«Ақтөбе» — Қазақстан кубогының иесі
«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:2
«Ақтөбе» Қазақстан кубогын бір-ақ рет жеңіп алған еді. 2008 жылы. Расы керек, бұл кезең жерлестеріміздің желпініп жүрген кезі болатын. 2005, 2007, 2008, 2009, 2013 жылдары біздің команда Қазақстан чемпионы атанды. Оның үстіне 2008, 2010, 2014 жылдары Қазақстан Суперкубогына ие болды. Одан бері мұндай биіктерге шыға алмадық. Тіпті жергілікті биліктің теріс көзқарасы салдарынан 2020 жылы Бірінші лигада ойнауымызға тура келгені де ұмытылған жоқ. Қазақстан кубогының финалына, міне, осындай жағдайлардан соң келіп едік…
«Менің алдыма нақты міндеттер қойылды. 29 қыркүйекте біз Қазақстан Кубогының финалында ойнауға тиіспіз. Алдымызға қойылған міндетті абыроймен орындап шығамыз деп ойлаймын. Дегенмен сол кездесуде «Атыраумен» ойнағанға дейін чемпионатта екі кездесуіміз бар. Осы кездесулерде жеңіске ие болып финалға көтеріңкі көңіл күймен келуді мақсат етіп отырмыз», — деген болатын «Ақтөбенің» бас бапкері Игорь Леонов қыркүйектің басында, жаңа қызмет тізгінін қолға алғаннан соңғы сұхбатында.
Дегенмен алға қойылған мақсаттың 100 пайыз орындала бермейтіні де бар. Бұл жолы да солай болды. Әлгі екі кездесудің біріншісінде жерлестеріміз 3:0 есебімен жеңіске ие болса, екіншісінде 0:3 есебімен ұтылып қалғаны мәлім. Оның үстіне «Тобылмен» болған екінші кездесуде Уче Агбоға дөрекі ойыны үшін «қызыл қағаз» көрсетіліп, 44-минутта алаңнан қуылды. Сол-ақ екен, жерлестеріміздің қимыл-әрекетінен береке кетті. Не қорғаушылар, не қақпашы қостанайлықтарға қарсылық көрсетіп жарытпады да алаң иелеріне үш ұпай ұстатып қайтып кете берді. Айтпасаң да болмайды, чемпионаттың соңғы ойындарында Максим Самородов пен Рамазан Оразовтың жоқтығы кәдімгідей білініп тұрды. Ал мына ойынға «қызыл қағаздың» кесірінен Габи Кики қатыспайтын болды.
Ал «Ақтөбенің» «Атыраудан» басымдығы біреу ғана еді — турнир кестесінің бас жағында тұрғандығы ғана. Әйтпесе чемпионаттың соңғы ойындарында жерлестеріміздің кәдімгідей шаршап та, шалдығып та қалғандығы көрініп тұрды. Өзіңіз қараңыз, соңғы алты кездесуде «Ақтөбе» бір рет қана ұтты, онда да турнир кестесінің екінші бөлігінде жүрген «Жетісуды» ұтты. «Тобыл» мен «Елімайдан» ұтылды, «Атырауға», «Қайсарға», «Ордабасыға» тісі батпады. Осы кездесулерде 7 гол соқса, өз қақпасына 9 гол жіберіп алды.
* * *
Кездесуді футболшылар ешқандай барлаусыз-ақ бастап кетті. Өйткені мұндай ойында әр минут дегеніңіз не, әр секунд қымбат болатыны анық. Екі команда да қарсыласының қақпасына нысанаға алуға тырысты. Дегенмен екі жақтың да қорғаушылары аса сақ ойнады. Бірде ол жақтың, бірде бұл жақтың футболшылары қарсылас команданың алаңына жорық жасаумен болды. Әйтсе де гол соғарлықтай мүмкіндік болып жарытқан жоқ. Тіпті «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына бірде бір соққы да жасамады деуге болады. Бір байқалған нәрсе — жерлестеріміз жекелей шапқылаумен болды. Тастаған пастары да бірде жетіп, бірде жетпей жатты. Бірін- бірі қалайша түсінбейтіні жұмбақ. Сонымен бірге алдындағы доптан айрылып қалатындары да қызық.
Осымен сырғып бірінші таймның жартысы да өтіп кетті. Осы кезде пас берудің үлгісін атыраулықтар көрсетті. 24-минутта Джоэль Каямба Игорь Стасевичке тамаша пас тастады да, ол допты айып алаңында жүрген Николай Сигневичке бағыттай қойды. Тоғыз метрдей жерден Сигнович допты баспен бірден алыс бұрышқа қарата бұрып жіберді. Игорь Шацкийдің қолы допқа тигенімен, толық кері қайтара алмады. Доп шыркөбелек айналып барып қақпаға еніп кетті — 0:1.
Осы тұста Сигневич үш бірдей ақтөбелік қорғаушының ортасында жүргенін айтып өтпеске болмайды. Әттең, үшеуі де атыраулық шабуылшыға бөгет жасай алмады. Мұндай ойында сәл қателік кешірілмейтінін жерлестеріміз қалайша ұмытқаны тіпті де түсініксіз.
Бірінші тайм осылай аяқталды.
Екінші таймды атыраулықтар үздіксіз шабуылдармен бастады. Бейне жеңіліп жатқан команда тәрізді «Ақтөбенің» қақпасына қарай үсті-үстіне шүйілумен болды. Біздің жігіттер, бірақ енді қарсыластарының есепті қайтадан ұлғайтуына жол бермеді. Оның үстіне екінші таймда ойынға қосылған Хосе Севальос, Ыдырыс Умаев, Арман Кеңесовтер жан аямай қимылдады.
Таймның соңына таман бас төреші Данияр Сахи ойынды кенеттен тоқтатып қойды да, VAR-ға жүгінді. Сірә, сол жақтан шұғыл хабар келсе керек. Матаео Барач соққы жасар кезде Александр Нойек жейдесінен қолмен тартқылап, бөгет жасапты. Не болғанда да, пенальти белгіленді де, он бір метрлік нүктеге Әлібек Қасым келді. Ол 88-минутта жойқын жасады. Атыраулық қақпашы Егор Хаткевич доптың бағытын аңғарып, солай қарай ұмтылғанымен, жойқын соққыны тоқтата алмады — 1.1.
Осыдан соң ойын қайтадан басталмай жатып Фредди Гондола қарсыластар қақпасына екінші голды салып жіберді. Өзіне тасталған пасты қағып түскен ол 90-минутта қақпашыны қапы қалдырды — 2:1.
Кездесу уақытына, 90-минутқа қосылған 5 минут ойынға еш өзгеріс әкелмеді. «Атырауды» 2:1 есебімен жеңген «Ақтөбе» өз тарихында екінші рет Кубок иесі атанды. Бұл Кубокты жеңіп алуға Әлібек Қасым, Жан Жайро, Фредди Гондола, Бағдат Қайыровтар қалайша мол үлес қосқанын жанкүйерлер көріп отырды. Ал атыраулықтар сапында жақсы ойын өрнегін көрсеткен, 90-минут бойы аянбай арпалысқан Джоэль Каямба, Игорь Стасевич, Николай Сигневичтер өкініштен бармақтарын тістеп қалды.
Ойын соңынан «Атырау»-«Ақтөбе» кездесуіне қатысты мынадай статистика ұсынылды: соққылар — 9:14, қақпаға тура бағытталған соққылар — 2:6, бұрыштамалар — 2:8, доптың футболшыларда болуы — 37%: 63%.
Осылайша ақтөбеліктер келер жылы Еурокубок ойындарына қатысуға жолдама алды.
Ал аяқ астынан белгіленген, атыраулық футболшыларды қатты қынжылтқан пенальти туралы екі бас бапкердің әңгімесі шамамен бір жерден шықты. Игорь Леонов: «Бұл эпизодты көрдім. Пенальти болды ма, жоқ па, төрелік айта алмаймын. VAR бар, төрешілер бар, бұған баға бере алмаймын» десе, атыраулық бапкер Владимир Жуковский: «Жылаңқыланбай-ақ қояйын. Төрелік туралы бірдеңе деу маған қызық емес. Мен төреші емеспін, мен бапкермін. Мен тек өз футболшыларымның ойынына баға бере аламын», — деді.
«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:2
Гол авторлары: Николай Сигневич, 24-минут (1:0); Әлібек Қасым, пенальти, 89-минут (1:1); Фредди Гондола, 90-минут (2:1).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Олжас Керімжанов, 41-минут, Игорь Стасевич, 46-минут, Якоб Новак, 73-минут, Николай Сигневич, 81-минут («Атырау»), Әлібек Қасым 81-минут, Фредди Гондола, 92-минут, Ыдырыс Умаев, 90+5 минут, Игорь Шацкий, 90+6 минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Бағдат Қайыров, Леонел Струмия (капитан), Уче Агбо (Арман Кеңесов, 62-минут), Амаду Думбия (Хосе Севальос, 46-минут), Жан Жайро (Матео Барач, 83-минут), Фредди Гондола, Дорни Ромеро (Ыдырыс Умаев, 69-минут).
Бас бапкер — Игорь Леонов.
29 қыркүйек 2024 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион.
* * *
Кубок мәселесі осылай аяқталды. Енді чемпионатты ойламасқа амалымыз жоқ. «Ақтөбенің» төрт кездесуі қалды. Әуелі өз алаңымызда «Қайратты» қабылдаймыз. Сосын сырт алаңда «Астанамен» ойнаймыз.
«Қайрат» чемпионат соңына таман күшейіп келе жатқанын мойындауымыз керек, олар соңғы сегіз ойында «Астанадан» ғана жеңілді, қалған кездесулерде жеңді немесе тең ойнады. Оның үстіне «Ақтөбеден» бір ойыны кем.
Ал «Астана» соңғы бес ойында 16 ұпай жинады. Тамыз айының басынан бері ешкімге дес бермей келеді.
Демек, өз алаңымызда «Қайраттан» басым түсуіміз қиын. Сондай-ақ сырт алаңда «Астананы» жеңеміз деп батыл айтуға және шамамыз жоқ.
Ал сырт алаңда «Шахтерді» ұтуымыз да неғайбыл. Чемпионаттың ақырғы кездесуі болғандықтан «Шахтер» жанкүйерлерімен жылы қоштасқысы келетіні даусыз. Соңғы кездесуде «Тобыл» қарағандылықтардың қақпасына 89-минутта бір гол салып, әзер ұтқанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Рас, «Тұраннан» аса қауіп күтпейміз. Дегенмен олар өз алаңында «Шахтерді» де, «Қызылжарды» да ұтқанын есептен шығарып тастай алмаймыз. Сондай жігер бұлардың бойында «Ақтөбемен» кездесуде де табыла қоюы ғажап емес.
Осыларды есептей келгенде чемпионаттың қорытындысы бойынша біздің командамыздың, алтын медальді былай қойғанда, екінші, үшінші орыннан дәметуіне де күдікпен қарауымызға тура келеді.
Соңғы ойындардың нәтижесі:
27 қыркүйек (14-тур). «Ордабасы»-«Тұран» — 2:0
28 қыркүйек (16 тур). «Тобыл»-«Шахтер» — 1:0
29 қыркүйек (18-тур). «Жеңіс»-«Астана» — 1:1
* * *
Қазақстан чемпионатында жерлестеріміз 20 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 4 рет жеңілді. Ұпай саны — 34. Доп айырмашылығы — 32-22. Қазір турнир кестесінде 4-ші орында тұр. 1-3 орын иелері — «Елімай» (37 ұпай), «Ордабасы» (36 ұпай), «Қайрат» (35 ұпай).
Е.АХАТҰЛЫ.