АЭС құрылысына 10 жыл керек
Атом электр станциясын салып берген вендорға тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің мамандарды даярлаймыз. Бұл туралы елордада ядролық технологиялардың халықаралық көрмесінде ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин айтты.
«Егер референдумда АЭС салуға халықтың басым бөлігі дауыс берсе, онда Үкімет деңгейінде вендорларды айқындаймыз. Бұл тұрғыда оларға қойылатын тиісті талаптар болады, яғни техникалық әрі экономикалық көрсеткіштер назарға алынады. Сонымен қатар бұл ауқымды жұмысқа жергілікті өндірістер мен жұмыс күшінің тартылуына екпін қойылады. Атап айтқанда, біздің мамандардың білімін жетілдіруге көңіл бөлінеді, себебі кейіннен біз АЭС салып берген вендорға тәуелді болып қалмауымыз керек. Жалпы, еліміз отын шикізаты қоры бойынша алдыңғы орында екені белгілі», — деді Ғ.Серғазин.
Оның айтуынша, Астанада өтіп жатқан көрмеге Қазақстанда АЭС салудан үмітті төрт вендор шақыртылды, яғни Франция, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея компаниялары бар.
«Бұл вендорлардың барлығы АЭС құрылысында өздерін жақсы жағынан таныта алды. Бүгінгі көрме аясында ел халқы қандай технологияларды қарастырып жатқанымызды өз көзімен көре алады. Осында заманауи реакторлардың үлгісі таныстырылып отыр», — деді департамент басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, АЭС құрылысына 10 жылдан астам уақыт керек.
«Бізде АЭС-ті басқара алатын кадрлық әлеует тапшы деп айтуға болмайды. Министрлікке қарасты екі мықты институт бар — Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталығы. Бұдан бөлек еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарын жыл сайын жас мамандар тәмамдап жатыр», — деді Ғ.Серғазин.
Бұдан бөлек ол АЭС құрылысында консорциум арқылы іске асыру тиімділігі пысықталып жатқанын айтты.
«Халықаралық консорциумды да қарастырып отырмыз. Осы орайда бүгін қамтылған үміткер компаниялардың барлығының қатысуын жоққа шығармаймыз», — деді департамент басшысы Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, Қазақстанда АЭС салу мәселесіне арналған республикалық референдум туралы Президент Жарлығының жобасы Үкімет қарауына жіберілді.
ЖАС ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?
Түркістан облысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 420 делегат АЭС салу мәселесін талқылады.
Жас ғалым Нұрхат Жәкиев Қазақстандағы энергияның 80 пайызға жуығы бүгінде көмір арқылы өндірілетініне және атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екеніне назар аударды.
– Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компьютер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Мұның бәрі немен жұмыс істейді? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп, экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді ол.
«Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын айтты. Ол бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан біртіндеп электромобильдерге көшіп жатқанына, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап ететініне назар аударды.
Ал жас ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде АЭС пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса әлемдегі экспорттық тауарлардың 70 пайызын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс. Ол үшін бізге энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін АЭС қажет.
Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жас белсенділердің пікіріне қолдау білдірді. Ол АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа жастар белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.
— Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл — Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек, АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС — ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет, — деді Ерлан Қошанов.
САУАЛНАМА: РЕСПОНДЕНТТЕР ПІКІРІ
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2024 жылғы 7-18 тамыз аралығында телефон арқылы сауалнама жүргізілді.
Оған барлығы 1200 респондент қатысты. Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқандар қатысты.
Жалпы, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (53,1%) АЭС салу идеясын қолдайды. АЭС салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артады, соның ішінде 2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шешіледі деп сенеді.
АЭС салу идеясының қарсыластары (32,5%), негізінен, ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық танытады.
Сонымен қатар әрбір оныншы респондент (14,4%) өз таңдауын әлі жасаған жоқ.
Сондай-ақ респонденттердің жартысы (51,0%) өздерін АЭС құрылысына қатысты референдумда «қолдау» немесе «қарсы» деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім деңгейіне ие деп санайды. Респонденттердің тағы 12,2 пайызы толық емес ақпаратқа ие екенін мойындайды. Сауалнамаға қатысқандардың 31,6 пайызы мүлдем ешқандай ақпаратқа ие емес, ал 5,2 пайызына жауап беру қиынға соқты.
Сауалнама барысында респонденттердің 42,6 пайызы АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысуға толыққанды ниет білдірді. Тағы 16,4 пайызы қатысу мүмкіндігін айтты. Респонденттердің 25,3 пайызы референдумға қатыспауды жоспарлайды, 8,9 пайызы шамасы қатыспайды, ал 6,8 пайызы жауап беруге қиналды.
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ АРЗАН ЭНЕРГИЯ КӨЗІ
Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев елімізде атом электр станциясын салудың не үшін қажет екенін түсіндірді.
«Атом электр станциясы — әлемдегі ең арзан электр энергия көзі және «жасыл» энергияны алмастыра алады. Ол Қазақстанға қажет. 2060 жылға қарай көмірқышқыл газы шығарындылары үшін қосымша салық төлеу міндеттеледі, себебі ол қоршаған ортаны ластап жатыр. Сондықтан қауіпсіз энергия өндірісін дамытамыз десек, көмірқышқыл газын шығармайтын, яғни «жасыл» энергетиканы қолдауымыз керек», — деді Саябек Сахиев елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша елордада өткен қоғамдық тыңдауда.
Осылайша институт басшысы елімізге атом электр станциясы керек екенін айтып отыр, онсыз экономикалық прогресс болмайды.
Одан бөлек маман атом электр станциясынан көмірқышқыл газ шығарындылары болмайтынын мәлімдеді.
«ҚазАқпарат» материалдары негізінде әзірлеген Айәли АЙБЕК.