Білім

Балдырған

Мамандық

Менің арманым

Әр адамның «Болашақта кім болам?» деген ойы болады. Сол ойын жетілдіру үшін адам көп оқуы керек. Біреу ұшқыш немесе құрылысшы, ал екінші біреулер жазушы, ақын, дизайнер, тігінші болғысы келеді.

Маған келсек, мен болашақта суретші яғни дизайнер болғым келеді. Ондай мамандыққа қол жеткізу үшін сабақты үздік оқып, сол салада көп ізденуім керек. Сондықтан мен қазіргі кезде көркемсурет лицейіне барып жүрмін. Көркемсурет лицейі маған суретті жақсы салу әдістерін, сонымен қатар ермексазбен, түрлі-түсті қағаздармен жұмыс істеуді үйретеді. Ал алдағы уақытта мүсінмен де жұмыс жасайтын боламыз.

«Армансыз адам болмайды, қанатсыз құс болмайды» дегендей, әр адамның арманы, мақсаты болады. Адам еңбек етпесе ондай арманға қол жеткізе алмауы мүмкін. Ойлаған арманыңа қол жеткізудің өзі үлкен еңбек емес пе?

Қазіргі кездегі басты еңбегім — оқу, яғни мектепте ұстаздың берген білімін игеріп, оларды қолдана білуге үйрену.

Даяна НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,

№32 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Отан

Мен — бақытты ұланмын!

Тәуелсіздік халқымыздың сан ғасырлар бойғы азаттық жолындағы күресінің, сол жолдағы көрген азаптарының баға жетпес байлығы ретінде жадымызда мәңгі жаңғырып, ой-санамызда ерекше орын алады.

Ежелден еркіндік пен бостандық аңсаған қазақ бабамның ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бас бостандығы жолында екі жүзден астам көтерілістерге шығып, өз жері үшін күрескені осының дәлелі болмақ.

Тарихымызда Тәуелсіздікке жол ашқан кешегі Желтоқсан оқиғасы, еліміздің жарқын болашағы үшін алаңға шығып қарсылық білдіргендердің ерен ерлігі, тәуелсіздікке жету мақсатына қосқан үлесі төл жылнамамызға алтын әріптермен тайға таңба басқандай етіп жазылды.

Тәуелсіздік — кең-байтақ қазақ жерін қанымен, маңдай терімен суарған ата-бабаларымыздың жемісі.

Тәуелсіздік — еліміздің әрбір арайлап атқан таңының, ауыртпалығы мен гүлденуінің, жаңаруы мен жетістіктерінің белесі.

Қазіргі таңда еліміз өзі теңдес елдер арасында биік шыңдардан көрініп, ілгері көш бастап келеді.

Міне, Тәуелсіздігімізге 20 жыл толғалы отыр. Осы 20 жыл ішінде еліміз көптеген белестерді бағындырды. Бір ту астында ғұмыр кешіп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері бейбіт тірлігін жалғастыруда. Ана тіліміз — қазақ тіліміз  мемлекеттік мәртебеге ие болған, шекарасы шегенделген, дінімізді берік ұстанған, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта өмірге әкелген елміз. Ашық аспан астында Әнұранымыз шырқалып, Көк байрағымыз желбірейтін болды. Азаттықты аңсап өткен ұлы бабаларымыздың асқақ арманы орындалып, олардың асыл ойлары бір жеңнен қол шығаруға, ел бірлігін сақтауға шақырды.

Қазақтың біртуар дара тұлғасы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Елдің ел болып одан ары қанат жаюы — қазіргі жастардың және де келер ұрпақтың кішкентайдан ұғынып, елдің тыныштығын көздің қарашығындай сақтауында. Тәуелсіздіктің тағылым мен жауапкершілігі әрқайсымыздың бар күш-жігерімізді одан әрі жұмылдыруды, көп еңбек етуді талап етеді.

Мен Тәуелсіз елдің ертеңі екенімді мақтан етемін. Мен — бақытты ұланмын!

Света АБНАСИРОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Алтын тұғыр

Сенімнің белгісі

Тәуелсіздіктің айғағындай, елдіктің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбаны, желбіреген Көк байрақты көргенде, әуелеген Әнұранды естігенде бойыңды ерекше бір ұландық, азаматтық сезім баурайды. Бұны көру де, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?!

Тәуелсіздік тірегі, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» стратегиялық бағдарламасы еліміздің болашағына сенгендіктен жастарға үлкен үміт артқандығы деп ойлаймын. Біздер, жас ұрпақ, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенімізді, аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінеміз.

Бүгінгі баянды бірлік, ұйыған татулық, ауызбіршілік халқымыздың ХХІ ғасырға арнаған тартуы болмақ, осы тартулар баянды да берік болғай!

Мен тәуелсіз елімнің гүлденіп, көркейе беруіне өз үлесімді қосамын. Жұдырықтай жүрегіммен жаңа ғасыр көгінде тәуелсіздігіміздің әрі қарай да тұғырлы болатынына, елімнің жарқын болашағына сенемін.

Д.ДҮЙСЕНОВ,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың оқушысы.

Ақтөбе қаласы.


Оқушының өлеңі

Қазақстан

Мақтанышым, бақытым да, ғажабым,

Тарихтан жоғалмаған қазағым.

Кең даланың мұрагері, иесі,

Елдігімді дастан етіп жазамын.

 

Арайланған әр күн сайын ақ таңым,

Тыныштықтың туын тіккен шақтамын.

Табиғаты тамсандырған әлемді,

Орман, тоғай, мұзарт шыңды шатқалың.

 

Сарқыраған өзендерім, көлдерім,

Құлан жортқан құлашы кең белдерім.

Байрағыңды биік ұстап барады

Болашақтың көшін бастап ерлерім.

 

Бұл күндері елсің ерек бағы асқан,

Жандану да, жарқырау да жарасқан.

Мәртебеңнің белгісіндей қол жетпес

Асқар шыңдар аспанменен таласқан.

 

Есіл, Ертіс — Сарыарқаның бұрымы,

Шарасында шайқалмаған тұнығы.

Айбыным да, айшығым да — Астана,

Бәйтерегім — Тәуелсіздік тұғыры.

 

Жаннұр БАЙДРАХМАНОВА,

№34 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

7 Comments

  1. Менің отаным-Қазақстан
    Қазақстан Евразияның кіндігнде жатыр. Қазақстан жер көлемі боиыншат әлемде тогызыншы орында тұр . Қазақстан жеріне басқа мемлекеттер
    қызығады.Қазақстанның табиғаты бай. Біздің Қазақстан Республикасын бүкіл әлем біледі және құрметтеиді. Біздің мемлекеттік тіліміз қазақ тілі және тұрғындарының көпшілігі қазақша сөйлеиді. Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны мемлекеттік сиволымызды сыйлайды, заңды сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Қазақстан Республикасының ең жогаргы байлығы-тәуелсіздік. Міне, қазір Қазақстанның тәуелсіздігне 20жыл толады. Мен өз отанымды сүиемін және құрметтеймін. Себебі мен осы елде туылдым және осы елде оқып, білім алып жатырмын. Қазақстанның өрлеуіне менде көмектесе аламын. Жаса, мәнгі ҚАЗАҚСТАН!!!Хасен Арайлым №6 орта мектеп 5сынып окушысы Актобе каласы

  2. Менің отаным-Қазақстан
    Қазақстан Евразияның кіндігнде жатыр. Қазақстан жер көлемі боиынша әлемде тогызыншы орында тұр . Қазақстан жеріне басқа мемлекеттер
    қызығады.Қазақстанның табиғаты бай. Біздің Қазақстан Республикасын бүкіл әлем біледі және құрметтеиді. Біздің мемлекеттік тіліміз қазақ тілі және тұрғындарының көпшілігі қазақша сөйлеиді. Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны мемлекеттік сиволымызды сыйлайды, заңды сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Қазақстан Республикасының ең жогаргы байлығы-тәуелсіздік. Міне, қазір Қазақстанның тәуелсіздігне 20жыл толады. Мен өз отанымды сүиемін және құрметтеймін. Себебі мен осы елде туылдым және осы елде оқып, білім алып жатырмын. Қазақстанның өрлеуіне менде көмектесе аламын. Жаса, мәнгі ҚАЗАҚСТАН!!!Хасен Арайлым №6 орта мектеп 5сынып окушысы Актобе каласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button