Хромтау ауданының ауылында көптен күткен медициналық пункт халық игілігіне берілді
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Хромтау ауданы Тасөткел ауылында медициналық пункт ашылды.
Жаңа нысан тәулігіне 30 адам қабылдауға қауқарлы. Мұнда ауыл тұрғындары профилактикалық скрининг, иммундаудан өтіп, анализдер тапсыруға, сондай-ақ күндізгі стационарда дәрігерге қаралуға болады. Созылмалы аурулары бар науқастарға тегін дәрі-дәрмек беру пункті бар.
Қазіргі заманғы медициналық пункт препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен жабдықталған, анализ түтікшелерін тасымалдауға, жедел жәрдем көрсетуге арналған арнайы бокстармен қамтылған.
Айта кетейік, бұған дейін медпункт ауылдық әкімдік ғимаратында орналасқан еді және ауыл тұрғындары бұл типтік ғимаратты 30 жылға жуық күтті.
Хромтау ауданы Тасөткел ауылында 420 адам тұрады. Гипертония, қант диабетіменауыратын науқастар, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
Тағы бір айта кететін жайт, жобаның жалпы сомасы 80 млн теңге. Медициналық пункттің құрылысынан басқа, мердігер ғимараттың аумағын абаттандырып, қоршаулар орнатты.
2024 жылы Ақтөбе облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Д.АЙДАР.