Ақтөбеде шаңғыдан ел чемпионаты өтті
Қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдер арасында шаңғыдан Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты өтті. Ұлдар мен қыздар арасындағы чемпионатқа еліміздің 11 өңірінен жиналған 120-ға жуық шаңғышы қатысты.
Чемпионаттың ашылуында облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Евгений Гончаров сөз сөйлеп, шаңғышыларға сәттілік тіледі.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде көптеген елді мекендерде тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуы үшін жағдай жасалып жатыр. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да көп көңіл бөлінуде. Республикалық деңгейде үшінші рет жасөсіпірімдер арасында чемпионат өткізіп жатырмыз.Шаңғышыларымызға сәттілік тілеймін! — деді басқарма басшысы.
Одан соң спортшылар жеке, спринт және топтық эстафета түрлері бойынша сынға түсті. Жарыстың алғашқы күнінде жасөспірімдер 5 шақырымға жүгіріп, кросс сайысының жеңімпаздары анықталды.
Аталған чемпионатқа Алматы облысынан 4 спортшы келіпті. Қыз-жігіттердің барлығы өздеріне сенімді. Шаңғы-роллер трассасының бойында шаңғышы Қуаныш Арманмен тілдескен едік.
— Жасым — 16-да. Шаңғы спортымен бала кезімнен бері шұғылданамын. Осы жарысқа даярлығымыз аз болды. Спорт мектебінің шаңғы жолы заманауи үлгіде салынған екен. Жазғы чемпионатта шаңғы-роллер бойынша сынға түстім. Ендігі мақсатым — Олимп шыңын бағындыру, — дейді спортшы.
Шаңғы туралы қызық дерек?
Осыдан 10 мың жыл бұрын Алтай тауын мекендеген қазақтың арғы тайпалары шаңғының екі түрін қолданған. Бірі жылқының қабырғасынан жасалған, тері таспалы сүйек шаңғы болса, екіншісі — самырсыннан жасалып, жылқы, бұғы терісімен қапталған тері шаңғы. Қазақ шаңғысының бірінші түрі жылқы қабырғасынан жасалған. Жылқы қабырғасы — жылтыр, басы қайқы, ұзындығы бір метрдей жалпақ сүйек. Дайын шаңғы. Қар бетінде кедергісіз сырғанайды. Алтайды мекендеген арғы ата-бабаларымыз қабырға шаңғыға малдың терісінен жасалған таспа тағып, аяққа байлап сырғанайтын болыпты. Шаңғының екінші түрі — тері шаңғы. Шаңғының бұл түрі археологиялық қазбаларда жақсы сақталған. Өйткені жылқы терісінен жасалған шаңғыны Алтай тауын мекендеген халық жаппай қолданыпты. Тері шаңғының бүгінгі шаңғыдан айырмашылығы — енді, ағашы қалың. Енді болатыны қарға батпайды, ал ағашының қалыңдығы тау жолына шыдамды. Төрт түліктің ішінде жылқы терісі жүні тықыр, сидам және төзімді келеді.
Алғашқы рет шаңғы жарысы 1767 жылы Норвегияда өтіпті. Осыдан кейін Швеция мен Финляндияда өте бастаған, артынша Орталық Еуропада кеңінен тарапты. 1924 жылы Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) құрылды. 2000 жылы FIS құрамында 98 ұлттық федерация болды.
Қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағанбеттің айтуынша, шаңғы-роллер трассасы еліміздегі чемпионат өткізуге лайықталып салынған үшінші трасса екен. Оның ұзындығы — 11,5 шақырым.
— Спорт мектебінде 228 спортшы қысқы спорт түрлерімен шұғылданады. Мұнда 14 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Осы мектепте тәлім алған балалар мен жасөспірімдер 7-сыныптан кейін Риддер қаласындағы олимпиада резервінің республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледжінде білімін жалғастыра алады.
Заман талабына сай салынған спорт мектебінің ғимараты біздің спортшыларымыз үшін жайлы мекенге айналды. Бұл жерде адами фактор жоқ. Барлығы компьютермен бақыланып отырады. Материалды-техникалық базамыз өзге облыстардан келген қонақтарымызға да ұнап жатыр. Барлығы шаңғыларын жылы жерде отырып байлайды. Кейін жерасты жолы арқылы жарысқа шығады. Спортшыларға өте ыңғайлы. Бүгінде үлкен додаларды бағындырып жүрген спортшыларымыз бар. Мәселен, Демеужан Батыржан, Бексұлтан Ернұр деген балаларымыз бірнеше мәрте ел чемпионы атанды. Осы жолы Бексұлтан Ернұр жүгіруден 1-орынды иеленсе, Ержан Арман 3-орынды еншіледі. Жазғы чемпионатта спорт мектебінің намысын 20 спортшы қорғады. Сонымен қатар осы жылы тамыз айында Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен ұлдар мен қыздар арасында өткен ел біріншілігінде спортшыларымыз 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде алды, — дейді спорт мектебінің директоры.
Бексұлтан Ернұр шаңғы чемпионатына тыңғылықты дайындалып келген. Жарыстың алғашқы күнінде жас спортшы 5 шақырымға жүгіріп, алтын медальға ие болды. Оның ендігі мақсаты — әлем чемпионаттарына жолдама алу.
— Шаңғы үйірмесіне 9 жасымнан бері қатысып келемін. Жетістіктерім де баршылық. 2022 жылы Норвегия мемлекетінің астанасы Осло қаласында өткен шаңғы жарысында 30 шақырымды бағындырып, мәреге 24-ші болып келдім. Әлемдік жарысқа 90 елден келген мықты спортшылар қатысты. Бүгінде жаттықтырушым Артур Балхатовпен әлем чемпионаттарына дайындалып жатырмыз. Ел мерейін асқақтатып, жеңіске жету жолында аянбай еңбек етемін, — дейді ол.
Жарыс қатысушысының бірі Ержан Арман болса бұл чемпионатқа Өскеменнен арнайы келген. Ол — қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі.
— Мен Қазақстан чемпионаттарының екі мәрте жеңімпазымын. Екі жыл бұрын Риддер қаласындағы олимпиада резервінің республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылдандым. Оқу орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда оқу мен спортты қатар алып жүруге бар мүмкіндік жасалған. Ақтөбедегі шаңғы-роллер алаңына келер болсақ, мұндағы шаңғы жолы әрбір шаңғышының шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Әдемі база, әртүрлі жолдар мен рельефтер — мұнда спортшыға керектің бәрі бар, — дейді Ержан Арман.
Республикалық деңгейдегі жарыстың Ақтөбе жерінде өтіп жатқанына спорт саласының жаттықтырушылары да өте қуанышты.
— Біз тұрған шаңғы-роллер трассасы — спортшы үшін таптырмас алаң. Бұрын мұндай жер болған жоқ. Ал қазір шаңғы спортымен айналысамын дейтін жастарға барлық жағдай жасалған. Артымыздан ерген іні-қарындастарымыздың спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырған облыс басшылығына үлкен алғыс білдіреміз.
Жазғы чемпионатқа Бексұлтан Ернұр, Ержан Арман сынды шәкірттерім қатысты. Осы спортшыларымыздан мол үміт күтемін, — дейді шаңғы спортынан Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Артур Балхатов.
Қыркүйек айының 4-10 аралығында өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша Ақмола облысы — 1-орын, Қостанай облысы — 2-орын, Абай облысы 3-орынды иеленді. Жалпы есепте Ақтөбе облысының командасы 5-орын алды. Жазғы чемпионатқа 11 команда қатысты. Аталған жарыста қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары нәтижелі өнер көрсетті. Атап айтсақ, ерлер арасындағы жеке спринт түрінен Асылхан Бақытов — 1-орынды, еркін жүрістен 15 шақырым қашықтықта Ержан Арман 3-орынды иеленді. Жарыстың соңғы күнінде өткен эстафеталық жарыстан 4×7,5 шақырым қашықтықта сынға түскен спортшылар 2-орын алды. Командалық эстафеталық жарыста Нұржан Бұхарбай, Нұрлыбек Чимбаев, Мансұр Жұбатқанов, Ержан Арман облыс намысын қорғады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.