Ауыл

Көптоғай көркейіп келеді

Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылдық округі жыл артқан сайын көркейіп келеді. Қазір мұнда халыққа қажет әлеуметтік нысандардың барлығы бар. Ауылға ауызсу да, интернет де келіп тұр. Ендігі керегі — көгілдір отын мен жол…

Газ құбыры қашан тартылады?

Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаевты 2021 жылы тамыз айында ауыл халқы өздері сайлаған. Сайланғанына үш жылға жуықтаған ол қазір туған жерінің өркендеп, өсуіне өз үлесін қосып жүр. Осыған дейін Ойыл ауданындағы бірнеше мектепті басқарып, абыройлы қызмет істеген ол ұзақ жылдар жинаған тәжірибесін қазіргі жұмысында жемісті еңбек етуге жұмсап келеді.

— Келер жылы ауылымызда тағы да әкімдер сайлауы өтеді. Оған дейін өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ел игілігіне еңбек етсем деген тілегім бар.

Қазір Көптоғай ауылдық округі жыл артқан сайын көркейіп, дамып келеді. Бүгінде округке қарасты Көптоғай, Қарасу, Амангелді, Шұбарши ауылдарында жалпы саны 2100 адам тұрады. Округте екі орта мектеп, екі негізгі мектеп, бір балабақша, үш шағын орталық, төрт дәрігерлік амбулатория, төрт клуб және саябақтар бар. Аталған ауылдарда жалпы саны 60 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Округ бойынша қазір 7800 ірі қара, 3500 жылқы, 32 мың қой бар. Елді мекендер ауызсумен, жарықпен, интернетпен толық қамтылған. Биыл Көптоғай мен Амангелді ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес келер жылы екі елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр, — дейді округ әкімі.

Ауылдық округтің орталығы — Көптоғай елді мекенінде бүгінде 150-ге жуық түтін бар. Онда шамамен 825 адам тұрады. Бұл ауылдың төрт көшесіне асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылған. Былтыр ауылда жаңа әкімдік ғимараты бой көтерсе, 2022 жылы дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілген. Білім беру мекемелерінің барлығы күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ мұнда тұрғындардың демалуына арналған саябақ,  балалар ойын алаңы және футбол алаңы салынған. Жалпы ауылда тұрғындарға барлық жағдай жасалған.

Қазіргі таңда ауылдағы басты мәселе — көгілдір отын мен жол. Елді мекендерге газ келсе, ауыл халқы от жағу, отын тасу сияқты бейнеттен құтылар еді. Сондай-ақ Ойыл мен Көптоғайдың арасына асфальт төселсе, тұрғындар қазіргідей жол азабын тартпайды. Өкінішке қарай, бүгінде ауылдар арасындағы жолдың жағдайы нашар. Көлік жүргізушілері сағаттап жүруге мәжбүр. Біз бұл мәселені биылауданымызға келген облыстық мәслихат депутаттарына айттық. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Ауылда газдың жоқтығынан, жолдың нашарлығынан жастар тұрақтамайды. Бүгінде ауыл жастарының дені қалада тұрады. Соңғы екі жылда ғана жастар ауылда кәсіп ашуға ниет білдіріп, шаруа жасап жатыр. Оған «Ауыл аманаты» жобасының қосқан үлесі зор.

Былтыр елді мекендерде осы бағдарлама аясындатұрғындар жаңа кәсіп ашып, құс, бау-бақша шаруашылықтарын қолға алды. Округ бойынша 35 жоба мақұлданды. Ал биыл округтен ұсынылған 17 жобаның 15-і мақұлданып, тұрғындар мал өсіру, мал бордақылауға несие алып жатыр. Сонымен қатар соңғы 4-5 жыл ішінде ауылымызда кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны көбейді, — дейді Ерлан Асылбаев.

Оның айтуынша, бүгінде округке қарасты 4 елді мекенде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6-7 адам құс шаруашылығын қолға алса, бірнеше кәсіпкер бау-бақша, картоп өсіріп жатыр. Бұдан бөлек шағын бизнеспен айналысып жатқандар да бар.

Жалпы, көптоғайлықтардың мал бағып, еңбек етуге деген ынтасы зор. Жастар жағы болмаса, орта жастағы ауыл азаматтарының мал, құс шаруашылығын дамытып, аудан экономикасын көтеруде қосып жатқан үлесі орасан.

— Көптоғай ауылының халқы — еңбекқор, ұйымшыл. Кәсіпкерлері де белсенді. Биыл көктемдегі су тасқыны кезінде Амангелді ауылындағы ұзындығы екі шақырым болатын дамба мен Көптоғай ауылындағы ұзындығы 3,5 шақырым болатын дамбаны қол күшімен, сондай-ақ шаруа қожалықтары техникаларының көмегімен судан қорғап қалдық. Дамбалардан ауылдарға су жайылмауы үшін бөгеу жұмыстарын жүргізіп,оған 10 мыңнан астам қап құм қойдық. Жалпы бөгеу жұмыстарына 200-ге жуық адам, 3 техника жұмылдырылды. Былтыр ауылымызға тау жақтан келген еріген қар суы кіріп, біраз көшеге жайылған еді. Биыл көшелерге аздап су кірді, дегенмен үйлердің ауласына жайылған жоқ. Қазір қар суынан қорғану үшін округімізде су өткізгіштер салынып жатыр. Сондай-ақ Қызылжар су өткізгіші де нығайтылуда. Бұған мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді, — дейді ауыл әкімі.

Биылғы су тасқыны кезінде көптоғайлықтар өз ауылын ғана судан қорғап қалған жоқ, көрші Екпетал, Қаратал елді мекендерінебригада жіберіп, қол көмек берді. Округтегі бюджеттік ұйымдар бір күндік жалақысын аударса, ауыл кәсіпкерлері техникаларын жіберіп, қолдау көрсетті. Мұның бәрі ауыл халқының ұйымшылдығын көрсетеді.

Ауылға шаштараз керек…

 Бүгінде Көптоғай ауылында жеке кәсіп ашып, ел игілігіне қызмет етіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі — Әлібек Өмірғалиев. Ол 2002 жылдан бері шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Бастапқыда шағын азық-түлік дүкенін ашып, содан табыс таба бастаған ауыл тұрғыны қазір жеке кәсібін дамытып отыр. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын дүкенін кеңейтіп, орнына шағын маркет ашқан. Қазір Көптоғай ауылының халқы мұнда келіп, керек-жарағын  сатып ала алады. Шағын маркетте азық-түліктің барлық түрі, тұрмыстық заттар мен үйге қажетті бұйымдар сатылады. Мұнда келген тұтынушылар қоларбаға қажетін салып алып, кейін кассада есеп айырылысады.

— Екі жыл бұрын шағын маркеттің жанынан шаштараз ашқан едік. Қазір бұл кәсібіміз жүрмей тұр. Оған басты себеп — маманның жоқтығы. Ауылда жастар аз, ал шаштараз мамандығын оқыған адам жоқ. Нысан барлық құрал-жабдықпен, жиһаздармен қамтылған. Әзірге маман іздеп жатырмыз. Көрші ауылдардан біздің елді мекенге көшіп келіп, жұмыс істегісі келетіндер болса,қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ қазір ауылымызға малшы, сауыншы, жұмысшы қажет, — дейді кәсіпкер.

Әлібек Өмірғалиев 2022 жылы ауылдан наубайхана да ашқан. Қазір мұнда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Наубайханада таба нан, қара нанның бірнеше түрі, тоқаш, бөлке нан сатылады. Мәселен, таба нанның бағасы 200 теңге тұрады.

Кәсіпкердің айтуынша, ауылда көпбалалы отбасылар аз. Сондықтан шағын отбасылардың барлығы нан өнімдерін наубайханадан сатып алады. Бір ерекшелігі, наубайхана тек жоғары сұрыпты ұнды пайдаланады.

Осыған дейін көп бейнет көрдік. Ауылда бизнесті дамыту оңай шаруа емес. Шағын дүкеннен бастаған кәсібіміз қазір жыл артып дамып келеді. Бір өкініштісі, елді мекенде жұмысшы тапшы. Қазір ауылда жұмыс істегісі келетіндердің қатары азайып барады. Тіпті сиыр саумай, сүтті дүкеннен сатып алатын отбасылар бар.

Бүгінде ауылда отбасылық бизнеспен қатар, мал шаруашылығын да дамытып отырмыз. Шаруашылығымызда ірі қара, қой, жылқы бар. Қазір сүт өнімдерін өндіру үшін қожалығымызға сауыншы, сондай-ақ жұмысшы керек. Елді мекенде жұмыссыз отырғанадамдар болғанымен, ешқайсысы мал бағып жүргісі келмейді. Қазір келіншегім Қарлыға екеуміз мал шаруашылығын да, сауда саласын да қатар дамытып келеміз. Отбасында үш бала тәрбиелеп, өсірдік. Бүгінде олардан немере сүйіп, ата-әже атанып отырмыз, — дейді Әлібек Өмірғалиев.

 

Бағдарлама жемісі

Көптоғай ауылының тұрғыны Қарлығаш Зейноллаева алты жылдан бері шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Былтыр ол «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мемлекеттен 4,5 млн теңге несие алған. Бұл қаржыға тоңазытқыш, мұздатқыш, сепаратор, еттартқыш, т.б. ет, сүт өнімдерін өңдеуге, сақтауға қажетті аппараттар сатып алған. Қазір ол ауылда жеке кәсібін дамытып, тұрғындарға жартылай дайын және сүт өнімдерін ұсынып отыр.

— Көптоғай ауылында ата-енем бұрын тойхана ашқан. Қазір осы тойхананың ғимаратында тұрғындардың сұранысына ие фаст-фуд тағамдарын әзірлеп, сатамын. Олардың қатарында донер, чикен, гриль, тағы басқа тез дайындалатын тағамдар бар. Сондай-ақ биыл тойхана ғимаратының бір бөлігінен қымызхана аштық. Қазір мұнда келушілердің саны көп. Жалпы, кәсібіміз жақсы дамып келеді. «Ауыл аманаты» жобасының арқасында бизнесімізді кеңейтіп жатырмыз, — дейді Қарлығаш Зейноллаева.

Кәсіпкер жолдасы Қанат бауырларымен бірге шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп жатқанын айтады. Бүгінде шаруашылық ірі қарамен қатар, жылқы, қой санын көбейтуге басты назар аударып отыр. Себебі малдың бейнетінен қашпаған адам түбі төрт түліктің санын көбейтіп, табысын арттыратыны сөзсіз.

Кейіпкеріміз қазір отбасында үйдің тірлігі мен бизнесті, сондай-ақ ұстаздық қызметті қатар алып жүр. Көпшіл, пысық, ісі өнімді келіншек күндіз мектепте жұмыс істесе, кешқұрым ауыл тұрғындарына дәмді тағамдар әзірлейді.

Ауылдағы мектепте педагог-ассистент болып қызмет атқаратын ол балаларға сапалы білім мен тәрбие беруге өз үлесін қосуда. Өзі отбасында екі бала тәрбиелеп отыр.

— Мен ешқашан қиындықтан қашпаймын. Қашанда өзім ұнатқан іспен айналысқанды жақсы көремін. Ас әзірлеу, дәмді тағамдар дайындау — менің сүйікті ісім. Үйде де күн сайын ерекше тағамдар әзірлеймін. Тек бір мәселе — ауылымызда газ жоқ. Егер көгілдір отын келсе, қазіргі бейнетіміз азаяр еді. Бүгінде ауыл әйелдерінің барлығы от жағып, күл шығарады. Бұл біздің көп уақытымызды алады. Оның орнына білімімді арттырып, жеке кәсібімізді дамытсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ аудан орталығы мен Көптоғай ауылы арасындағы жолға асфальт төселсе деген тілегіміз бар. Жолдың нашарлығынан қазір ауылымызға алыпсатарлар келмейді. Көлігі жоқ біз сияқты кәсіпкерлер үшін алыпсатарлардың қызметі керек-ақ. Бүгінде кәсібімізге керек азық-түлік түрлері мен тұрмыстық заттарды Ақтөбе қаласынан таксимен тасып отырмыз, — дейді ауыл кәсіпкері.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button