Өнерімен өлкесін өрнектеген

Көрме
Облыстық өнер музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайрат Ноғаевтың «Өнеріммен өрнектеймін өлкемді» көрмесі ашылды. Мұнда қылқалам шеберінің 32 туындысы қойылған.
Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер мен қазақ халқының мәдениеті бейнеленген картиналардың әрқайсысы — бір әлем. Көрермен қауымды әртүрлі күйге бөлеп, ерекше сезім сыйлайды.
— Көрменің мақсаты — бейнелеу өнері арқылы мәдени мұралар мен дәстүрлерді насихаттау, қазақстандық суретшілердің шығармашылығын қолдау және көрермендер арасында патриоттық рух қалыптастыру.
Қайрат Ноғаев өз шығармашылығында қазақ мәдениетінің бірегейлігін, байлығын ерекше көркемдік стильде көрсетеді. Оның суреттерінен қазіргі тыныс-тіршілікті де табуға болады. Ұлттық ойындар, тұрмыстық көріністер мен батырлар бейнесі ашық әрі нақты түрде көрініс тапқан картиналар үлкен-кішінің көңілінен шығатыны даусыз. Арасында сюрреализм элементтерімен де орындалғаны бар.
Туындылардың басты ерекшелігі — ашық түстердің молынан қолданылуы. Сонысымен картиналары еріксіз назарыңды аудартады, — дейді облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекова.
Қайрат Болатбайұлы — суретші ғана емес, өнердегі ізбасарларына сабақ беретін педагог. 2007 жылдан бері С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде болашақ дизайнерлерге дәріс оқиды. Халықаралық, республикалық көрмелер мен пленэрлерге қатысып, картиналары Литва, Мексика және Польшадағы көрмелердің каталогтарына енген. «Өнер АРТ» студиясына жетекшілік етеді.
Көрме 6 наурызға дейін жалғасады.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.