
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісі барысында өңірдегі мал шаруашылығын дамыту және малды вакцинациялау мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев әкімге мал қыстату қорытындысы туралы мәлімдеді. Бұл кезде жем-шөптің жеткілікті қоры қамтамасыз етілген.
Бүгінгі таңда облыста ІҚМ саны – 605 мың бас, 1 224 мың бас – ұсақ мал, 362 мың бас – жылқы, 24 мың бас – түйе бар.
«Мемлекет өңірде мал шаруашылығын дамытуға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығындағы субсидиялардың көп бөлігі ет және сүт шаруашылығына жұмсалады. Соңғы үш жылда бұл салаға 29,0 млрд теңге субсидия бөлінді, ал 2024 жылы субсидия көлемі 5,6 млрд теңгені құрады. СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасына 10 млрд теңге, ал «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5% жеңілдікпен 4 млрд теңге несие бөлінді. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталады», – деді Асқар Жүсібалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, Жол картасына сәйкес алдағы екі жылда облыста құс шаруашылығы саласында, сүт фермаларын құру және кеңейту, бордақылау алаңдары мен репродукторлық шаруашылықтар құру, суармалы жерлерді игеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу бойынша 63,1 млрд теңге сомасына 50 жобаны іске асыру жоспарлануда. Биыл 16,5 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру көзделген. Ірі жобалардың қатарында – «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы аясында «АЙС» ЖШС сүт-тауарлы фермасын 800 басқа кеңейту және «KAZFELTEC» ЖШС жүн өңдеу цехі бар.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мал басын көбейту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және өңірде жаңа құс шаруашылығы кәсіпорындарын құруды тапсырды. Осы мақсатта аудандар бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар әзірленіп, одан әрі жұмыстар аудан әкімдерімен бірлесіп жүргізіледі», – деп нақтылады Жүсібалиев.
Өз кезегінде ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай облыста аса қауіпті мал аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін айтты.
2025 жылы аурудың 13 аса қауіпті түріне қарсы 10 млн дозадан астам вакцина енгізу жоспарланған. Республикалық қордан бөлінген вакциналар аудандарға тасымалданды және вакцинация белсенді жүргізілуде. Бруцеллезге 809 мыңнан астам ІҚМ және 1,3 млн бас ұсақ мал тексеріледі. Қан алу бойынша жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Ветеринариялық қызметтердің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін 2025 жылы 10 автомобиль, 2 инсинератор және 15 модульдік ветеринариялық пункт сатып алуға қаражат бөлінді.
Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі мал шаруашылығын одан әрі дамытудың маңыздылығын алға тартты.
«Аудан әкімдерімен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал жайылымы үшін қолайлы климаттық жағдайларды ескере отырып, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалардың санын арттыру қажет. Бұл саланың тұрақты өсуі үшін өте маңызды. Малдың қыстау кезеңі аяқталды, мал төлдеп жатыр.
Биылғы жылы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жас мал басының айтарлықтай өсуі күтілуде. Шаруа қожалықтары осы маңызды кезеңге дайындалып жатыр және сау төл болуы үшін олардың бастамаларын қолдауымыз қажет. Мал азығы базасын және малды ұстау жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек. Аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы өндірушілері осы процеске жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында біз қолдау шараларын, әсіресе инфрақұрылымды жақсарту мен механикаландыруды жалғастырамыз. Мал басын көбейтіп қана қоймай, оны сапалы өсіру және тиімді өндіру үшін қажетті жағдай жасау маңызды», – деді әкім.
А.ІЛИЯС.