Мерекелік керуен
Жаңа жыл
31 желтоқсан күні қалалық мәдениет сарайы және жастар ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен Жаңа жыл мерекесіне орай «Жаңа жыл, жаңа қадам, жаңа бақыт» атты мерекелік керуені өтті.
Жаңа жыл мерекесін ақтөбеліктер керемет қарсы алды. Себебі бұл күні қаланың бірқатар жеріне ән-думанмен барған керуеншілер көпшілікті ерекше көңіл күйге бөледі.
«Әлия» сауда үйіне барған керуен сатушылармен, қала тұрғындары және қонақтарымен би биледі, Аяз ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлерінің киімін киген жастар ән-күйден шашу шашып, сыйлықтар үлестірді.
Бұл күні керуеншілердің бір тобы 11.00-15.00 аралығында «Алтай»,«Табыс» базарына, «Анвар», «Дина» гипермаркеттеріне, «Далида» және «Шығыс» сауда орындары мен Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайына да барды.
Мәдени іс-шараға Сазды және Қурайлы мәдениет үйінің өнерпаздары да қатысты. Көрісіп, құшақтасып, жылы лебізін арнаған керуеншілердің бұл ісіне тұрғындар да риза болды. Себет толы жаңажылдық сыйлықтардан дәм татқан қала тұрғындары, саудагерлер оларға алғысын білдіріп, естелікке суретке түсті.
А.АЛТЫБАЕВА.