АЭС

АЭС: Байыпты көзқарас

Қазір жылу электр стансаларынан ауаға жылына 14 млн тоннадан аса зиянды қалдық шығады. Ал сарапшылар атом энергетикасы дәстүрлі көмір генерациясымен салыстырғанда, көміртегі қалдықтарын айтарлықтай азайтады деп жар салып жүр. Әлемдік зерттеулер мен тәжірибелерге қарасақ, атом электр стансасы (АЭС) кемі 60 жыл жұмыс істейді. Толық тексерістен өткізгеннен кейін тағы 20 жылға созуға болады. Демек, еліміздің көміртегі бейтараптығына жетуіне АЭС қажет. Бірақ әуелі экологиялық тәуекел мен қауіпсіздік мәселесін май шаммен қараған абзал. Оған әлеуметтік, экономикалық әсерін қосыңыз. Халық көкейінде жүрген бұл түйткілдер шешілмейінше, АЭС-тің маңызы да артпайды.

2050 жылға қарай әлем елдерінің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт-ға дейін өседі деген болжам бар. Яғни қазіргіден 2 есе артады. БҰҰ Еуропалық Эко­но­микалық комиссиясы тек осы атом энергетикасын парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп бекіткен. Себебі бұл – базалық генерацияның экологиялық ең таза түрі. Экология бұдан еш зардап шекпейді. Керісінше, парниктік газдың әсерін азайтады. Мәселен, 1 000 МВт болатын АЭС жыл сайын іске қосылып тұрса, парниктік газдар шығыны 8 млн тоннаға азайып отырады екен. Еуропадағы атом электр стансалары жыл сайын 700 млн тонна СО2 шығарындыларын сақтап отыр. «UNECE» мәліметі бойынша, атом энергетикасынан шығатын парниктік газ көлемі көмір стансаларымен салыстырғанда 135 есе төмен.

– Біз Киото хаттамасына, Париж келісіміне қосылған ел ретін­де климаттық өзгеруге себеп болып отырған қауіпті қалдық шыға­ру­ды қысқарту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу секілді стратегиялық міндеттемелерді орын­дауымыз керек. Ал АЭС-тен көмір­қышқыл газы шықпайды. Сондықтан оның қауіпсіздік мәселелері туралы мамандар уәжі­не құлақ асуымыз керек. Яғни кө­мір­қышқыл газ шықпағаннан кейін оның климатқа әсері жоқ десек те болады. Сондықтан әлемдік тәжірибеде «жасыл» энергетика көзі саналып отырған АЭС салуға, жасыл энергияға өтуге көбірек әрекет жасайық, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

АЭС-тің экологиялық зияны жоқ екенін әлем ғалымдары да, сарапшылар да баяғыдан айтып жүр. Десек те, біздің су ресурс­тары мен экожүйемізге қалай әсер ететіні бәрібір көңілімізге күдік салады. Бұл ма­ңызды қадам­ға бармас бұрын алдын ала баға­лау­лар жүргізілгені бәрімізге мәлім. Сол бағалау нәтижесінде, Балқаш көлі немесе Ертіс өзенінің экожүйесіне төнетін ешқандай қауіп анықталмаған. Зерттеу әлі де тоқтаған жоқ. Әрі қарай жобаның техникалық-экономикалық негіз­демесін әзірлеу кезеңінде ғылы­ми және инженерлік мамандар жан-жақты зерттеу жүргізеді.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәліметінше 2021 жылғы қыркүйектегі жағдайға сәй­кес, Ертіс өзені бассейнінің су ре­сурс­тары 30,4 млрд текше метрді құрайды. Атом электр стансасының технологиялық циклі кезінде судың булануынан болатын шығын жылына шамамен 63 млн текше метр деп бағаланған. Бұл жалпы су ресурс­тарымен салыстырғанда, пропорционалды түрде әлдеқайда аз. Ал Балқаш-Алакөл бассейні су ресурс­та­рының көлемі 25,2 млрд текше метр деп бағаланған. Бұл да атом электр стансасын салқындату үшін қажетті көлемнен айтарлықтай көп. Осы көрсеткіштерге қарап, эко­жүйеге кері әсері тимейтінін көре­міз. Жалпы, дүниежүзі бойын­ша осы күнге дейін атом электр стан­саларының су қоймасына теріс әсер ету факторы әлі бірде-бір рет кездес­пеген екен.

«Балқаш көлі сияқты су қойма­ла­рының жағасында атом электр стансаларын салу суды ысырап болудан сақтайтын, яки табиғи булану көлемінің небәрі 0,32 пайыз көлемінде суды пайдаланатын заманауи технологияларды қолдануды талап етеді. Ол маңдағы су ресурстарын экожүйенің жағдайын жақсарту үшін де пайдалануға болады. АЭС парник газдар қалдықтарының ауаға таралуын айтарлықтай төмендетеді, соның ішінде көмір стансаларынан 135 есе және газ стансаларынан 73 есе аз. Қазақстан Париж келісімі аясында 2030 жылға қарай көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарын СО2 газын бөлмейтін атом стансаларымен алмастыра отырып, парник газ қалдығын 15%-ға азайтуды мақсат етіп отыр. Заманауи III және III+ буын­­­ды реакторлар ішкі және сыртқы қауіптерден қорғайтын активті және пассивті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Бұл стансалардың конструкциясы ерекше төзімді және қорғаныс күмбезінің болуына байланысты табиғи апатқа, соның ішінде 8 балға дейінгі жер сілкіністеріне төтеп бере алады», дейді АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабы сарапшылары.

 

Референдум болады деген сөз шық­қалы АЭС-ке қатысты сұрақтар да көбейді. Халық қандай шешім қабылдап, қандай бағытқа бұрыл­ғанын білуге құқылы. Сондықтан да көкейде жүрген сұрақтарды бір тізбекке қоюды жөн көрдік. Соған орай АЭС салуды қолдау жөніндегі ха­лық штабы сарапшыларының жауа­бын ұсынбақпыз.

Халық сұрағы: АЭС-ті пайда­ла­нудың радиациялық тәуекелдері халықтың денсаулығы мен эко­жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін? Бұл тәуе­келдерді азайту үшін қандай сақ­тық шаралары қарастырылған?

Штаб жауабы: Елімізде қауіп­сіз­дік деңгейі жоғары жаңа буын АЭС салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар нысанды салу және пайдалануға қатысты бар­­­лық үдеріс бүкіл өркениетті әлем­де қолданылатын халықаралық қауым­­­дастық әзірлеген ережелер мен талап­тар­ға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл іске Атом энергиясы жөніндегі ха­лықаралық агенттік (МАГАТЭ) те араласады. Қазір ядро­лық реакторлар әлемнің 31 елінде жұмыс істеп тұр. Олардың қата­рында АҚШ пен Франция да бар. Бүгінде Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және Ресей елдерінде АЭС салынып жатыр. Бұл АЭС-тің қажет екеніне, оның қауіпсіздігіне дәлел бола алады.

Халық сұрағы: АЭС-тің ай­мақтағы биологиялық әралуан­дық­қа әсерін қалай бағалаймыз? Олардың сирек кездесетін және осал түрлерін қорғау үшін қандай шаралар қолдануға болады?

Штаб жауабы: АЭС-ті табиғи су қоймаларының жағасына салу – бүкіл әлемде кеңінен қолда­ны­латын тәжірибе. Қоршаған ортаны және барлық тіршілік иесін қорғау үшін ең жаңа технологиялық әзірлемелер қолданылады. Мәселен, елімізде жаңа буын АЭС-ін салу қарастырылып жатыр. Кейбір елдер стансалардың айналасындағы флора мен фаунаның жағдайын жақсарту, оның маңын демалыс орнына айналдыру үшін АЭС-тің мүмкіндігін пайдаланады. Осылайша, АЭС сал­қын­датқыш тоғандарда балықтың ондаған түрі өсіріледі және балық аулау­дан халықаралық деңгейдегі чемпионаттар ұйымдастырылады. Қазір АЭС маңындағы табиғи орта мен биоалуандыққа тиетін әсерді барынша азайту үшін, станса айналасында қолайлы экожүйе құру сияқты заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер қолдану жоспарланып жатыр.

Халық сұрағы: Радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жарату жолдары қарастырылды ма? Осы тәуекелдерді басқару үшін қандай шаралар көзделген?

Штаб жауабы: Қоғамда радиа­ция­лық қауіп туралы стереотип қа­лып­тасып қалған. Бұл жерде сәуле­лен­ген ядролық отын қалдық емес екеніне назар аудару керек. Оны өңдеу нәтижесінде, қайта пайдалану үшін 90 пайыздан астам пайдалы материалдар алуға болады. Радиоактивті қалдықтардың шама­мен 97 пайызы радиохимиялық сипаттамалары бойынша төмен белсенді қалдықтар немесе өте төмен белсенді қалдықтар болып жіктеледі. Жоғары белсенді қауіпті қалдықтарға келсек, олардың үлесі 0,1 пайыздан аз. АЭС-тен шы­ға­тын қалдықтардың көлемі басқа өнді­ріс­тік қалдықтармен, оның ішін­де жылу электр стансаларының қалдығымен салыстырғанда, әлде­қайда аз екенін айта кеткен жөн. АЭС жұмыс істеген кезде белгіленген қуаттылықтың әрбір 1 ГВт-ы үшін жылына шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдық қалады. Бұл АЭС жұмыс істеген 60 жыл­да 3 600 тонна қалдық қалады деген сөз.

Халық сұрағы: АЭС құрылысы еліміздің басқа мемлекеттерге саяси тәуелділігін арттырмай ма?

Штаб жауабы: АЭС салу басқа мемлекеттерге саяси тәуел­ділікті арттырмайды, керісінше, энер­гетикалық тәуелсіздікті нығай­туға ықпал етеді. Бұл – стратегиялық маңызды жоба. Ол ел тәуелсіздігін нығайта отырып, өз энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік бере­тін сенімді және орнықты энергиямен жабдықтайды. Сыртқы тәуе­келдерді азайту әрі жобаның қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін, сенімді халықаралық әріптестермен ынты­мақ­тастықтың егжей-тегжейлі тетік­терін, сондай-ақ озық технологияларды енгізу көзделген. Еліміз АЭС жобасының ең жоғары стандарттарға сай болуы және ел мүддесіне толық жауап беруі үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр.

АЭС – коммерциялық жоба. Серіктес ретінде таңдалған кез келген компания тек АЭС салады. Қытаймен, Кореямен, Ресеймен және Франциямен келіссөз жүргізі­ліп жатыр. Олардың арасынан Қазақстан­­ның қажеттіліктеріне кешен­ді түрде жа­­­уап бере алатыны ғана таңдалады. Сондай-ақ амери­калық («NuScale») және америкалық-жапондық бірлескен компа­ния­лар­дың («GE-Hitachi») төмен қуатты перспективті реакторлары зерттеліп жатыр.

Халық сұрағы: АЭС пайдалануға беріл­геннен кейін электр энергия­сының тарифі өсе ме?

Штаб жауабы: АЭС арқылы өндірілетін электр энергиясының құны отынның тұрақты бағасы мен энергия сыйымдылығына, сондай-ақ стансаның ұзақ қызмет ету мер­зіміне байланысты басқа энергия көздерімен салыстырғанда, жоғары болмайды. Ал оның қызмет ету мерзімі 60 жыл деп белгіленгенімен, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Тариф вендорлармен келіссөздер жүргізіліп, жобаны іске асыру шарттарын талқылап және жобалық құ­жаттаманы әзірлегеннен кейін айқын­далады. Бұл талқылаулар мен құжат­таманы дайындау жобаның барлық экономикалық және техни­калық аспектісін ескере отырып, әділ және бәсекеге қабілетті бағаны белгілеуге көмектеседі.

EGEMEN.KZ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button