Спорт

Жеңістен үміт бар

Олимпиаданың алғашқы күндерінде ең сәтті өнер көрсеткен қазақстандық команда — ұлттық дзюдошылар құрамасы болды.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, қазақ дзюдошысы Елдос Сметов (60 кг) Олимпиада чемпионы атанса, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) қола медаль жеңіп алды.

Бесінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Олимпиада есебінде 1 алтын, 2 қола жүлдемен 16-орынды иеленді. Қытай, Франция және Жапония командалары үздік үштікке енді. Бірінші орында тұрған Қытайдың еншісінде басқа жүлделерінен бөлек, 9 алтын медаль бар. Екінші орынға шыққан алаң қожайынынан ол осы алтын санымен озып тұр.

Жарыстың 3-5 күндері аралығында, яғни шілденің соңғы үш күнінде қазақстандық спортшылар бірде-бір жүлде иелене алмады.

Алғашқы алтыннан кейін…

Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиадада дзюдо күресі бойынша жарыстар 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жоспарланған. Дзюдошылар ерлер мен әйелдер арасында жеті-жетіден, барлығы 14 салмақ дәрежесі бойынша Олимпиада жүлделеріне таласады. Сонымен қоса, 15-ші медаль жиынтығы да сарапқа салынбақ: Олимпиада аясында дзюдодан аралас командалық жарысөтеді.

Жапон күресі — дзюдо Олимпиада бағдарламасына ең алғаш 1964 жылы енгізілген. Биылғы Париж Ойындарына 112 елдің дзюдошылары, барлығы 372 спортшы қатысып жатыр. Жолдамалар санын 10-ға жеткізген және одан асырған елдердің саны — 10. Оның ішінде Жапония мен Франция ғана Олимпиадаға барлық 14 салмақ дәрежесі бойынша, яғни ерлер де, әйелдер де толық құраммен келді.

Жарыстардың жартысы өткен төртінші күннің қорытындысында, Қазақстан құрамасы осы спорт түрі бойынша медаль кестесінде бір алтын, бір қола медальмен 2-орын иеленді. 1-орындағы Жапонияның еншісінде 3 алтын, 3 қола медаль бар. Тағы бір мықты құрама — Франция дзюдошылары да 6 жүлде алғанымен, алтыны жоқтықтан 7-орында қалды.

Төрт күн ішінде 8 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде 6 елдің спортшыларына алтын бұйырды. Қазақстан мен Жапониядан бөлек, Өзбекстан мен Әзірбайжанның, сонымен бірге Канада мен Словенияның дзюдошылары жеңімпаз атанды.

Алғашқы төрт күнде Қазақстан атынан 6 дзюдошы жарысқа қатысты. Өкінішке қарай, Елдос пен Ғұсманнан басқасы жүлдеге қол жеткізе алмады. Жеңілген төрт дзюдошының ішінде Әбиба Әбужақынова (48 кг) ғана ширек финалға дейін жетті. Ол алғашқы айналымдарда Израиль мен Тайбэйдің дзюдошыларын жеңді. Ал ширек финалда испан қызы Лаура Маритинестен жеңіліп қалғанымен, ережеге сай, жұбаныш белдесуінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Жұбаныш белдесуінде парагвайлық спортшы ГабриэльНарваэсті қапы қалдырды. Осыдан кейін Әбиба Олимпиададан жүлдемен оралады деген үміт қайта оянған. Алайда қола медаль үшін болған күресте ол швед дзюдошысы Тара Бабулфаттан басым түсе алмады.

Сөйтіп,5-орынды қанағат тұтты.

Парижге «дзюдо спортынан Олимпиада жүлдесін алған бірінші қазақ қызы боламын, содан кейін мансабымды аяқтаймын» — деген жоспармен аттанған Әбиба жекелей сында бұл мақсатына жете алмады. Енді ол командалық сында бақ сынайды.

Ал ерлер құрамасынан жарысқа шыққан Данияр Шамшаев (73 кг) пен Абылайхан Жұбаназар (81 кг) бірінші айналымда жеңілді. 63 кг салмақ дәрежесіндегі дзюдошы қызымыз Есмигүл Құйылова да бірінші айналымда австриялық Лубьяна Пиовесанадан ұтылды. Бұған дейін ол Азия Ойындарында, Азия чемпионатында қола медаль алған болатын. Өткен жылы жарақатына байланысты көптеген лицензиялық турнирден тыс қалып, Олимпиадаға тікелей жолдама ала алмаса да, халықаралық дзюдо федерациясының қосымша жолдамасына ие болған еді. Есмигүлдің жасы — 22-де. Келесі Олимпиадада бақ сынауға мүмкіндігі бар.

Біздің құрама 90 кг салмақ дәрежесі бойынша жолдамаға ие бола алмағандықтан, жарыстың бесінші күнінде Қазақстан атынан дзюдошы шыққан жоқ. Сондай-ақ +100 кг салмақ дәрежесінде де біздің дзюдошылар Парижге жолдама ала алмады. Бұл күні дзюдо күресі бойынша Олимпиаданың жүлделер кестесіндегі 2-орнынан біздің елімізді Грузия ысырып, 3-орынға түсірді. Грузияның 1 алтын, 1 күміс жүлдесі бар.

Ал кеше 100 кг салмақ дәрежесінде Нұрлыхан Шархан өнер көрсетті.Алғашқы айналымда ол бельгиялық Том Никифоровтан басым түскенімен, келесі белдесуде өзбек балуаны Музафарбек Турабековтен жеңілді.

Қазақ дзюдошыларының арасынан жекелей сында соңғы болып бүгін Кәмила Берліқаш (+78 кг) жарыс дүбіріне қосылады. Ал командалық жарыс ертең, 3 тамызда өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы қарсыласы — Бразилия командасы. Париж Олимпиадасындағы жекелей сындарда олар әзірге 1 күміс, 1 қола медаль алған.

Айта кетсек, қазақ дзюдошыларының еншісіндеқазір, жалпыесептегенде, Олимпиаданың6 жүлдесі бар. 2008 жылы Пекин Олимпиадасында Асхат Жіткеев күміс медаль алды. Бұл  дзюдошыларымыздың Олимпиада ойындарындағы ең алғашқы жүлдесі еді. Елдос Сметовтің бір өзі Олимпиадаларда үш медаль алды: Рио-де-Жанейро Олимпиадасында — күміс; Токиода — қола және Парижде алтын жүлде иеленді. Сонымен қатар Рио Олимпиадасына Қазақстан атынан қатысқан моңғол қызы Отгонцэцег Галбадрах пен Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанды.

Тұңғыш қазақ қызы

Париж Олимпиадасында семсерлесу спортынан тұңғыш рет қазақ қызы өнер көрсетті. Әйгерім Сарыбай алғашқы айналымда Алжир спортшысы Яайма Бенодоуданы 15-9 есебімен сенімді түрде жеңді. Алайда келесі айналымда екі мәрте Олимпиада жүлдегері, алаң иесі Манон Апити-Брюнеге тап келді. Бұл жекпе-жек, өкінішке қарай, 15-12 есебімен француз семсершісінің пайдасына шешілді. Дегенмен мамандар семсерлесу спортынан Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызының әрі алаң иесі, әрі бұрыннан жетістігі көп, тәжірибелі Манон Апити-Брюнемен тең дәрежеде өнер көрсеткенін атап өтті.

Қазақстандық семсерлесуші қыздар 2012 жылдан бері Олимпиадаға жолдама ала алмаған. Сол жылы Лондон Олимпиадасына Юлия Живица қатысып, алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалған болатын.

Әйгерім Сарыбай семсерлесу спортымен 13 жасынан бері айналысады. Оған дейін волейбол секциясына барған. 2019, 2021, 2022 жылдары командалық сайыста Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды, одан бұрын 2018 жылғы Азия ойындарында да командалық сайыста қола жүлдеге ие болған.Ол биылғы сәуірде БАӘ-де өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, Олимпиада жолдамасын қоса иеленген еді.

Семсерлесу спортынан Париж Олимпиадасына ерлер құрамасынан 3 спортшы барды. Үшеуі де сапы жаттығуы бойынша өнер көрсетті. Өкінішке қарай, жекелей сындарда олар еш нәтижеге жете алмады. Ең ілгері кеткені — әлем чемпионатының қола жүлдегері Руслан Құрбанов болды. Ол екінші айналымда алаң қожайыны, Токио Олимпиадасының чемпионы, екі мәрте әлем чемпионы Ромен Каннонды жеңіп, үлкен сенсациямен ширек финалға дейін жеткен еді. Алайда ширек финалда жапон семсершісі Коки Канодан жеңілді.

Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов және Вадим Шарлаимов сынды спортшыларымыздан құралған ерлер құрамасы бүгін командалық сайысқа қатысады. Оларға сәттілік тілейміз. Жекелей сындардағы сәтсіздіктерге қарамастан, бұл әлемдік рейтингте 4-орында тұрған команда екенін ұмытпайық. Бар күштерін салып, ел үмітін ақтайды деп ойлаймыз.

Теннисшілер түгел жеңілді

Қазақстан атынан Париж Олимпиадасына қатысқан теннисшілердің бірде-бірі екінші айналымға өтпеді. Тіпті Елена Рыбакина мен Юлия Путинцова Олимпиадада өнер көрсетуге шыққан да жоқ. Әлемдік рейтингте 4-орында тұрған Елена Рыбакина жеребе арқылы қарсыластары анықталғаннан кейін, өзінің жедел бронхит ауруына шалдыққанын, дәрігерлердің жарысқа қатысуға тыйым салып отырғанын айтса, Юлия Путинцова аяғында жарақат барына шағымданды. Жеме-жемге келгенде екеуі де денсаулығы жарамайтынын, ел атынан жарысқа түсе алмайтынын айтты.

Ерлерден Париж Олимпиадасына Александр Бублик пен Александр Шевченко, сондай-ақ Бубликпен бірге жұптық жарысқа шығуға Александр Недовесов жолдама алған болатын. Үш Александр Парижде өнер көрсетуден бас тартпағанымен, бірде-бір сет те ұтпастан, алғашқы айналымдарда-ақ жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кетейік, Ресей мен Украинадан келген легионер теннисшілеріміздің арасында өткен Токио Олимпиадасында датек Елена Рыбакина ғана ықыласпен өнер көрсетіп, 4-орын алған еді.

Егер өткен Олимпиадаға жолдама алғандардың қатарында Зарина Дияс болса, биылғы жолдама иегерлері арасында бірде-бір отандық теннисші болған жоқ. Сондықтан жанкүйерлер тарапынан теннисті легионерлер арқылы көтереміз деген федерация саясатына да көп сын айтылды.Осыған байланысты БАҚ-тарға берген сұхбатында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев елімізде бұл спорт түрін дамыту тек соңғы 20 жыл ішінде ғана қолға алынғанын, сондықтанӘмір Омарханов, Дамир Жалғасбай, Даниал Рахматуллаев, Заңғар Нұрланұлы, Асылжан Арыстанбекова, Полина Слепцова, Ева Корышева сынды жақсы жетістігімен көрініп жүрген жастарымыздың ересектер арасындағы сындарға да қатысып, Олимпиада жолдамасына ие болуы үшін әлі ең кем дегенде 3-4 жыл уақыт керек екенін атап өтті.

Тағы бір атап өтетін жайт: мысалы, бокс, күрес, т.б. көптеген спорт түрлерінде Олимпиада чемпионы атану спортшы үшін ең жоғары жетістік, ең жоғары мақсат саналса, үлкен теннисте мүлде олай емес. Бұл спорт түрі Олимпиада бағдарламасына бір қосылып, бір шығып қалып жүріп, тек 1984 жылдан бастап қана тұрақты түрде енгізілген. Теннисшілер үшін ең басты көрсеткіш — әлемдік рейтинг. Мысалы, қазір Елена РыбакинаныңWTA (Әйелдер теннис ассоциациясы)рейтингінде 4-орында тұрғанын айттық. Салыстырар болсаңыз, Жібек Құламбаева — 441-ші, ал Зарина Дияс — 649-орында.

Рейтинг АТР (Кәсіби теннисшілер ассоциациясы) мен WTA-ның беделді жарыстарының қорытындысы бойынша түзіледі. Халықаралық Олимпиада комитетінің құзырындағы жазғы Олимпиада ондай жарыстардың қатарына кірмейді. Олимпиадада теннисші чемпион атанған күнде де, бұл оның рейтингіне еш әсер етпейді. Сондықтан тек елінің абыройына қайткенде атсалысамын дейтін асқан патриоттары ғана болмаса, рейтингтегі орнын ойлаған теннисшілердің көпшілігі Олимпиададан бас тартады. Осы спорт түрі дамыған елдердің жанкүйерлері үшін бұл тіпті үйреншікті жайт десек те болады.

Париж Олимпиадасында үстел теннисінен ұлттық құраманың көшбасшысы Кирилл Герасименко да өнер көрсетті. Ол алғашқы айналымда чилилік спортшы Николас Бургосты 4-0 есебімен оңай жеңді. Одан кейін германиялық Цю Данды ұтты. Есеп — 4-3. Ал үшінші жолы египеттік Омар Ассардан 4-2 есебіменжеңіліп, ширек финалға жете алмады. Алайда Кириллдің өзі үшін бұл ілгерілеу болып саналады. Өйткені ол бұған дейін де екі Олимпиадаға қатысып, үшінші айналымға дейін жете алмаған болатын.

Екатерина жарысты аяқтады

Естеріңізге салсақ, бұл Олимпиадаға біздің облыстың атынан 3 спортшы жолдама алған еді:еркін күрес шеберлері Мейрамбек Қартбай (57 кг) мен Юсуп Батырмырзаев (125 кг) және триатлоншы Екатерина Шабалина.

Олардың арасынан бірінші болып 31 шілдеде Екатерина Шабалина жарыс жолына шықты.

Триатлон — жүзу, велосипед тебу және жүгіру сынды үш жарысты біріктіретін спорт түрі.Парижде жекелей сында бұл спорт түрінен 110 спортшы (55 ер, 55 әйел) өнер көрсетті. 55 әйел спортшының ішінде Екатерина алғашқы жүзу жарысында ең соңғы болып келіп, ал велосипед тебу кезеңін тіпті соңына дейін жеткізе алмай, қатардан шығып қалды.

БАҚ-тарға берген сұхбатында өзінің айтуынша, алғашқы жарыста ол басынан бірнеше рет соққы алып, есеңгіреп қалған кезінде өзен суын жұтып қойған. Жарысты өткізу үшін Сена өзені таңдалған еді. Ал бұл өзеннің ластығы жөнінде соңғы күндері бүкіл әлем елдерінің БАҚ-тары «жарыса» жазып шыққанын ескерсек, спортшының «бірден жүрегім айни бастады» дегеніне еш таңдануға болмайды. Басынан соққыны неліктен және қалай алғаны әзірге белгісіз.

Сайыстың келесі бөлігінде спортшы өзін ауыр сезініп, бірінші айналымнан кейін жарысты тоқтатып, дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Ресейлік триатлоншы Екатерина Шабалина Қазақстан азаматтығын 2019 жылы алған.

Боксшылар қатары селдіреді

Парижге Қазақстаннан ерлер құрамасынан — 7, әйелдер құрамасынан — 3, барлығы 10 боксшы барған еді. Өкінішке қарай, олардың төртеуі жарысты алғашқы айналымнан аяқтады. Нақтырақ айтсақ, ерлер арасынан қазіргі әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов (71 кг) алғашқы жекпе-жегінде иорданиялық Зейяд Ишаиштен жеңілсе, одан кейін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев испан боксшысы Айюб Гадфа Дриссиден ұтылды.

Ал 31 шілдеде Махмұд Сабырхан (57 кг) да тағы бір испаниялық боксшы Хосе Кильес Бротонстан жеңіліс тапты. Махмұдтың жеңілісі жөнінде сан түрлі пікір айтылып жатыр. Ол — 54 кг салмақ дәрежесінде қазіргі әлем чемпионы,үміт күткен жастарымыздың бірі. Олимпиадада өз салмақ дәрежесі жоқ болғандықтан, Махмұд жоғарырақ салмақ дәрежесіне көтерілген еді. Көптеген мамандар, соның ішінде шетелдік сарапшылар да салмақ алмастырудың оңай болмайтынын айтып, Махмұдтың да жаңа салмақта өз деңгейінде өнер көрсететіне күдік келтірген еді. Сол күдік расқа шығып отыр. Екінші жағынан, кейбір мамандардың пікірі бойынша, төрешілерден де кінә бар. Алдыңғы екі раундта олар испан боксшысына бүйрегі бұрып, әділетсіз шешім шығарған. Қалай болғанда, бір талантты боксшымыз бұл Олимпиадада жүлдеден құр қалды.

Сонымен бірге қыздар арасынан Валентина Хальзова (75 кг) бірінші айналымда панамалық Атейло Байлоннан 4-1 есебімен жеңілді.

Сөйтіп, ширек финалдық жарыстарға ерлер құрамасынан Сәкен Бибосынов (51 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Нұрбек және Айбек Оралбайлар (80 және 91 кг салмақ дәрежелері) ғана шықты.

Қыздар арасынан Назым Қызайбай (50 кг) алғашқы жекпе-жегінде Джордана Соррентиноны жеңді. Екінші жекпе-жегін ол кеше өткізді. Ал Олимпиадаға жолдама алған үшінші қазақстандық боксшы қыз Карина Ибрагимова шаршы алаңға бүгін шығады.

 Әлі бір мүмкіндігі бар

Спорттық гимнастикадан қазақстандық екі спортшы финалға жолдама алған болатын: Милад Карими — көпсайыстан және еркін жаттығудан; ал Нариман Құрбанов ат снарядынан жүлдеге таласуға лайық гимнасттар қатарына ілікті.

З1 шілдеде ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан көпсайыс бойынша ақтық сын өтті. Оған іріктеуде үздік шыққан 24 спортшы қатысты. Милад Карими, өкінішке қарай,  ең соңғы — 24-орында қалды. Милад барлығы 76.065 ұпай жинады. Ол өзінің көпсайыстан мықты емес екенін бұрын да айтатын, дегенмен финалда ең болмаса аз күн бұрынғы іріктеу сындарындағы көрсеткішін (82.065 ұпай) жақсартар деп үміттенген едік. Бірақ бұл жолы спортшымыз үш бірдей жаттығуда, соның ішінде өзі ең жақсы өнер көрсетіп жүрген еркін жаттығу кезінде де қате жіберіп, тіпті құлап қалды.

Енді Милад 3 тамыз күні еркін жаттығу бойынша өтетін ақтық сында жүлдеге таласамын деп отыр. Осы күні Нариман да ат снаряды бойынша финалға қатысып, бақ сынайды.

Біз спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button