Спорт

Жанарыс — гран-при жеңімпазы

Дзюдо

Ақтөбелік дзюдошы Жанарыс Рахметқали Хорватия астанасы Загребте өткен әлемдік Гран-при кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.

Гран-при — әлемдік беделді жарыстардың бірі. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) 13-15 қыркүйек күндері Загребте өткен Гран-при жарысымен жаңа олимпиадалық кезеңнің алғашқы парағы ашылатынын мәлімдеген болатын. Бұл жарысқа әлемнің 40 елінен 319 дзюдошы қатысты. Оның ішінде өткен, яғни Париж Олимпиадасының жүлдегерлері болған жоқ. Дегенмен IJF-тің ресми парақшасында атап өтілгендей, мұнда негізінен жастар, 2028 жылғы Олимпиадада өз елінің намысын қорғаудан үмітті дзюдошылар өнер көрсетті.

Біздің елімізден Загребке 4 спортшы барып, олардың үшеуі финалға дейін жетті. Атап айтқанда, Жанарыс Рахметқали (66 кг) финалда британдық Майкл Фрайерден басым түсті. Негізгі уақытта тең түскендіктен, екі дзюдошы арасындағы жеңімпазды анықтауға қосымша уақыт берілді. Жанарыс бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланып, қарсыласын иппонға түсіріп үлгерді.

Жанарыс Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың салмағында өнер көрсетті. Ал Олимпиада жеңімпазы Елдос Сметовтің салмағында (60 кг) бақ сынаған дзюдошымыз Шерзод Давлатов финалда әзірбайжандық Ахмад Юсуфовты жеңді. Ғалия Тынбаева (48 кг) ақтық сында жапон қызы Вакана Когадан жеңіліп, күміс жүлдегер атанды.

Сөйтіп, дзюдошыларымыз Загребтен 2 алтын, 1 күміспен оралды.

Айта кетелік, Жанарыс Рахметқали — 2023 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, яғни жастар арасында дүниежүзіндегі ең үздік 4 дзюдошының бірі. Ол — Ембі балалар мен жастар спорт мектебінің түлегі.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button