Заң мен тәртіп — барша игіліктің іргетасы
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:
— Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі және көршілес елдердегі геосаяси жағдайдың қиын екені белгілі. Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының, ең алдымен, оптимистік маңызға ие екенін атап өткен жөн.
Президент: «Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат — азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл — қолдан келетін шаруа», — дей келіп, ел әлеуетін күшейту мақсатындағы жұмыстардың нақты бағыттарына, соның ішінде ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттігіне тоқталды. Банктер, негізінен, экономикаға көбірек қаржы құюы керек. Үкімет пен Ұлттық Банкке осыған қатысты оңтайлы шешімдер қарастыру тапсырылды.
Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар. Қоғамда бұл өте өзекті мәселеге айналды. Бір жағынан, цифрлық технологиялардың жаппай енуі де түрлі алаяқтық іс-әрекеттердің көбеюіне әкелді. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу мен қарапайым цифрлық дағдыларды меңгерудің аса маңызды екені сөзсіз. Amanat партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасы осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды.
Өткен жылғы Жолдауда Президент атом электр стансасын салу мәселесіне тоқталған еді. Осыған байланысты биылғы Жолдауында: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды» — деп, референдумның нақты мерзімін атады. Яғни жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетін болды. Осылайша маңызды мемлекеттік шешім халықтың дауыс беруі арқылы қабылданбақ.
Әділетті қоғам орнықтыру заң мен тәртіп идеологиясынан басталады. Буллинг пен әлімжеттікке, вандализмге, лудоманияға тосқауыл қою үшін жаңа заңдар қабылданды. Сондай-ақ алда да жаңа заңдар қабылданатын болады. Мысалы, «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
Бауыржын Момышұлының сөзіне сүйенсек, тәртіпке бағынғаннан қоғам да, адам да құл болмайды.
Президент Жолдауында әрдайым нақты жағдай, қоғамдағы өзекті мәселелер айтылады және олардың шешімі қарастырылып, алға мақсат-міндеттер қойылады. Бұл нақты мақсаттарды жүзеге асыру, үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру жолындағы істерді одан әрі жалғастыру — баршаның ортақ міндеті.