Әзірге ең үздік жетістік
Паралимпиада
8 тамызда Парижде XVII жазғы Паралимпиада ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 9 жүлде алып, ресми емес жалпыкомандалық есепте
39-орынға тұрақтады.
Қазақстандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар бұл Ойындарда 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль иеленді. Бұл — ел тарихындағы Паралимпиадалар қорытындысы бойынша әзірге ең үздік жетістік. Бұған дейінгі үздік нәтиже Токиода өткен Паралимпиадада тіркелген еді. Жапония астанасынан спортшыларымыз 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль әкелген болатын.
Биылғы зор жетістікке Қазақстанның ұлттық парадзюдо құрамасының ерекше үлес қосқанын айта кеткіміз келеді. Құрама сапында Парижге барған 10 спортшының 5-еуі жүлде алды. Атап айтқанда, Ақмарал Науатбек — алтын; Ерғали Шамей — күміс, ал Даяна Федосова, Зарина Райфова және Жұрқамырза Шүкірбековтер қола медаль иеленді.
Сондай-ақ Давид Дегтярев пауэрлифтинг бойынша чемпион атанса, Нұрдәулет Жұмағали — жүзуден, ал Еркін Ғаббасов нысана көздеу спортынан күміс алды. Дастан Мұқашбеков жеңіл атлетикада ядро лақтыру жаттығуы бойынша қола медаль жеңіп алды.
Чемпиондарға тоқталсақ, Давид Дегтярев 2021 жылы Токиода да алтын медаль алған болатын. Ол — екі дүркін Паралимпиада чемпионы атағына қол жеткізген бірінші отандасымыз. Ал Ақмарал Науатбек — өз салмақ дәрежесінде әлемдегі ең үздік спортшылардың бірі. 2022 жылы ол әлем чемпионы атанды, былтыр Қытайда өткен Азия құрлығының параойындарында да алтын медаль алды.
Қытай құрамасы XVII жазғы Паралимпиаданың жеңімпазы атанды. Бұл елдің спортшылары барлығы 216 медаль ұтып алды, оның 94-і — алтын. Екінші орында — Ұлыбритания, ал АҚШ ресми емес жалпыкомандалық есепте үшінші орында тұр.
А.САРЫБАЙ.