Басты жаңалықтар

«Таза Қазақстан» өз аулаңнан басталады!

 «Елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.

«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.

«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

 Ақтөбенің жалпыұлттық экологиялық акцияға үлесі қандай?

 Осы көктемде елімізде Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының қолға алынғаны белгілі. Табиғатты аялап, көгалдандыру һәм көріктендіруге бағытталған бағдарламаның уақытша науқан еместігін, жыл бойы жалғасатынын қадап айтқан Президенттің пәрмені қалай орындалып жатыр? Осыны білмек болып, құзырлы орган өкілдері мен экологияны жақсартуға мүдделі сала мамандары, сондай-ақ волонтерлерді сөзге тартқан едік…

359 мың ақтөбеліктің игі ісі

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, өңір бойынша «Таза Қазақстан» акциясына бүгінге дейін 359 мыңтұрғын, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі 7 мың мекеме мен 4 мыңнан астам кәсіпорын атсалысқан. Барлығы 84 мың аула (2886 көппәтерлі тұрғын үй, 81613 жеке үй)ретке келтіріліпті. Жалпы, қоқыстан өзен, көл, бұлақтың 206 жағалауы, 42 субұрқақ, 85297 метр арық тазартылған.

— Акция тек санитарлық тазалықпен шектелмей, 13397 шаршы метр жаяу жүргінші жолы жөнделіп, батырлар мен белгілі тарихи тұлғаларға арналған 257 ескерткіштің айналасы да қамтылды. Бұл мақсатта 5 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Қатты-тұрмыстық қалдық полигондарына 59535 тонна қоқыс шығарылды.Сондай-ақ елді мекендер аумағында 335 мың ағаш егілді, — дейді ол.

Аталған басқарма басшысының орынбасары «Таза Қазақстан» акциясынкөпшілікке насихаттау мақсатында 56 сыртқы жарнама орналастырылғанын баян етті. Мұнымен бірге «Таза кәсіп — таза аймақ» өңірлік акциясы ұйымдастырылып, кәсіпкерлік нысандары аумақтарында абаттандыру жұмыстарыжүргізіліпті.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ресми деректерге сүйенсек, облыста «Таза Қазақстан» акциясына бүгінге дейін 359 мың ақтөбелік, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі 7 мың мекеме мен 4 мыңнан астам кәсіпорын атсалысқан.

Тазалықтың тіні —  тәртіп пен талап

Ақтөбелік экологтар жыл өткен сайын қоршаған ортаға биліктің қамқорлығы күшейіп келе жатқанмен, мәселенің әлі күнге шешілмей тұрғанын алға тартады. Тіптіғарыштық түсірілімнен де қайран болмай тұр.

— Жыл сайын заңсыз төгілген қалдықтардың жер учаскелері бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамы ғарыштық түсірілімнің ақпаратын ұсынады. Айталық, биыл облысымыздағы 50 шақырым буферлік радиуста 171 жер учаскесінен заңсыз орналастырылған қалдықтардың орны анықталды. Қазіргі таңда оның 46-сына тазалық жұмыстары жүргізілді. Әсіресе Ақтөбе қаласы, Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Қарғалы және Темір аудандарында бей-берекет қоқыс тастайтындар азаймай тұр.

Сондай-ақ осы жалпыұлттық экологиялық шарасы аясында біздің департамент биылдыққа он сенбілік өткізді. Бұл да болса Ақтөбенің экологиясын жақсартуға қосқан өзіндік үлесіміз. Бірақ тазалық жұмыстарынан бұрын ластауды тыюымыз қажет. Ол үшін газет оқырмандарынан экологиялық заңбұзушылық, соның ішінде рұқсат етілмеген аумақтарға қоқыс қалдықтарын шығару, ағынды суларды төгу деректерін байқаса, фото-видеоға түсіріп, 102немесе департаменттің 8-701-644-89-58 ұялы телефон нөмірлеріне хабарласуын сұраймыз. Мұндай бассыздыққа жол бергендерге 40-50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл қарастырылған, — дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бас маманы-мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлжайнар Әбдірахманова.

Темірдегі 1300 түп ағаш

«Таза Қазақстан» акциясы өз ішінде«Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты тармақтардан тұратыны мәлім. Сәуір айынан бері солардың ешқайсысы ауданда атаусыз қалмай, биылдыққа аудан бойынша 372,7 тонна қатты-тұрмыстық қалдық шығарылды.Әсіресе бұл бойынша аудан орталығы — Шұбарқұдық кентінің үлес салмағы басым: 145 тонна қоқыс.

Акция аясында әрі жылдағы жоспарға сәйкес осы жылы аудан бойынша 1300 тал-терек егілді. Ал сенбіліктерге келсек, көктем-жаз айларында санитарлық тазалық жұмыстары ерекше қарқынмен жүзеге асты. Қыс мезгілі түскенше бұл тоқтамайды, — дейді Темір аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Асхат Қожатілеуов.

Маманның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары өлкеде қоқысты сұрыптау мәдениеті бойынша да оң өзгеріс бар. Мәселен, Шұбарқұдық кентінде арнайы пластикалық бөтелкелерді жинайтын 15 контейнер қойылған. Сол сияқты мұндай істі өзге де ауылдарда жалғастыру жоспарда бар.

«Мәселе сенбілікті өткізумен ғана шешілмейді»

«Jasyl meken» экологиялық компаниясы директорының орынбасары Әнуарбек Балтөренің пікірінше, кез келген мәселенің себебімен ғана күреспеу қажет. «Сенбіліктерде қаншама ағаш егілді, бірақ оны күтіп ұстау, әсіресе суару жағы кемшін» деген тәжірибелі эколог ойын былай деп сабақтайды:

— Тағы бір маңызды мәселе—заңсыз полигондардың қаптап кетуі. Яғни табиғатқа селқос қарайтындардың кез келген жерде тұрмыстық қалдықтарын үйіп кетуі үйреншікті нәрсеге айналды. Қалдықтарды сұрыптау, өңдеу ісі де кенжелеп тұр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалықты жүргізіп қоймай, осы шаруаларға баса мән берген дұрыс. Әйтпесе айналаны жинағанның пайдасы уақытша болады.

Эколог ретінде бұның акция емес, үлкен қозғалысқа айналып, көпшілік сол арқылы белгілі бір материалдық игілікке жетсе деймін. Мысалы, сенбіліктерден жинаған пластикалық бөтелкелерді тапсырғанда жаппай ақша төленсе немесе басқа да жеңілдіктер жасалса жақсы емес пе?  Бәрінен бұрын, тұрғындар Отанға деген сүйіспеншілік оның табиғатына — ауа, жер, су қабаттарына қамқорлық жасаудан басталатынын ұғынса екен.

Жыл басталғалы өзім жұмыс істейтін компания аталған акция аясында сенбіліктер ұйымдастырып, Алтын Орда шағын ауданындағы Теннис орталығы алдына 300 ағаш екті. Сонымен қатар«Қасқыр» сарқырамасы мен Триатлон саябағының маңын күл-қоқыстан арылттық.  Біздің серіктестік пластикалық және металл бөтелкелерді қабылдайтын 10 фандоматтың жұмысын жүйелі жүргізіп, түрлі кәсіпорындарға табиғатқа зиянды әсерді азайтуға бағытталған жобаларды да әзірлейді. Түрлі орындарда экологиялық сауатты арттыру үшін семинар-тренингтер өткіземіз. Осы орайда біздің әр экоакциямызға белсенді қатысатын волонтерлар — Темірлан Жолдыбай, Нұрайым Биғазиева, Мәдина Бүркітбаеваларға ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, сенбіліктерден қалмайтын оқушылар мен студенттердің еңбегі зор, — дейді Әнуарбек.

Әрі қоқыс жинайды, әрі ақша табады

Түрлі қалдықтарды талапқа сай жинайтындардың саны аз. «Eco madeniet» еріктілер қозғалысы — қоқысты сұрыптауды жетік меңгерген, соны өзгелерге үйрететін Ақтөбедегі қоғамдық негізде жұмыс істейтін жалғыз ұйым.

— Қазіргі таңда 570 еріктіміз бар. Басты мақсатымыз — жігіттер мен қыздардың арасында экомәдениетті қалыптастыру. Сенбіліктерді жиі өткіземіз. Біздің тазалық акцияларымыздың ерекшелігі — қоқыстарды сұрыптап жинайтынымыз. Сондай-ақ біз «Ақтөбе» футбол клубының басшылығымен меморандумға қол қойып, әр ойыннан соң жанкүйерлермен бірге стадионның ішін жинауды әдетке айналдырдық. Мұндай істі біз сияқты тұрақты түрде жасайтын волонтерлер тобы Қазақстанда жоқ. Концерттер, мәдени-көпшілік іс-шаралардан кейін де осындай акцияларды ұйымдастырамыз. Осы еңбегіміз бағаланған болуы керек, былтыр Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет «Жыл үздігі» аталымымен марапаттады, — дейді аталған еріктілер қозғалысының жетекшісі Темірлан Жолдыбай.

Жас жігіт өзі сынды қатарластарының ұйытқы болуымен қаланың үш жерінде жүрек тәріздес экожәшіктерді орнатқанын, оған тұрғындар пластик бөтелкелерді сала алатынын атап өтті. Артынша белсенді жастар шикізатты арнайы пунктке тапсырады екен.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button