Тасүйгендегі тынымсыз тірлік
Мал азығы
Қопасор —Жаңақоныс ауылдық округіне қарайтын шабындығы шүйгін, төрт түлікке жайлы мекен. Ауыл маңындағы шабындықтар шаруаларды ырзықсыз қалдырған емес. Биыл да бұл жер мал атаулының бүйірін бұлтитатындай дер шағында тұр екен.
Осы округтегі «Әділет» шаруа қожалығы 2000 жылдардың басында құрылған. Әу баста мал шаруашылығын ілгерілетуді мақсат еткен қожалық кейінгі кезде шөп шабу науқанына да үлкен әзірлікпен атсалысып жүр. Иелігінде 2500 гектар жері бар шаруаның малы қыс мезгілінде Тұз деп аталатын қыстақты қыстап, жазда Тасүйген жайлауын жайлайды.
—Шаруашылық тірлігіне отбасымызбен жұмыламыз. Қожалыққа әкем Достан Құдабаев төрағалық етеді. Қыстақ пен жаз жайлауымыздың арасы — 25 шақырым. Жер аяғы кеңісімен техникаларымыздың кем-кетігін жөндеп, осы шөп шабу науқанына дайындаламыз. Тиесілі шабындық жеріміздегі шығымға байланысты түзде жүріп шөп шабамыз. Қазірдің өзінде 2000 теңдей шөп әзірледік. Науқанды кезеңде 10 мың тең шөп әзірлеген кездеріміз болды. Өзімізден артылғанын жақын маңдағы шаруа қожалық қыстақтары мен Қопасор, Аққайтым ауылдары, теміржол бойындағы №63 бекетке апарып сатамыз. Бір тең шөптің бағасын биыл 700 теңгеге бағалап отырмыз. Шабындық басына өз көліктерімен келіп, тиеп алатындар бар. Еңбегімізді асырып, негізсіз шөп бағасын шарықтатқан кезіміз болмады, — дейді Әділет Әбілқайыров.
Қожалыққа есімі берілген Әділет 26 жаста, отбасындағы төрт баланың екіншісі, үйленген. Техника атаулының жай-күйін де жақсы біледі екен. Отын-суын таситын қожалық иелігіндегі байырғы «Т-40» маркалы трактордың шабындық басында жүрегі сағатша соғып, тыным таппауы «оның тілін білетін иесінің арқасы» дейді ауылдастары.
Әділет қазір Тасүйген шабындығында сол ескі тракторымен шөбін шауып, тайлауда. Осы қызу еңбек басына барған аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжановтың оған қойған алғашқы сауалдарының бірі — техникасын жаңарту жайы болды.
Алайда шаруа жігіттен: «Тілін білсең, қай техниканы да жүргізуге болады» деген ортақ жауап алдық. Трактордан бұрын, Әділетті алдындағы төрт түліктің басын көбейтіп, оларды асылдандыруға ниетті екенін әңгімесінен аңғардық. «Әділет» шаруа қожалығы осы кезге дейін «Даму» ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы шопан ата төлін алған, енді мүйізді ірі қара басын асылдандырғысы келеді.
Тасүйген шабындығындағы жүздесуде ауданның ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов шөпшілерге жұмыс барысында қауіпсіздік шарттарына ден қоюды, әсіресе өрттен сақ болуды тапсырды.
—Жалпы аудан бойынша шөптің түсімі өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Шаруашылықтар шөп шабу науқанына қызу кірісіп, қазіргі таңда ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық қыстақтарына шөп тасылуда. Осы науқанды кезеңге аудан бойынша 47 шөп бригадасы, 76 трактор, 47 тіркеме, 53 шөп шабатын, 36 шөп буатын арнайы техникалар жұмылдырылуда. Ал ауылшаруашылығы техникаларына келер болсақ, жергілікті шаруалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы жыл сайын 13-15 трактор алып отыр, шөп шабу барысында қолданылатын қажетті қосымша құрылғыларда жаңартылуда. Сондықтан техника алу жағынан, өзгеде мәселелеріңіз болса, біз әрдайым көмектесуге әзірміз,—деді бөлім басшысы М.Досжанов шабындық басындағы кездесуде.
Қазір Жаңақоныс ауылдық округі бойынша шабындықта 4 шөп шабу бригадасы жұмыс істеуде. Барлығы да биыл шабындықта шөп шығымы жақсы екенін айтады.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.