«Ақтөбе» — 100!

Халық игілігі үшін қызмет етеді…

Қазбек ӘЛІШЕВ,

мәжіліс депутаты

Облыс баспасөзінің қара шаңырағына айналған «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетіне биыл 100 жыл толды. Ғасыр бойы өңірдің шежіресін жазып келе жатқан басылымның мерейтойы құтты болсын!

Алаш алыбы Ахмет Байтұрсынов «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп атап айтқанындай, «Ақтөбе» әрқашан халықтың игілігі үшін қызмет етіп келеді.

Газет оқығанның пайдасы мол. Басылымда қаншама пайдалы дүниелер жарық көріп жатыр. Ақпараттық-танымдық бағыттағы мақала­ларды көргенде егер мен газет оқымаған болсам, осының бәрінен құр қалатын едім деп ойлаймын.Тіл қатынас құралы болса, оны кеңейтудің басты құралы — газет. Газет қоғамдық пікір қалыптастырады, халықтың көкейіндегі мәселелерді көтеріп, шешімін табу жолын іздейді. Әрқашан халық пен биліктің ортасында алтын көпір болып, мемлекеттік ұлттық саясатты насихаттап, құндылықтар мен төл өнерді дәріптеп, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыруда адал еңбек атқарып келеді. Адамды ақпарат басқарған заманда жылдам интернет деректерінен гөрі, газет-журналда жазылған мәліметтерді оқыған әлдеқайда жақсы. «Ақтөбе» газеті облыстың шалғай ауылдарына дейін жетеді.

Бүгінде «Ақтөбе» газеті уақыттың талабына сай жаңартылып, ақпараттық кеңістікте өзіндік орны бар басылымның біріне айналды. Тарихы өткен ғасырдан басталатын облыстық басылымның маңызы ерекше. Ғасыр белесін бағындарған төл басылымды мерейтойымен құттықтап, газет ұжымына шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілеймін!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button