Мәдениет

Қазанғаптың күйлері

Өткен жұма күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазанғап Тілепбергенұлының 150 жылдығына арналған «Күй тәңірі – Қазанғап» атты тарихи-танымдық кеш өтті.

Кешке Қазанғап күйлерін жалғастырушы Жайлау Асылханов, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің және №32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының оқушылары, А.Жұбанов атындағы музыка және Ақтөбе кооперативтік колледжінің студенттері қатысты.

– Жас ұрпаққа Қазанғап өнерін, өмірі мен шығармашылығын насихаттау барысында арнайы кездесу кешін ұйымдастырдық. Кеш аясында күйші туралы және оның ізін жалғастырушы майталман домбырашылар туралы әңгімелер айтылды. Дерекке жүгінсек, Қазанғап 1854 жылы Арал теңізінің батыс жағалауындағы Құланды түбегіне жақын Ақбауыр құмында дүниеге келген. Ол жастайынан ән-күйге құмар, зерек болыпты. Қазанғап – «Ақжелең» деп аталатын күйлердің негізін салушы. Бұл күйдің бірнеше түрі бар, – дейді кіші ғылыми қызметкер Айсұлу Тұралиева.

Кеш барысында оқушылар мен студенттер күйшінің көптеген күйлерін орындады. Ал қазанғаптанушы күйші Жайлау Асылханов күйшінің өмір жолына тоқталып, күйлердің шығу тарихымен таныстырды. Сонымен қатар ол жас күйшілермен бірге жұртшылыққа Қазанғаптың күйлерін орындап берді.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button