Жаңалықтар

Мұнайшылар марапаты

Қазақстан мұнайына — 125 жыл

 Сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Өнер орталығы» ғимаратында Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов арнайы келіп, сала мамандарын құттықтады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбеде 16 мұнай-газ өндіруші компания жұмыс істейтінін айта келе, аталған саланың маңыздылығына тоқталды.

—Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отын-энергетика кешенінің Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын үнемі айтып келеді. Ақтөбе облысы — Қазақстанның ірі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. Өңірде мұнай-газ саласының дамуына 16 мұнай-газ өндіруші компания үлес қосып келеді. Жыл сайын бұл компаниялар 4,5 миллион тонна мұнай және 5 миллиард текше метр көлемінде газ өндіруде. Ал өндіріс пен қызмет көрсету салаларында 13 мыңға жуық жерлесіміз табысты еңбек етіп жүр.

«Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы, оған қарасты еншілес компаниялар Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң нәтиже көрсетуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар компанияның қолдауымен елді мекендерді газдандыру, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да көптеген маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жүр. Осы бастамалардың барлығы өңірдегі өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді, — деді өңір басшысы.

Мұнай-газ компаниялары өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті халықты қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды іске асыра отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Айталық, жиында «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Мұғалжар ауданындағы Жаркемер ауылын газдандыру жұмыстарын, Қожасай ауылында грейдерлік жол және Шеңгелді, Қожасай мен Теміркөпір ауылдарында балалар алаңдарын салу жобасын қаржыландырғаны айтылды. Сонымен қатар Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы балабақшаның материалдық базасын нығайтуға қаражат бөлген. Ал «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Байғанин ауданы Жарқамыс ауылының тұрғындарын газбен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек 2015 жылдан бері компания өзінің электр станциясында өндірілген артық электр энергиясын ауданның шаруа қожалықтарына ақысызұсынып келеді.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов те құттықтау сөзінде мұнайшыларға еңбегі мен мамандығына деген адалдығы үшін алғыс білдіріп, компанияның Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тигізген септігін тілге тиек етті.«125 жыл ішінде Қазақстанның мұнай-газ саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналды. Осы жылдар ішінде сала түрлі кезеңдерден өтті. Мұнайшылардың еңбегі елдің энергетикалық әлеуетін дамытуға ғана емес, өңірдің әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Қиындықты мойымай көтерген ардагерлеріміздің адал еңбегіне құрметіміз ерекше, алғысымыз шексіз. Соның арқасында біз еңсемізді тік көтеріп, ертеңгі күнге сеніммен қараймыз», — деді ол.

Мерекелік жиын барысында мұнай өндіруші кәсіпорындардың бір топ қызметкері марапатталды. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қарасты «Қазақойл Ақтөбе», «Өріктау Оперейтинг», «Қазақтүрікмұнай», «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-лары және «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының қызметкерлеріне мерейтойлық төсбелгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Соңында концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button