Ерекше балаларды емдейтін орталық
Әлемі бөлек ерекше балалардың саны соңғы жылдары артып барады.Облыста дамуында ауытқуы бар балалардың 300-ден астамы есепте тұр. Тілкелмегені қаншама?.. Өйткені көзге бірден байқала бермейтін сырқат түрін сыртқы келбеттен ажырату оңай емес. Дәрігерлер бұны ата-ананың дертті мойындамауымен түсіндіреді. Ерекше балалар қоғамда қағажу көрмей, білім алып, ортаға еркін бейімделуі керек. Осы орайда қолайлы орта қалыптастыру, инклюзивті білім беру мақсатында дамыту-түзету орталықтары ашылып, жұмыс істеп келеді. Соның бірі — «Jas Urpaq» дамыту орталығы. 2019 жылдан бері өз қызметін атқарып келе жатқан орталықтың тынысына бірге көз жүгіртейік. Сонымен…
Орталықтың атауы бір болғанымен, жұмыс істеп тұрған төрт бірдей ғимараты бар. Әрбір ғимараттың өзіндік ерекшелігі бір бөлек, ондағы көз тартар қызылды-жасылды безендірулер мен ойыншықтар, жиһаздар мен қажетті құралдар көздің жауын алады. Орталық5 жылдан бері қала тұрғындарымен қатар, өзге өңірден келген ерекше қонақтарды да қабылдайды.
— 2019 жылы ашылған орталықтың мақсаты —дамуында ерекшелігі бар балалар мен олардың отбасына көмек көрсету, қолдау,мамандар кеңесін алу, балалардың өз-өзіне қызмет ету дағдыларын дамыту және әлеуметтік-тұрмыстық өмірге бейімдеу. Әрбір адам іс бастарда міндетті түрде өз тәжірибесі арқылы келеді. Орталықты ашудағы тағы бір себебім —ұлыма қойылған диагноз болды. Менің баламда дәрігерлер аутизм дерті барын айтты. Алғашында қабылдау қиын болғанымен, күрекпеске амал қалмады. Осылайша арнайы мамандарға жүгіндім. Әр маманға баламды тасығанда байқағаным,уақыттың көбі жолда, кептелісте өтеді екен. Осы өкінішімнің ізін суытпай, қателіктен керісінше шабыт алып, балалардың жан-жақты дамуына көмектесетін түрлі сала мамандары бірігіп жұмыс істейтін орталық ашуды жөн көрдім, —деді орталық меңгерушісі Татьяна Ким.
Бұрын арагідік еститін бұл дерттің пайда болуы мен дауасы астарында көп сұрақ жатыр. Дамуында ақауы бар ерекше балалар қоршаған ортамен байланысқа түсе алмайды. Олар өз әлемінде жүреді.Бұл дерт туа пайда болады. Бірақ ауру белгілері 2-3 жасқа келгенде баланың іс-әрекеттерінен байқалады. Осылайша дамуы кері кете бастайды. Бірақ белгілі тұлғаларАльберт Эйнштейн, Моцарт,Чарльз Дарвин, Никола Теслаларды да осы дерт қармапты. Демек, бұндай балаларды «ерекше» деп атауының өзінде үлкен мән бар…
—Бұл балаларды ештеңе қызықтырмайды, у-шуды, музыканы ұнатпайды. Олар адамға тік қарамайды. Атын айтса, елеңдемейді, көзге де ілмей, тіл де қатпайды. Бұған дейінгі үйренген, білетін нәрселерін істей алмайтын жағдайға жетеді. Ондай балалар тек өз ата-аналарына ғана бағынуы мүмкін. Мамандармен қарым-қатынасқа түсуі өте қиын. Айналасында болып жатқан нәрселерге назар аудармайды, қорқыныш сезімін сезбейді. Бұл сырқаттың негізгі белгілері осындай, — деді ол.
Қырық түрлі қылыққа әркім төзе бермейді. Баламен тіл табыса алу да ерекше қасиет.Жоғарыда атап өткен төрт ғимарат «Кидс», «Про» , «Джуниорс, «Рассвет» деп аталады. Қала тұрғындарына қатынау тиімді болуы үшін қаланың орталық көшелеріне орналасыпты.
— «Кидс» және «Про» ғимаратына ерте жастан қабылданатын екі-жеті жасқа дейінгі балалар болса, «Джуниорс»-қа ересек балалар келеді. Орталық екі мезгілде бала қабылдайды. Таңғы сағат 9.00-ден 12.30-ға дейін және 14.10-нан 17.30-ға дейінгі уақытты қамтимыз. Кеңес алуға келген әрбір ата-ана мен балаға арнайы тестілеу парағы беріледі. Модульдік бағыт бойынша сертификаттары бар оқытушылар тесттің нәтижесін көріп, балаға арнайы негізделген бағдарлама құрады. Екіжақты келісім жасалған соң орталыққа келетін әрбір балаға жеке тәрбиеші(тьютор) бекітіледі,— деді орталық басшысы.
Іскер адамның ісі де нық. Сөзі де салмақты. Орталыққа келетін әр баланы баласындай көріп, ыстық құшағына басқанын көргенде, расымен, балажандылығына тәнті боласың. Балаға бастысы анасының сенгені мен сезімі керек дейді тағы. 60-тан аса жұмысшыны жұмыспен қамтып, 200-ге жуық бала мен ата-ананы байланыста ұстап отыру да оңай шаруа емес.
— Біз үздік мамандар тобын жинадық. Екі аптада бір рет сабақ беру әдіс-тәсілдеріне байланысты оқытушылардың шеберлік сағаты өтіп тұрады. Одан бөлек тәжірибе алмасу үшін алыс-жақын шетелдерден мамандар шақыртамыз. ОрталықтаАВА тераписті, сенсорлық, АФК мамандары мен логопед, психолог, нейропсихолог тәрізді білікті сала мамандары бар. Айына бір мәрте «әлеуметтік күн» жариялаймыз. Онда балалар бекітілген тәрбиешісі арқылы киноға, супермаркеттерге, түрлі ойын алаңдарына, парктерге, мерекелік іс-шараларға қатысып, өзін бақылап, бағыт беріп отырамыз. Біз өз ерік-жігеріміз бен өмірлік тәжірибе арқасында құрылғанымызды баса айтқым келеді. Аз уақыттың ішінде 4 жерден бала қабылдап, көптің сұранысына және алғысына бөленудегі сырдың мәні осы деп білемін. Орталықтағы кей мамандардың өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, әрбір келген ата-ананың жайын түсініп, нәтиже шығаруға барын салады, — деді жылы лебізін жаудырып жазған ананың хатын көрсетіп.
Хатта:
—«Бүгін қызыммен кинопаркке барып, алаңсыз бастан аяқ мультфильм қарап, көпшілікте өзін ұстау тәртібін бақылап, көңілім қуанышқа толып келді. Бұрын сыртқа шығудың өзі қорқынышты көрінетін. Қолынан жібермей, қатты ұстап үйреніп қалған маған қызымның бұл қылығы таңғалдырды. Үйдің тірліктеріне көмектесіп, қолқабыс етуге жарап қалды. Мен айтпай, киімдерін өзі жинап, баулы және ілгекті киімдерін киюді үйренді. Тәтті тамақтарға тәбеті басылып, дұрыс тамақтануды түсінетіндей-ақ. Бұрынғыдай «жемеймінге» салып, жылауын қойды. Жасына сай мектеп бағдарламасының есептерін шығарып, санап, әріптерді танып келеді. Бұның артында қаншама еңбек жатыр. Сіздерге алғысым шексіз», — деп жазылыпты.
Бір апталық сабақ кестесі жүйелі құрылғандықтан, балалар зерікпейді. Ішкі құпияларын аса ашпайтын, өзіндік тәртібі мен талабы бар орталықтың мамандарын да сөзге тарттық. «Науқас балаларды емдеймін» деп жиі айтатынмын
— 2020 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған соң, араға бір жыл салып орталыққа жұмысқа орналастым. Негізгі мамандығым — биология пәнінің мұғалімі. Арнайы курстардан өту арқылы осы салаға келуді көздедім. Бағыма орай ерекше баламен жұмыс жасауды тез меңгеріп алдым. Былтыр біліктілігімді арттыру мақсатында Ресей мемлекетінде Юлий Эрцтің курсынан өтіп келдім. Бұл сала әрқашан ізденісті талап етеді. Өйткені әр баланың табиғаты өзге, қабылдауы басқа. Мүмкіндік — шектеусіз. Бір қызығы, бала күнімде «кім боласың?» дегенге «науқас балаларды емдеймін» деп жауап беретінмін. Өзімді жақсы істің жанында жүрген маман ретінде сезінемін. Өйткені танымы бізге тансық ерекше баланың ойына жаңа дүниелер қалыптастырып және олардан нәтиже көргенім қуаныш сыйлайды. Әр баламен жұмыс жасағанда 45 минуттың пайдалы өткені керек. Ең бастысы, сол аралықта бір нәрсе үйренсе немесе қарапайым өзі қалайтын затты қолымен нұсқап көрсетсе, соның өзі — жетістік. Әр апта ата-аналарға баламен жұмыстың видео есептері жіберіліп тұрады,— деді орталық маманы Айым Аманбаева.
Ерекше баланы бағып отырған әрбір ата-ананың арманы — ұрпағын қатарға қосып, аяққа тұрғызу, өмірге бейімдеу. Бұл жолда сансыз кедергілер кездеседі. Баланың қабілеті ең алдымен анасына белгілі. Сондықтан ерте жаста дәрігер қабылдауынан өткізіп, уақытында оңалту орталықтарына апарса, болашақ.
А.АЛТЫБАЕВА.