Бірінші белес: берік қорғаныс
Конференция лигасы
Қазақстан-Норвегия — 0:0
Өткен жылды Конференция лигасында ойнаған Қазақстан табысты аяқтады. Өз тобында (Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Словакия) 13 ұпай жинап, «С» лигасынан жоғары тұрған «В» лигасына өтті. Ал қалған үш команда биыл да ойынды бұрынғы «С» лигасында өткізбекші.
Әрине, биылғы «В» лигасындағы құрамалар былтырғыдан мықтылау: Австрия, Норвегия, Словения, Қазақстан. Дегенмен тәуекелге бел буып отырмыз. Былтыр да Қазақстан құрамасын дұрыс есепке алғандар әуелгіде онша көп болмап еді. Бірақ сол кездегі бас бапкер Магомед Адиев бастаған жігіттер біздің футболдың мығымдығын танытты. Бір саты жоғарылады. Ал биыл…
* * *
Өткен аптада Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін өткізді.
Жалпы өткен апта іргелес елдер мамандарының қызметтен кетуімен басталды. Дұрысын айтқанда, жалғасты. Өйткені соның алдында ғана «Ордабасы» командасының бас бапкері беларусь Александр Седнев орнын қазақстандық Кирилл Кекерге беріп кетіп еді. Су жаңа Кекердің басқаруындағы команда алғашқы кездесуінде «Қайсардан» жеңіліп оралды.
Ал жексенбіде «Елімайдан» ұтылған «Ақтөбе» командасының бас бапкері Дмитрий Парфенов қызметтен босатылды.
«Астанадан» ұтылған соң «Қайраттың» жетекшісі Александр Кержаков та осылардың жолын құшты. Неге бұндай шешім қабылдағанын бапкердің өзі жарытып айтпады.
Қатарынан төрт кездесуде бір рет жеңіске ие бола алмаған Парфеновтің командасына қарағанда Кержаковтың жігіттері чемпиондық тақты иемденуге енді ғана шындап кіріскен тәрізді еді. Жарайды. Кеткендер кетті. Олардың орнына мығым отыра алатын енді кімдер бар? Маусым бойғы тартыс-таластар ештеңе емес. Алтын медальға кімнің ие болмақтығы таразыға түсіп тұрған мына кезеңде, мейлі, жақсы болсын, жаман болсын, үйреніп қалған бапкерден айрылып қалу қай командаға да оңайға соқпаса керек.
Бір қызығы, дәл осы кезеңде Қазақстан ұлттық құрамасын екі жыл басқарып, биікке шығарған Магомед Адиев Ресей Премьер-Лиасында ойнайтын «Ахмат» клубымен қоштасты. Мәселенің егжей-тегжейіне бармай-ақ қоялық, Адиевтің жетекшілігіндегі грозныйлық «Ахмат» 7 ойында 5 ұпай ғана жинады. Бірде-бір жеңіске жете алмады. Магомед Мусаевичке қанша жерден жанымыз ашыса да, кейде жеке команданы басқару ұлттық құраманы ілгері сүйреуден әлдеқайда қиын секіді көрінеді. Өйткені ұлттық құрамаға небір ойыншыларды шекесінен шертіп жүріп таңдап аласың (әрине, таңдауға татыса), ал клуб құрамындағы футболшыларды өйтіп іріктеп отыруға мүмкіндігің жоқ, барымен базарлайсың.
* * *
Норвегия құрамасымен кездесуге Қазақстанның су жаңа бас бапкері Станислав Черчесов, әрине, өзі ең таңдаулы деп есептеген футболшыларды таңдап алды. Өйткені норвегиялықтарды әлсіздер қатарына қоса алмайсың. Үш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысқаны бар (1938, 1994, 1998), 2000 жылы Еуропа чемпионатында да бақ сынады. Егер 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиаданың қола жүлдегері болғанын ескірген фактіге жатқызсақ,1998 жылы Бразилия құрамасын, оған дейін екі рет, 1981 және 1993 жылдары Англияны ұтып кеткенін ұмытуға болмайды. Ұлттар лигасында бұлар 2022-2023 жылғы рейтинг бойынша 24-орынға шықты. Ал Қазақстан 100 бірдеңесінші орында екен.
Дегенмен, қалай болғанда да, Норвегия футболы тап қазір үрей тудыратындай мықты емес. Талассыз жұлдыз деп Эрлинг Холанды айтуға болады («Манчестер Сити»). Бұған лондондық «Арсеналдың» футболшысы Мартин Эдегорды да қосуға болар.
6 қыркүйек күнгі кездесуге бұлардың екеуі де шықты. Екеуі де бірақ гол соға алмады. Біздің қорғаушылар гол соққызбады.
Ең алдыменен айтарымыз, ойын тең аяқталды — 0:0.
Жалпы бұл кездесуді Норвегияның шабуылы мен Қазақстанның қорғанысы деп атауға да болар. Себебі футбол білгірлері Норвегияны алдына ала фаворит деп белгілеген болатын. Расы да солай болды. Бүкіл ойын барысында қонақтар тынымсыз шабуылдаумен болды да, алаң иелері қорғаныстан шығып жарытпады. Бірақ бұл да тактика. Әзірге жанкүйер таңдай қағып отырар шабуылшысы жоқ команда қорғанбағанда қайтеді. Біздің жігіттер қара терге түсті. Бірақ сыр бермеді. Алаңның ана тұсынан да, мына тұсынан да атойлап шыға келетін норвегтердің әр қадамын бақылап-ақ бақты. Әрі-беріден соң қорғану — шабуылдаудан да кем соқпайтын сын. Осының өзінде қонақтар екі рет аса қауіпті соққы жасады.
31-минутта Норвегия құрамасы кезекті позициялық шабуылын бастады да, доп біздің айып алаңымызға жетіп келді. Александер Серлот талас кезінде допты Нұралы Әліптен қақшып алды да, Феликс Мюреге жіберді. Мюре бөгеліссіз соққы жасады, дегенмен доп қақпаның маңдайшасына тиіп одан әрі айдалаға ұшып кетті.
Ал екінші таймда, 55-минутта шабуыл барысында біздің айып алаңымызға келіп үлгерген Антонио Нуса допты алыс бұрышқа тепті де, біздің қорғаушымызбен жағаласып жүрген Эрлинг Холанн аяғын төсей қойды, дегенмен доп қақпа діңгегіне тиді де өз бетімен әрі қарай лағып кетті.
Қалай барлап көрсеңіз де, алаң иелері қонақтарға осы екі сәттен басқа уақытта гол соғып кетерліктей мүмкіндік берген жоқ. Мына екі жағдайда да соққы иелері біздің жігіттердің жанкешті қимылдарына алаңдап ойларын жүзеге асыра алмағаны даусыз.
Міне, осындай тынымсыз арпалыс үстінде жүрген жігіттерімізге шабуыл шебінде неге көзге түсе алмадыңдар деп кінә тағудың да қисыны келіңкеремейтін секілді. Статистикаға үңілсек те, қазақстандық құраманың ойыншыларынан қонақтардың басым болғанын мойындауға тура келеді: соққылар — 5:2; қақпаға дәл бағытталған соққылар — 0:2; бұрыштамалар — 2:13. Ал кездесудің 64 пайызы бойына доп қонақтардың аяғында жүрді, біздің жігіттер 36 пайызбен шектелді.
Дегенмен жігіттеріміз алғашқы сыннан абыроймен өтті. «Мен ойын алдында Холанн мен оның командасына қарсы қаруымыз біздің ойыншылар болатынын айтқанмын. Олармен Александр Марочкин, Әлібек Қасым және Нұралы Әліп ойдағыдай тіресті. Бұл жігіттер біздің ойымыздағыны жасады. Холанды ойнақтатпады. Екіншіден, Норвегияның Холанды доппен қамтамасыз етуіне мүмкіндік берілмеді», — деді С.Черчесов ойын біткен соң.
«Flashscore.com» статистикалық сайты қазақстандық құраманың ішінен ең үздік деп қорғаушы Ян Вороговскийді атады. Ол 7,5 балл алды. Ал ең аз балл алған — шабуылшы Рамазан Кәрімов. Бұл түсінікті де. Рамазан ойынға екінші таймда қосылғандықтан өзін жан-жақты көрсете де алмады. Ал ресейлік комментатор Максим Кретов кездесудің ең үздік ойыншысы деп Нұраәлі Әліпті атады. Беделді «WhoScored» аналитикалық сайты болса, Қазақстан құрамасының үздік ойыншысы Игорь Шацкий деп таныды. Ол 7,59 балл алды. Одан соң 7,35 балл жинаған Ян Вороговский мен 7,23 баллға ие болған Әлібек Қасым тұр.
Ал, шындығына келгенде, осы ойынға қатысқан қазақстандық футболшылардың барлығы да мақтауға лайық болды. Екінші таймда алаңға шыққандар да қателікке ұрынбады.
Жалпы шетелдік БАҚ Қазақстан футболының бұл ойын нәтижесін сенсация деп бағалады.
Қазақстан-Норвегия — 0:0
Ескерту алғандар: Бактиер Зайнутдинов, 38-минут, Әлібек Қасым, 42-минут, Айбол Әбікен, 72-минут, Ислам Чесноков, 75-минут (Қазақстан); Арон Деннум, 78-минут (Норвегия).
Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский, Александр Марочкин, Әлібек Қасым, Нұралы Әліп, Марат Быстров, Асхат Тағыберген, Бактиер Зайнутдинов (Рамазан Кәрімов, 63-минут), Рамазан Оразов (Айбол Әбікен, 58-минут), Ислам Чесноков (Эльхан Астанов, 80-минут), Абат Айымбетов (Максим Самородов, 58-минут).
Бас бапкер: Станислав Черчесов.
6 қыркүйек 2024 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион.
Е.АХАТҰЛЫ.