Атом энергиясын дамушы елдер де игілігіне жаратып отыр
Энергетика
Облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығында кеңейтілген мәжіліс жиынын өткізді.
Әңгіме өзегі — Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы.
Әуелі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов баяндама жасады. Ол өз сөзінде алдағы уақытта салық режимдерін оңтайландыру мәселесіне тоқталды. Ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізетін бұл жанашырлықты көпшіліктің қуана қабылдағанын атап айтты. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін тиімді шарттардың сақталуын қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру мәселесіне айрықша маңыз беріп отырғандығы жан-жақты баяндалды.
— Жолдауда айтылған тоғыз бағытта да қоғамда заң мен тәртіпті идеологиясын терең орнықтыру қажеттігі баса қозғалды. Заң мен тәртіп бүкіл халыққа ортақ болуы қажет. Мемлекет басшысы әрқашан білім, ғылым, медицина саласына көп көңіл бөледі. Жолдауда осы саладағы басым бағыттар айтылып, ауылшаруашылық саласының да кенже қалмауын тапсырды. Президент көтерген өзекті проблемалардың оң шешілетініне сенім білдіреміз. Атом электр стансасы халықтық референдумда шешілетіні айтылды. Атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана пайдалану керек деген ұстаным жоқ. Оны біз сияқты дамушы елдер де өз игілігіне жаратып отыр. Сондықтан облыстық ардагерлер кеңесі бұл ұсынысты қолдайды, — деді Серік Шаңғұтов.
Әлемде энергия тапшылығы бар және жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл тапшылықты жою үшін сенімді әрі экологиялық таза энергия көзі керек. Осыған байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері АЭС салудың маңыздылығына тоқталып, өз ойларын ортаға салды.
— Қазақстанда АЭС құрылысы көптеген саланың дамуына серпін береді. Бізге жаңа жылу электр орталығы, атом электр стансалары немесе баламалы энергия көздері қажет. Атом электр стансасы — экологиялық таза энергия көзі. Сондай-ақ АЭС салу экономика мен бизнес саласын дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл құрылысқа сегіз мыңнан аса адам жұмылдырылады деп айтылды, — деді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің физика кафедрасының аға оқытушысы Самат Шариповтың айтуынша, елімізде күн және жел энергиясы шамамен 6 пайызды құрайды. Қуат көзінің бұл түрі дамып келеді, бірақ жеткіліксіз.
— Елімізде электр қуаты жетіспейді. Атом электр стансасын салу керек. Сондай-ақ оған қосымша жылу электр орталығы құрылысын да жүргізу маңызды. Бізде атом энергетикасын пайдаланатын елдерге сатылатын дайын уран таблеткалары бар. Демек, АЭС үшін дайын отын жеткілікті деген сөз. Әсіресе еліміздің оңтүстігінде электр энергиясы тапшы. Сондықтан біз оны көрші елдерден сатып аламыз. Электр желілері арқылы энергияны оңтүстікке тасымалдау бойынша еліміздің бірқатар компанияларының жобалары бар. Павлодар облысында электр энергиясының 40 пайызын өндіреді. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Сондықтан жаңа қуат көзі қажет, — деді Самат Шарипов.
Айдана АЛТЫБАЕВА.