Мереке

Тілсіз жауды тойтаратын жігіттер

Теміржолшылар күні

Тамыз айының бірінші жексенбісі — теміржолшылар күні. Осы орайда Шалқарда ғасырдан астам тарихы қалыптасқан локомотив депосының жұмысымен таныстық. Жалпы, Шалқар қаласы тұрғындарының дені шойынжолдың бойында еңбек етіп, нәпақаларын айырып отыр.

Теміржол бойында қызмет ететін, оның қауіпсіздігін сақтайтын шағын кәсіпорынның қатарында «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының «Ақтөбе магистралды желі бөлімшесі» филиалы Шалқар стансасының №36 өрт сөндіру пойызы бар.

Мереке қарсаңында өрт сөндіру пойызы мекемесіне бас сұқтық. Жұмыс барысымен таныстырған пойыз бастығы Серікқали Тұрмағамбет басты мақсаттары өрт қауіпсіздігін сақтау, оның алдын алу екендігін айтты.

Біз Шалқар-Сексеуіл, ШалқарЖем және ШалқарТассай стансалары аралықтарын бақылауда ұстаймыз, яғни сол жерлерде өрт болмауының алдын аламыз. Шалқар стансасының басында тілсіз жау орын алса,  өрт сөндіру пойызы сақадай сай тұр. Бірден дабыл қағылып, санаулы минуттарда өрт орын алған жерге аттанып кетеміз. Пойызда үш вагон бар: бір сусорғысы вагоны және 60-50 тонналық екі вагон цистерналар суға толып тұрады. Тассай стансасында өрт сөндіру пункті бар, онда арнайы жабдықталған «Зил-130» маркалы көлігі дайын тұрады, — дейді СерікқалиТұрмағамбет.

№36 Шалқар өрт сөндіру пойызы мекемесінде 16 адам еңбек етеді. Осы пойызға қарасты Тассай стансасы пунктінде 10 адам жұмыс істейді. Міндеттері — теміржол өрті мен дала өрттерінің алдын алу. «Теміржол бойындағы өрт түсінікті ғой, даланың өртін қалай сөндірмексіздер?» — деп сұрақ қойғанымызда, оның мәнісін былай түсіндірді: пойыздың теміржолды маңайлаған дала өрттерін сөндіруге қауқары бар екен. Пойыз цистерналарынан бір жарым шақырымға дейін жететін рукав (шланга) бар көрінеді. Сонымен су, көбік шашып, өрттерді сөндіруге болады екен.

Біз теміржолдың бойында оқыс оқиға болса, қалыпқа келтіру пойызымен бірге аттанамыз. Оқиға орын алған жерде ұшқын шығып, өрт болуы мүмкін. Өрт сөндіру пойызында 4 тоннадай көбік болады, соны шашып, яғни көбікпен көміп, өрттің алдын аламыз, — дейді пойыз бастығы.

Биыл өрт оқиғасы тіркелмеген. Былтыр Тоғыз стансасы жанында интернат өртеніп, ұзын шлангаларды қолданып өртті өшіріпті. Алдыңғы жылы Ұлпан стансасында 21 вагон аударылған. Ішінде бензин болғандықтан, ұшқыннан өрт шықпас үшін вагондарды көбікпен көмген.

Серікқали Бақытқалиұлы өрт сөндіру пойызындағы кадрлардың біліктілігіне аса мән берілетінін айтты. Жұмысқа тұрмас бұрын Ақтөбе қаласында 40 сағаттық оқу-жаттығу курсынан өтіп, куәлік алады. Жұмыс барысында да тоқсан сайын біліктілік сабақтары және айына төрт рет оқу-жаттығу өткізілетін көрінеді. Сондай-ақ жоғарғы басшылықтың жоспарына сәйкес ауданда теміржол мекемелерінің қатысуымен оқу-жаттығу өткізіліп тұрады.

Пойыз бастығының айтуы бойынша, 2022 жылға дейін Шалқар өрт сөндіру пойызы профилактикалық жұмыстармен де айналысқан. Ал 2022 жылдан бастап тек өрттің алдын алу, оны сөндірумен ғана айналысатын болыпты. Профилактика жұмыстары облыс орталығында  жүргізілетін болып шешілген.

С.Тұрмағамбет мереке қарсаңында өрт сөндірушілердің мінсіз жұмыстарын атап өтті.

Төрт ауысыммен жұмыс істейтін жігіттер өз міндеттерін талапқа сай орындайды, қай уақытта да төтенше жағдай бола қалса сақадай сай тұрады, —  деді ол. Араларында Еркін Талипов, Арманбек Бодықов, Бақытжан Құлмұратов, Сағымбай Құдабаев сынды үздік мамандар да бар екен.

Серікқали Бақытқалиұлы өрт сөндіру пойызына ертіп барып, оның жұмыс істеу тәсілдерімен таныстырды. Қызылмен бояп тастаған үш тіркеме вагон құрамы тұр. Оның екеуі — цистерна вагон. Вагон ішінде  өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған. Вагонның кіреберісінде жылыту қазандығы бар. Оның бір кереметі — қыс мезгілінде екі цистернадағы 110 тонна суды, ортасындағы вагонды жылу құбыры арқылы қыздырып тұрады екен. Әрине, ол үшін үзбей от жағылады. Яғни үш вагоннан тұратын құрама әрдайым жып-жылы болуы керек. Дабыл соққан жағдайда осы вагонның арнайы купелеріне мініп, бірден аттанып кетуге толық жағдай жасалыпты. Вагонда жататын жер, асхана, демалатын, техникалық сабақ өткізілетін, жан-жақпен хабарласатын кезекшінің бөлмелері, әжетхана бар. Вагон ішінде бір тонна көбік салынған төртбұрышты бөшке қойылыпты. Оған қолданар кезде су қосып, көбейтеді.  Бұған қоса  су айдайтын екі мотор дайын тұр. Арнайы жасалған ашылмалы шкафтарда өрт сөндірушілердің киімдері, бір жарым шақырымға дейін су жеткізетін рукавтар дайын тұр. Ол жерден үш сатылы баспалдақты да көзіміз шалды. Алып жүруге жеңіл мотопомпалар да бар екен, оны су айдау үшін керек деп түсіндірді. Және жарық беретін үлкен прожектор (световая башня) да дайын тұр. Ол түнде төтенше жағдай орын алғанда жан-жаққа жарық беру үшін қолданылады.

Вагондарды аралау кезінде өрт сөндірушілермен де тілдестік. Оларды  теміржолшылар күнімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледік.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button