Басты жаңалықтар

Кәсіптік білім және жұмысшы беделі

Жұмысшы мамандықтар жылы

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланысты бірқатар іс-шара кәсіптік білім беру жүйесін нығайтуға және өңір экономикасының түрлі секторлары үшін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында облыста кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері қаралды.

— Колледждер өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және басқа да маңызды секторларды дамытуға негіз болатын жұмысшы кадрларды даярлауда шешуші рөл атқарады. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жылы жұмысшы мамандықтарды дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын жетілдіруге назар аударамыз. Біз еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сай келетін мамандарды жоғары сапалы даярлауды қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ түлектеріміз өңір кәсіпорындарында табысты жұмыс істей алуы үшін оқу орындарын жаңғыртуға, заманауи технологиялар мен практикалық дағдыларды енгізуге көңіл бөлу маңызды, — деп атап өтті облыс әкімі.

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова атап өткендей, өңірде 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша студенттерді оқытатын 40 колледж жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылына мемлекеттік тапсырыспен 7654 орын бөлінді, оның ішінде техникалық мамандықтарға арналған орындар саны едәуір артқан.

Облыс колледждерінің 70 пайыздан астамын қамтитын дуальды білім беруді енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл студенттерге кәсіпорындарда практикалық оқудан өтуге мүмкіндік береді, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Дуальды жүйе бойынша оқитын студенттердің жұмыспен қамту деңгейі — 91%. Осы бастама аясында колледждер, кәсіпорындар мен студенттер арасында 948 үшжақты келісімге қол қойылды.

Бұдан өзге мұнай-газ, тау-кен, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері және су шаруашылығы сияқты бес негізгі сала бойынша Ақтөбе облысында жаңа мамандықтар атласы дайындалды. Сондай-ақосы салалардың қажеттіліктеріне сәйкес білім беру бағдарламаларын бейімдеу бойынша іс-шараларды қамтитын колледждерді профильдеудің жол картасы жасалды. Картаны іске асыру аясында колледждердің салалық мамандануын ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты түзетуге қатысты бірқатар іс-шара жүргізілді, бұл өңір экономикасының сұранысқа ие салалары үшін мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатарРесей мен Қытайдың білім беру мекемелерімен халықаралық байланыстар белсенді дамып келеді, бұл студенттер мен оқытушыларға тағылымдамадан өтуге және тәжірибе алмасуға жол ашады.

2025 жылы колледждерді одан әрі біріктіру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту, сондай-ақ студенттердің біліктілігін және олардың еңбек нарығындағы сұранысын арттыру үшін жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева колледж түлектерін жұмысқа орналастыру туралы мағлұмат берді. Ол аймаққа 7503 маман қажет екеніне назар аударып, оның 4812-сі жұмысшы мамандықтары екенін жеткізді. 2025 жылға арналған болжамды сұраныс 2488 бірлікті құраса, оның ішінде 1609 жұмысшыға деген қажеттілік бар.

Сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін оқу ұзақтығы 6 айға дейінгі әртүрлі мамандықтарды қамтитын қысқа мерзімді кәсіптік даярлау бағдарламалары көзделген. 2024 жылы 860 адам оқытылды, оның 732-сі жұмысқа орналастырылды. «Электронды еңбек биржасы» порталында кәсіптік оқыту бойынша 603 курс жарияланып, оның ішінде 271 курс тегін оқытылған. 2025 жылы 560 жұмыссыз бен 2220 адамды онлайн курстарда оқыту жоспарланып отыр.

Асхат Шахаров Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін жоғарылату үшін оқыту, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ кәсіптік білімді қолжетімді етуді қамтитын кешенді бағдарлама құрылатынын тағы да атап өтті. Жастарға олардың маңызы мен тартымдылығын көрсету үшін жұмысшы кәсіптерін насихаттауға бағытталған конкурстар, іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастыру жоспарда бар.

— Қоғамда еңбекқор маман идеясын белсенді насихаттау, жұмыс дағдыларын дамыту, түрлі салаларда білікті мамандар даярлау үшін жағдай жасау қажет. Біз білім беру мекемелерімен, кәсіпорындармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірге жұмысшы мамандықтарына көбірек жастарды тарту және бұл тек беделді ғана емес, сонымен қатар мансаптық өсу тұрғысынан перспективалы екенін көрсету үшін жұмыс істейміз. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсер ететініне сенімдімін,— деді облыс әкімі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button