Ұлт саулығы үшін маңызды экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді
АЭС ұзақ мерзімді, тұрақты, қауіпсіз электрмен қамтамасыз етеді, бұл әсіресе ауруханалардың, емханалар мен жабдықтардың жүйелі жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Осы тақырыпты облыстық Халықтық штаб мүшелері денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен бірге талқылады.
Штаб мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева атап өткендей, атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. Көмір және газ электр станцияларымен салыстырғанда АЭС зиянды шығарындыларының көлемі аз. Олай болса тыныс алуға және ауаның ластануына байланысты аурулар да азаяды деген сөз.Сонымен қатар, жалпы ұлт саулығы үшін маңызды экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.
«АЭС салу адамдардың денсаулығына зиянын тигізбейтінін білуіміз қажет. Мұны әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом электр станцияларын пайдаланудың көп жылғы тәжірибесі растады. Ғалымдар ірі жылу электр станциясы аймағындағы жеке сәулелену дозалары атом электр станциясының жанындағы ұқсас дозадан 5-10 есе артық екенін эксперименталды түрде анықтады. Сондықтан ядролық энергия «жасыл» деп танылды. Бұл энергия көзі жаңартылатын энергия көздерімен салыстырғанда ең экологиялық таза болып табылады, – деді ол.
Сондай-ақ атом энергетикасының дамуы ядролық энергияға негізделген медициналық технологиялардың ілгерілеуімен қатар жүреді, бұл емдеу әдістерін жетілдіре түседі.
М. БЕКТҰРСЫНОВА.