Экономика

Оңалту рәсімін қолданыңыз!

Дүниежүзілік қаржылық дағдарыстың көптеген кәсіпорындар мен мекемелерге әсер ететіні белгілі. Сондықтан мекемелерге көмек ретінде елімізде «Өнімділік —2020», «Экспортер – 2020» , «Инвестор-2020» және дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру мемлекеттік бағдарламалары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде кәсіпкерлерге керекті рәсімнің бірі – оңалту.

Банкроттық туралы заңда көрсетілген оңалту рәсімі кімге тиімді? Бұл сұрақ көптеген кәсіпкерлерді ойландырып жүр.

Айталық, бұл рәсім, біріншіден — мемлекетке тиімді. Оңалту рәсімі қолданылған жағдайда кәсіпорын, өндіріс орындарының тұрақтылығы сақталады. Мекеменің жұмысын жалғастыруы дегеніміз — ішкі өнімнің өсуі, тұрақтылықтың кепілі.

Екіншіден, оңалту рәсімі мекеменің кредиторлары мен  мүгедектер үшін тиімді.  Себебі олар аз уақыт кешіксе де өз алажақтарын толықтай алады және қайта жұмыс іздеу қажеттігі тумайды.

Үшіншіден, бұл рәсім кәсіпорын, мекеменің иелеріне, құрылтайшыларына пайдалы. Олар өз маңдай терімен құрған мекемесін сақтай алады. Сонымен қатар мекеменің іс-қағаздарын, кредиттік тарихын, лицензияларын, мамандарын, қала берді өндіріс атауын да сақтап қалады.

Алайда ел экономикасында оңалту рәсімі әлі де кеңінен қолданыс таппай отыр.

Қазақстан дүниежүзілік қаржылық дағдарыстан шығудың алдын ала біледі. Бұл  —Президентіміздің ұлттық қор құрған көрегендік саясатының, үкіметіміздің сол саясатты іске асыра алғандығының арқасы. Бірақ барлық кәсіпорындардың жұмысын жалғастыру үшін мемлекет қаржы бөлуге тиіс емес. Әрбір мекеме өздері ізденіп, бар заңды пайдаланып жұмыстарын жүргізуі керек.

Қазір республика бойынша оңалту рәсімінен 79 мекеме өтті. Мұның 25 пайызын Ақтөбе облысы құрайды.

Аталған рәсімнің тиімділігінің бір мысалы — жұмысшылардың жалақысының уақтылы төленуі. Қазір рәсімді өтіп жатқан 20 мекеменің жұмысшыларына қарызы — 244,5 млн. теңге. Оңалту рәсімдері басталғалы жұмысшыларға 158,5 млн. теңге жалақысы, яғни қарыздың 65%-ы төленді. Оның ішінде «КазТатМунай» ЖШС, «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС, «Мукай» ЖШС, «Спарта» ЖШС-тері бекітілген кесте бойынша 100%, «МТС Трактор» ЖШС, «Диалайн»ЖШС, «Сары-Кобда» ЖШС-тері 60-80%-ға орындаған. Ал қалғандары жалақы мәселесін төлеу бойынша жұмыс жүргізуде және бұл берешекті төлеуге мүмкіндіктері бар.

Біздің облыста оңалту рәсімінің салыстырмалы түрде көп болу себебі, жұмысты  ертерек бастағанымыздан, кәсіпкерлер арасында пәрменді үгіт жұмыстарының, кәсіпорын, мекеме басшыларының белсендірек болуынан деп есептеймін.

Тағы бір себеп — облыстық әкімдіктің бұл мәселелерге қолдау көрсетуі. Осы рәсімді жұмысшылардың жалақысын қайтарудағы бірден-бір тиімді тәсіл ретінде пайдаланылғандығы деп ойлаймын.

Бұл рәсімдерді енгізуде біздің мекеменің қызметкерлерінің еңбектерін де атап өтуіміз керек. Себебі оңалту рәсімінің тиімділігін түсіндіру, оны методикалық жағынан қолдау, іс жүзіне асыру  және орындату оңай шаруа емес. Облысымызда бұл рәсімдерді кіргізуде экономикалық, соттардың оң көзқарасы көп әсерін тигізуде.

Оңалту рәсіміне қандай мекемелер кіреді? Бұған кредиторлық қарыздары, оның ішінде жалақыдан, банктерге, салыққа және басқа кредиторға бережақтары көбейіп кеткен, бірақ жұмыс жасап төлеуге мүмкіндіктері бар мекемелер жатады.

Бұл мекемелерде ортақ мынандай қиындықтар кездеседі:

а) есепшоттарының, кредиторлардың тыйым салуымен жабық тұрғандығы;

б) бережақтарының болуына байланысты тендерлерге, конкурстарға қатыса алмауы;

в) жұмыс жүргізуге қажет қаражаттың болмауы;

г) барлық мүлкі сот орындаушылар, банктер арқылы аукционға салынып, сатылу кезеңінде болуы;

д) бережақтар пайыздарының өсуі.

Егер бұл қиындықтар оңалту рәсіміне кіргізілсе, шешіледі.

Оңалту рәсіміне енгізілген сәттен бастап заңды тұрғыда есепшотқа салынған тыйымдар алынып, жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болады. Кейбір мекемелер есепшоттары ашылған бойда қаржыларын алып, жұмысшыларының айлықтарын жедел түрде төлей алады. Сондай-ақ кәсіпорындар тендерлерге қатысуға мүмкіндік алады. Салық комитеттері бережақ болған жағдайда да, оны келесі уақытқа шегерілгендігі туралы анықтама береді. Мүліктері аукцион, саудадан алынып мекеменің қажетіне жұмыс істейді. Себебі бүкіл сот шешімдерінің орындалуы тоқтайды.

Оңалту рәсімінің  ең басты артықшылығы — несиеге алынған қаржыға, өсіп жатқан салық берешегіне өсімақы өсірудің тоқтауы. Аталған шаруалар шешілгеннен кейін, мекемеге, кәсіпорынға жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік туады.

Бірақ оңалту рәсімін көптеп кіргізуге кедергілер әлі де кездеседі. Мәселен банктердің бұл рәсімге жаппай қарсылығы басым.

Банкроттық туралы заңда бұл рәсімді енгізу үшін несиелер берген, кепілдігі бар ұйымдардың, яғни банктерден келісім алу қажеттігі көрсетілген. Бірақ ілуде біреу болмаса, банктер оңалту рәсіміне келісімін беріп көрген жоқ, сол себепті көптеген мекемелер бұл рәсімді өтей алмай, банкротқа ұшырап жатыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, олардың өсу пайызы өсімақысы оңалту өтіп болғанша тоқтатылады. Бірақ осы уақытқа дейінгі негізгі бережағы, қосылған өсімақы, өсу пайызы төленеді. Және қарыздарын ала алмай отырғанын немесе алу мүмкіндігі жоқтығын ескерсек, қарсылықтары тіптен түсініксіз. Олар келісім бермеуі бұлай тұрсын, оңалту рәсіміне өткен мекемелерді ұтылса да қайта-қайта сотқа беруде. Мысалы, 2010 жылы оңалту рәсімдеріне қарсы 27 сот отырысы болды. Жоғарғы сотқа барып, одан да ұтылған банктер бар.

Бұл жерде «Банкроттық туралы» заңнан банктерден келісім сұрауды алып тастау қажет деп ойлаймын. Өйткені банктер бәрібір үшінші кезекте және кепілдікке салынған мүліктері де бар. Сондықтан олардың басқа кредиторларға қарағанда артықшылықтары басым.

Қазір оңалту рәсімі жаппай жүріп жатыр деу қиын. Себебі кредиторлық бережақтарды өтеу үшін бұл кәсіпорындарға жұмыс көлемі керек, тендерлерді ұту қажет. Көп жағдайда тендерлерді ұту мәселелері қиындық тудырады. Көптеген компания басшылары, оның ішінде шетел инвесторлары басқаратын компания басшылары жағынан оңалту рәсімдері қолдау таппай отыр.

Оңалту рәсімін  ел экономикасын көтеруге байланысты кеңінен қолдану қажет деп санаймын. Бұл рәсімді қолданып, кәсіпорын экономикасын көтерем деушілерге біздің есік әрдайым ашық.

 

А. ДЕРБІСӘЛИН,

Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің

«Батыс» өңіраралық департаментінің бастығы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button