлемнің әні» атты концерт ұйымдастырылып, оған облыстағы белсенді әйел-аналар шақырылды.
Салтанатты шарада өңір басшысы Асхат Шахаров өзі бастап концертке келген қыз-келіншектерге мерекелік гүл мен тәтті тарту етті.
Бұдан кейін концерттік бағдарламада ана туралы әндер айтылып, бишілер мың бұрала биледі. Ал театр артистері нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі туралы сахналық қойылым қойды.
Кеште қазақ камералық хорының ұжымы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев, мәдениет қайраткері Аллаберген Жақсыбаев бастаған өнерпаздар әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Д.ҚАЗИХАН.